Биылғы наурыздың 22-і және 23-і күндері президент Шавкат Мирзияевтің Астанаға мемлекеттік сапары кезінде түсіріліп, Қазақстан президентінің akorda.kz ресми сайтында жарияланған фотосуреттерде Өзбекстан басшысының күйеубаласы Отабек Шаханов қайынатасының арт жағында тұр. Шаханов кеудесіне президенттің жеке күзетінің қызметкері бейджін іліп алған.
Азаттық журналисі Ержан Қарабеков әлгі фотосуреттерде Отабек Шахановтың Өзбекстан президентінің жеке күзетшісі жанында тұрғанына назар аударады. Оның сөзінше, ресми протоколға сәйкес, мемлекет басшысының артында әрдайым бірінші деңгейдегі жеке күзетшілері тұруы тиіс.
Centre1.com интернет басылымы жуырда Қазақстан астанасына барған Өзбекстан ресми делегациясы мүшелері тізімінде Отабек Шахановтың аты-жөні де жүр деп жазған еді. Бірақ Азаттықтың Өзбек қызметінде әлгі тізім жоқ.
Өзбекстан үкіметі отырысынан түсіріліп, биыл қаңтарда жергілікті телеарналарда көрсетілген видеохабарда залдағы шенеуніктердің арасында президенттің күйеубаласы Отабек Шахановқа қатты ұқсайтын жас жігіттің отырғаны көрінеді.
Үкіметтегі жоғары лауазымды тұлғалармен жақын араласатын өзбекстандық кәсіпкерлердің бірі Азаттыққа Отабек Шаханов қайынатасының алғашқы шетелдік сапары кезінде мемлекет басшысының жеке күзетшісі ретінде еріп барғанын аноним сипатында хабарлады. Азаттықтың Өзбек қызметі дереккөзінің сөзінше, президенттің жеке күзетшілер тобына Отабек Шахановты 2017 жылғы қаңтарда жұмысқа қабылдаған. Биыл қаңтарда Eltuz.com интернет басылымы Шавкат Мирзияев қауіпсіздік жүйесіне өзінің күйеубаласы Отабекті жұмысқа алды деп жазған болатын. Әлгі интернет-басылым дерегінше, Отабек Шаханов президент қауіпсіздігі қызмет бастығының бірінші орынбасары болып қаңтардың басында тағайындалған.
Ақпаратты Өзбекстан президенті әкімшілігіне жуық шенеунік те растады. Бірақ Шавкат Мирзияевтің кіші күйеубаласы Отабек Шахановтың президент күзетіне жоғары қызметке тағайындалғаны жайлы әзірше ресми ақпарат жоқ.
Азаттықтың Өзбек қызметінің бас редакторы Ной Такер Өзбекстан президентінің виртуалды қабылдау қызметіне әлгі ақпаратқа қатысты жазбаша түрде ресми сауал жолдаған еді. Бірақ наурыздың 17-сі күні бас редактордың сауалына сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі басшысы Қайыпбергеновтен «Өзбекстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі президенттің виртуалды қабылдау қызметіне жолдаған сауалыңызды қарап шығып, хатта келтірілген мәліметтер толық емес деп хабарлайды» деп қысқа қайырған жауап келді.
КӨРІНБЕЙТІН КҮЙЕУБАЛА
Президент Шавкат Мирзияевтің кіші күйеубаласы үкімет жиындарына қатысып, оның ресми сапарлары кезінде қайынатасы жанында еріп жүр, ал Өзбекстан президентінің үлкен күйеубаласы Ойбек Тұрсынов жайлы ақпарат өте аз. Ойбек Тұрсыновтың қайынатасымен бірге түскен фотосуреті Өзбекстанда президент сайлауы өткен 2016 жылғы желтоқсанның 4-і күні алғаш рет жарияланды.
Бірақ үкіметтегі жоғары лауазымды тұлғалармен жақын араласатын өзбекстандық кәсіпкердің Азаттыққа айтуынша, Мирзияевтің үлкен күйеубаласы Ойбек Тұрсынов Өзбекстан президенті әкімшілігі жетекшісі Зелимхан Хайдаровтың орынбасары болып тағайындалған.
– Екі күйеубаласы да күн сайын таңертең президентпен бірге жұмысқа кетіп, үйге онымен бірге қайтады. Біреуі мемлекет басшысының жеке күзет қызметі басшысының орынбасары, ал екіншісі президент істері басқармасы бастығының орынбасары болып тағайындалған, - деп хабарлайды өзбекстандық кәсіпкер.
Азаттыққа жоғары лауазымды тағы екі шенеунік растаған бұл ақпарат әзірше ресми жарияланған жоқ.
Азаттықтың бір-біріне қатысы жоқ әрі үкіметтегі жоғары лауазымды тұлғалармен жақын араласатын екі дереккөзінің айтуынша, Ойбек Тұрсынов қазір президент әкімшілігінің негізгі жетекшісі ретінде қызмет атқарып жүр.
«ЖОҒАРЫ ҚЫЗМЕТТЕГІ БАЖАЛАР» ЖАЙЛЫ РЕСМИ АҚПАРАТ ЖОҚ
Азаттық тілшісі сөйлескен өзбекстандық шенеуніктер мен журналистердің мәлімдеуінше, Шавкат Мирзияевтің күйеубалаларын жоғары қызметтерге тағайындауын жұрттың көбі біледі әрі қолдайды. Бірақ олар бұл мәселе жайлы айтқысы келмейді. Президент әкімшілігі басшысы Зелимхан Хайдаровпен жақсы таныс журналистің сөзінше, Шавкат Мирзияевтің күйеубалаларының жоғары қызметтерге тағайындалуына Өзбекстанда ешкім таңданбаған.
Өзбекстанның былтыр қыркүйектің 2-сі күні қайтыс болған марқұм президенті Ислам Каримовтің үлкен қызы Гүлнара Каримова кезінде сыртқы істер министрі орынбасары қызметін атқарған. Бұдан бөлек, Өзбекстанның бұрынғы өзге басшылары да жоғарғы қызметтерге өз отбасы мүшелерін тағайындаған. Мысалы, биыл елде 100 жылдығын атап өту жоспарланған Өзбек ССР-нің бұрынғы басшысы Шараф Рашидов күйеубаласы Абдулазиз Камиловты СССР қауіпсіздік жүйесі – КГБ-да қызметпен қамтамасыз еткен болатын.
ОТБАСЫЛЫҚ МЕРДІГЕРЛІК НЕМЕСЕ ЖАСЫРЫН «ДЕМОКРАТИЯ»
Әлемдік саясат күрт өзгеріп жатқан қазіргі кезде күйеубаласын жоғарғы қызметке тағайындау Өзбекстан сияқты шығыс еліне ғана тән «ерекше құбылыс» болмай шықты.
Соңғы күндері америкалық баспасөз 36 жастағы күйеубаласы Джаред Кушнерді бірнеше жоғары қызметке тағайындаған президент Дональд Трампты сынап жатыр.
Президент әкімшілігі мен адвокаттар Трамптың күйеубаласын қызметке тағайындау феддералдық заңдарға қайшы емес деп мәлімдейді. Бұл мәлімдемені АҚШ-тың әділет минситрлігі де растады.
Кушнер ертеректе жылжымайтын мүлік пен медиа саласында жұмыс істеген. Қазір ол - президенттің аға кеңесшісі ғана емес, Ақ үй жанынан жаңадан құрылған инновациялар басқармасының басшысы.
Басқарманың міндеттері – құрамында опиоидтар бар медициналық препараттар қолдану кесірінен есірткіге тәуелді болып қалған адамдардың проблемасы сияқты әлеуметтік мәселелерді шешу.
Алдыңғы аптада Ақ үй Дональд Трамптың 35 жастағы қызы Иванка Трамптың АҚШ президенті көмекшісі қызметіне тағайындалғанын хабарлады. Трамптың қызы бұған дейін кәсіпкерлік және дизайнмен айналысқан.
АҚШ президентінің туыстарын жоғары қызметктерге тағайындау оқиғалары АҚШ тарихында бірнеше рет болған. Бірақ 1960 жылдары Кеннеди әкімшілігі кеткеннен кейін шенеуніктерге тікелей туыстарын федералдық үкіметтегі әлдебір қызметтерге тағайындауына тыйым салатын «Анти-Непотизм» деген жаңа федералдық заң қабылданған. 2017 жылғы қаңтарда АҚШ-тың әділет министрлігі әлгі заң АҚШ президентінің кеңесшілеріне қатысты қолданбауы тиіс деген қаулы шығарды.
СОВЕТТІК МҰРА МА?
Совет үкіметі кезінде мемлекет басшыларының өз балаларын, құдалары мен күйеубалаларын жоғары қызметтерге тағайындауы барынша көп тараған құбылыс болған.
Мысалы, президент Эмомали Рахмонның жеті күйеубаласы Тәжікстан үкіметінде экономикалық және қаржылық жоғары қызметтерде отыр. Қазақстанда «бұрынғы күйеубала» Рахат Әлиев кезінде ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалған.
Рахат Әлиев 2000 жылдардың басында Қазақстандағы ықпалды саясаткерлердің бірі болды. Мамандығы дәрігер Рахат Әлиев 39 жасында ҰҚК төрағасының орынбасары, кейін президенттің күзет қызметі бастығының орынбасары болды. Ол 2002 жылы Қазақстанның Австриядағы елшісі атанды. Әлиев 2005 жылы Австриядан оралған соң Қазақстан сырты істер министрінің орынбасары болды. 2007 жылы ақпарат құралдары "Рахатгейт" деп атап кеткен шулы оқиғадан соң ол Венаға кетті.
2007 жылы көктемде Қазақстан ішкі істер министрлігі Рахат Әлиевке қатысты қылмыстық іс қозғады. Әлиевке "Нұрбанктің" екі топ-менеджерін (кейін олардың сүйегі табылды) ұрлады, қылмыстық топ құрды және басқарды деген айыптар тағылды. 2007 жылы мамырда Рахат Әлиевке халықаралық іздеу жарияланды. Сол жылы сот Рахат Әлиев пен Дариға Назарбаеваны ажырастыруға сырттай шешім шығарды.
Қазақстан билігі Австрияға Рахат Әлиевті экстрадициялау жайлы бірнеше рет сұраныс жіберіп, Вена оны беруден бас тартқан. Қазақстанда "Мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды" деген айыпқа да ілінген Рахат Әлиевтің ісі құпия. Оған 2013 жылы "2006 жылы оппозицияшыл саясаткер Алтынбек Сәрсенбаевты өлтіруді ұйымдастырды" деген айып тағылған.
2014 жылы Австрия құқық қорғау органдарына өз еркімен берілген ол сот отырысын күтіп қамауда жатқан еді. «Түрмедегілер ақша талап етті» деген шағымынан соң абақты басшылығы оны басқа камераға көшірген. Алайда 2015 жылғы ақпанның 24-інде Венадағы Йозефштадт түрмесінде асылып тұрған Рахат Әлиевтің денесі табылды.
2007 жылы Дариға Назарбаева саясат сахнасында көрінбей кеткен еді. 2012 жылы ол президенттік "Нұр Отан" партиясы тізімінде мәжіліс депутаты, сосын мәжіліс спикерінің орынбасары атанды. Мұнан соң үкімет басшысының орынбасары қызметіне тағайындалды. 2016 жылы қыркүйекте Дариға Назарбаева парламентке оралып, әкесінің жарлығымен сенат депутаты болып тағайындалды.
Назарбаевтың күйеубаласы, президенттің ортаншы қызы Динара Құлыбаеваның ері Тимур Құлыбаев Қазақстан кәсіпкерлерінің ұлттық «Атамекен» палатасын басқарады.
Назарбаевтың кенже қызы Әлия Назарбаеваның күйеуі Димаш Досанов былтыр мұнай тасымалдайтын «ҚазТрансОйл» компаниясының бас директоры болып тағайындалды.
Ресейдің марқұм президенті Борис Ельциннің қызы Татьяна да Иванка Трамп сияқты әкесінің ресми кеңесшісі болып жұмыс істеген. Ал күйеуі Борис Юмашев қайынатасының президенттігінің соңғы жылдары президент әкімшілігін басқарған.