Accessibility links

Гүлнара Каримованың "қоқан-лоқы тәсілдері"


Ташкентте Өзбекстан Тәуелсіздік күні мерекесінде отырған Гүлнара Каримова. 2012 жылдың тамызы.
Ташкентте Өзбекстан Тәуелсіздік күні мерекесінде отырған Гүлнара Каримова. 2012 жылдың тамызы.

Швецияда жүріп жатқан Өзбекстандағы парақорлық ісіне қатысты тергеуде Өзбекстанның бұрынғы президенті марқұм Ислам Каримовтің үлкен қызының маңайындағыларды қалай қинағаны, қандай әдістермен ақша жинағаны айтылады.

Өзбекстанның қайтыс болған бұрынғы президенті Ислам Каримовтің үлкен қызы Гүлнара Каримова үйқамаққа алынып, ел назарынан кеткен үш жылдың ішінде бірнеше елдің журналистері мен құқық қорғау органдары оның өрлеуі мен құлдырауы жайлы деректерді жариялап келеді.

Дегенмен оның ірі телекоммуникация операторына бақылау орнату тәсілі, осыған байланысты жүріп жатқан қылмыстық істің жай-жапсары осы кезге дейін толық жарияланбаған.

Жақында Азаттықтың қолына түскен сот құжаттарынан оның көптеген миллиард доллар тұратын істе адамдарды қалай қорқытқанын байқауға болады. Оның осы әрекетінің кесірінен халықаралық жемқорлық бойынша тергеу басталып, Каримова ел алдындағы абырой-беделінен айырылған еді.

Бұл мәліметтер бұрын TeliaSonera деп аталған скандинавиялық телекоммуникация компаниясының бұрынғы басшыларының жемқорлық ісіне қатысты швед прокурорлары жинаған құжаттардан алынды.

Құжаттардың арасында Гүлнара Каримованың бизнестегі жақын серіктерінің бірі, Өзбекстанның ең ірі телекоммуникация компаниясы – «Уздунорбитаның» бұрынғы атқарушы директоры Бехзод Ахмедовтің 2012 жылғы қыркүйекте жазған аффидевиті (жазбаша куәгерлік хаты) да бар.

Куәгерлік хатында Ахмедов «президенттің қызы мен оның көмекшілері Каримованың қоры өткізетін шараға жүздеген мың доллар тауып бер» деп өзіне және жақындарына тікелей және жанама түрде қоқан-лоқы жасады дейді. Олар тіпті «сенің меншігіңдегі әр тиын маған тиесілі» деп, мұны өз үйін сатуға мәжбүр еткен.

Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримовтің үлкен қызы Гүлнара Каримовамен түскен суреті.
Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримовтің үлкен қызы Гүлнара Каримовамен түскен суреті.

Бұл хат АҚШ-тың жұртқа жария болып кеткен ноталарының бірінде «Өзбекстандағы жұрт ең жек көретін адам» деп сипатталған Каримованың «бизнес жасау» әдіс-тәсілдерінен біршама хабар береді.

Ахмедов алғашқы 17 беттік аффедавитін Ресей ішкі істер министрлігінің ұйымдасқан қылмыспен күрес тобының тергеушісіне 2012 жылы Мәскеуде адвокатымен бірге тапсырған. Ол осы хатты тапсырардан үш ай бұрын Өзбекстаннан кетіп қалған еді.

Өзінің айтуынша, Ахмедов Каримованың қаупі күшейіп, «өзінің және отбасы мүшелерінің өмірі мен денсаулығына қатер төнгендіктен», 2012 жылдың маусым айында туған елінен қашып кетуге мәжбүр болғанын айтады.

Ахмедов әлі де Мәскеуде тұрып жатқан болуы мүмкін. Азаттық радиосының тілшісі оны табуға тырысып көрген еді, бұдан нәтиже шықпады.

Совет Одағы тарап жатқан кезде америкалық инвесторлар құрған «Уздунорбита» компаниясын 2002 жылдан бері Гүлнара Каримова үшінші компаниялар арқылы бақылап келген.

Ахмедов Каримованың сіңлімен университетте бірге оқыған. Оларды 2001 жылы жолықтырған да сол екен. Гүлнара мұны Ташкенттегі Levi’s джинсы дүкенінде әріптес болуға шақырады.

Өзінің айтуынша, ол 2001 жылы Өзбекстанда жаңа лицензия алуды ойлап жүрген «Уздунорбитаның» америкалық инвесторларын Гүлнара Каримовамен кездестіреді. Каримова компанияның 20 пайыз акциясын өзіне бермесе, оларға проблема тудыратынын айтып қорқытады. Соңында екі жақ жаңа бір ортақ компания ашады.

2011 жылғы желтоқсанда «Уздунорбитаның» бас директоры қызметін атқаратын Бехзод Ахмедовқа Өзбекстанның салық комитеті мен прокурорлардан «заңдарды бұзғаны үшін» тергеу бастағаны туралы ескерту келеді. Сол жылғы наурызда компанияның Өзбекстан бюджетіне 1,5 миллион доллар қарыз екендігі туралы ескерту келеді.

Ахмедовтің айтуынша, 2012 жылғы ақпанда оған Каримованың жақын серігі Гаяне Авакян хабарласып, Каримоваға «Уздонорбитаның» 2007-2011 жылдардағы 15 миллион доллар көлеміндегі жарнама шығындарын өтеп беруді талап етеді.

Ахмедов аффидевитінде «Каримованың ақша төлеу жөніндегі талабына ештеңе демедім, бірақ Гаяне Авакянның «ақшаны қашан бересің?» деген сұрағына «мәселені шешуді ойластырып жатырмын» деп жауап бердім» жазады.

Сол айдың соңында Авакян Ахмедовке «отбасыңның барлық мүшелерін аңдып отырмыз, елден кетуші болма» деп ескертеді. Өзінің айтуынша, Каримова оны әкесінің шамамен 1 миллион доллар болатын үйін сатуға мәжбүрлеген. «Болмаса түрмеге қамаймын» деп қорқытқан.

Әкесінің үйін сатқаннан түскен 1,16 миллион доллар ақшаны Каримоваға бірнеше бөліп төлегеннен соң Ахмедов әке-шешесімен және қарындастарымен бірге бір пәтерге көшеді.

Оның айтуынша, Авакян Ахмедовтен Мәскеуде тұратын бала-шағасының мекен-жайын беруді талап еткен, артынша Каримованың Франциядағы Канн фестивалі аясында өткізілетін шарасында 250 мың доллар қаражат қосуды талап еткен. Бехзод Ахмедов сұраған ақшаны таныстарынан қарызға алып, төрт күннің ішінде Каримоваға берген.

Ахмедовтің жазуына сенсек, Каримова көбіне Авакян арқылы талап қойып отырған, тек екі рет қана ол президенттің қызымен телефон арқылы өзі сөйлескен. Ақша табуды талап еткен ол «қорқытып, боқтап сөйледі» дейді Ахмедов.

Саған тиесілі әрбір доллар – менікі.

2012 жылғы мамырда Каримова одан әйел-баласын Ташкентке қайтаруды және қарыздарын қайтару үшін Мәскеудегі пәтерін сатуды талап еткен. Телефонына жіберген хабарламада Каримова «саған тиесілі әрбір доллар – менікі» деп жазған.

Маусым айында «Уздунорбитаның» басшылығынан кету туралы өтініш жазған оған Каримова тағы да «міндеттеріңді тезірек орындасаң ғана қош айтысамыз» деген мазмұнда хабарлама жіберген.

Арада бес күн өткен соң ол Ташкенттен қашып кетеді. Екі айдан соң «Уздунорбита» мен Ресейдің «МТС» компаниялары елде жұмыс істеу құқығынан айырылады.

2014 жылы АҚШ тергеу органдары «Уздунорбитада» акциялары болған «МТС», «Вымпелком» және Telia компанияларының үстінен жемқорлық ісі бойынша тергеу бастады. Екі жыл өткен соң «МТС» «Уздунорбитадағы» акцияларын сатып, елден кетті. Ал «Вымпелком» АҚШ пен Нидерландыда жүріп жатқан парақорлық ісі бойынша 800 мың доллар айыппұл төлеуге келісті. Telia компаниясы да Өзбекстанда пара бергені үшін 1 миллион доллар айыппұл төлеуге мәжбүр болды. Тергеу органдарының мәліметтері бойынша, компания Каримованың Гибралтарда орналасқан компаниясына пара берген.

Қыркүйектің 22-сінде швед прокурорлары TeliaSonera компаниясының үш басшысына «Өзбекстанда мобильдік байланыс қызметіне лицензия алу үшін пара берген» деген айып тақты.

Ахмедовтың хатында көрсетілген фактілермен деректер Еуропа құқық қорғау органдарының, Өзбекстандағы азаматтық белсенділердің, журналистердің мәліметтерімен көбіне сәйкес келеді.

Ол маған құл сияқты қарады. Менің қажет кезде ақша беріп тұратын «сауын сиыры» болдым. Бірде ол мені туған күніне шақырып, дос ретінде қарады. Енді бірде ата-анамның шетелге шығуына тыйым салып, үйлерімді тартып алуға тырысты.

Швецияның және бөлек қылмыстық істі қарап жатқан Швейцарияның тергеушілері Ахмедовтің хатын айғақ ретінде қарастырып отыр.

2015 жылы Ахмедов Мәскеуде швейцариялық тергеушілердің сұрақтарына жауап берді.

Осы сұхбатта Ахмедов: «Ол маған құл сияқты қарады. Менің қажет кезде ақша беріп тұратын «сауын сиыры» болдым. Бірде ол мені туған күніне шақырып, дос ретінде қарады. Енді бірде ата-анамның шетелге шығуына тыйым салып, үйлерімді тартып алуға тырысты» деген.

Ақпарат құралдарының хабарлауынша, Гүлнара Каримова қазір сыртқы әлеммен байланыс үзіп, өзбек түрмесінде қамауда жатыр.

Майк Экелдің мақаласы ағылшын тілінен ықшамдап аударылды.

XS
SM
MD
LG