Өзбекстан президенті Ислам Каримов Өзбекстан мемлекеттік телеарнасына берген сұқбатында: «Біз АҚШ пен Өзбекстан арасындағы байланыстарды жоғары бағалаймыз. Біз өзара ынтымақтастығымыздың маңызы мен дамуын зор қанағат тұтамыз», – деді.
Сонымен қоса президенттің баспасөз қызметі таратқан хабарламада екі елдің арасындағы жақын байланыстар туралы және энергетика, жеңіл өнеркәсіп пен көлік қатынасына қатысты ондаған бірлескен жобалар жайында айтылған.
Бірақ президент Каримовтың бұл оптимизміне қарамастан, сарапшылар оны басқаша бағалайды. Олар Ташкенттің өз келешегі мен Вашингтон және басқа да елдермен қарым-қатынасына келгенде айқын бағыты болмай отыр дейді. Сарапшылардың айтуынша, Өзбекстанның мұндай ұстанымы Ауғанстан мен осы аймақтағы тұрақтылықты орнатуға кері салдарын тигізуі мүмкін.
ТАШКЕНТ ДИПЛОМАТИЯСЫ
«Чатам Хаустың» Орталық Азия және Оңтүстік Кавказ бойынша зерттеушісі Джеймс Никси былай дейді:
«Өзбекстанмен араласу қиын, тіпті ең негізгі мәселелер бойынша қарым-қатынас жасаудың өзі түрлі қиындықтарға тіреліп, сіз не істеу керектігін білмей дағдарасыз. Егер олардың Батысқа қатысты айқын саясаты болмаса, Батыстың да оларға қатысты нақты саясат ұстануы қиын».
Ташкентпен дипломатиялық қарым-қатынастар ешқашан оңай болған емес.
Вашингтон Өзбекстан билігін 2005 жылы Әндіжандағы үкіметке қарсы шерушілерге оқ атқаны үшін сынағанда, өзбек үкіметі өз жеріндегі Американың әскери базасының шығуын талап етіп, оларды кетірді.
Өзбекстан үкіметінің сыртқы саясаты құбылып отырады: біресе Батыспен байланысы жақсы болып, кейін Ресей мен Қытайға қарай бұрылды. Одан соң олармен де жақсы тіл табысып кетпеді.
Өзбекстан «Солтүстік тасымалдау жолына» қатысу арқылы НАТО-ның Ауғанстанға жүк таситын жолында үлкен рөл атқарды. АҚШ билігінің өкілдері «Солтүстік тасымалдау жолындағы» заттардың 90 пайызы Өзбекстан арқылы өтіп жатыр деп бұл жолдың маңыздылығына тоқталған.
Бірақ Вашингтон мен Ташкент арасындағы байланысқа түскен сызат сол күйінде қала берген.
Өзбекстан астанасына барған сапарында АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон Каримовты елдегі демократиялық еркіндікті жақсарту жолында берген уәделерін орындауға шақырды. Онда Клинтон ханым өзбек президентін елдегі адам құқықтары мен бостандықтары шынымен қорғалып жатқанын көрсететін бірқатар қадамдар жасау арқылы өз міндеттемесін орындауға үндеген.
Сарапшылардың айтуынша, адам құқықтары, сыртқы саясат және де тіпті елдің экономикалық даму жағдайларына Өзбекстан мән бермей отыр.
«Соғыс және бейбітшілік институтының» бас сарапшысы Джон Маклеудтің пікірінше, өзбек үкіметінде жоспарлау немесе болжағыштықтың болмауы алаңдаушылық тудырады. «Өйткені Өзбекстанның маңындағы әлем өзгеріп жатыр емес пе. Өзбек билігі алдағы 10 жылға дейінгі келешегін қалай көреді? Оған жауап, олар бұл туралы шынымен ойланып отырған жоқ. Мәселе – сонда», – дейді бұл сарапшы..
Джон Маклеуд Өзбекстан үкіметі мен мемлекеттік ақпарат құралдары әрбір нәрсені дәл қазіргідей керемет етіп көрсеткісі келеді дейді.
«Өзбек халқы өздеріне айтып жатқан үкіметтің насихаттарына сонша сене бермейді, бірақ оның бәрін үнсіз қабылдайды. Олар «сіздер білесіздер, жағдай сондай жақсы емес, бірақ басқа жақтағыдан гөрі жақсырақ, біз оны реттеп аламыз» деп айтуы мүмкін», – дейді сарапшы.
Алайда шындығына келгенде, Өзбекстандағы жағдай өзгеріп, жақсарып жатыр деп айту қиын.
КӨРШІЛЕРМЕН САЯСАТ
Өзбекстан мұнай мен газға ие ел. Алайда осынша байлық 28 миллион халықтың қажеттілігіне жауап беретіндей деңгейге жетуге азшылық етеді. Мақтадан басқа Өзбекстанның сыртқа шығаратын аздаған тауары бар. Өзбекстанның өзіне инвесторлар да көп келіп жатқан жоқ.
Ресми Ташкент аймақтық ұйымдарға ұмтылмайды және көршілес Орталық Азия елдерімен қатынасы да жетісіп тұрған жоқ. Өзбекстанның халықаралық одақтассы да жоқ. Президент Каримов пен оның үкіметінің экономиканы күшейтетін әлеуметтік реформалар немесе инфрақұрылымды жақсартып, коммуникацияны дамытатындай қандай да бір жоспары да жоқ.
Осының салдарынан Өзбекстан көршілерімен салыстырғанда, қарама-қайшы күйде қалып отыр.
Мәселен, Қырғызстан мен Тәжікстан энергетикалық тәуелсіздік жолындағы өз мақсаттарына жету үшін бірлесе әрекет етіп жатыр. Қырғызстан Қамбар ата су электр стансасының алғақшы бірлігінің жұмысын бастаса, Тәжікстан Сангтуда-2 су электр стансасының құрылысын бастау үшін Вахш өзенін уақытша кедергі орнатты.
Көршілес екі елдегі бұл жобалар жүзеге асырылған жағдайда, алдағы бірер жылда көптеген жұмыс орындары ашылып, халықтың біраз әлеуметтік мәселелері реттеліп, жағдайы жақсаруына мүмкіндік тумақ.
Бұл тұста мұнай мен газ қоры мол Қазақстан мен Түркіменстан энергия ресурстары арқылы ірі қалалар тұрғызып, инфрақұрылымын дамытып, елге шетелдік инвесторларды тартып, батыс пен шығыстағы байланыстарын жақсартып жатыр.
Өзбекстан болса, Орталық Азия мемлекеттері ішінде оқшауланып қалып отыр дейді сарапшы Никси.