Accessibility links

АҚШ «Гүлнараның миллиондарын» Өзбекстанға қайтара ма?


Өзбекстанның қайтыс болған президенті Ислам Каримовтің қызы Гүлнара Каримова.
Өзбекстанның қайтыс болған президенті Ислам Каримовтің қызы Гүлнара Каримова.

Орталық Азия аймағындағы мемлекетте ұзақ жылдар билік еткен қатал басшы дүние салған соң оның отбасының да дәурені өтті. Енді өзбек элитасы билікке таласып жатыр және сарапшылар айтқандай биліктегі бұл топтар жемқорлыққа батқан бұл елдің қаржысын өздері бақылағысы келеді.

Қыркүйек айының басында өмірден өткен, мемлекетті 30 жылға жуық басқарған Ислам Каримовтің отбасы мен туыстары жымқырған қомақты қаржының тағдыры не болады? Бұл қаражат әлемнің түкпір-түкпірінде сақтаулы жатыр.

АҚШ шенеуніктері «заңсыз жымқырылған» бұл ақшаның Өзбекстан дамуындағы маңызды кезеңде Вашингтон мен Ташкенттің қарым-қатынасын күрделендіріп тұрғанын айтады. Мұндай ақшаның автократтық режимнің қолына оралуына кедергі жасайтын жағдайлар да бар.

АҚШ ПЕН ӨЗБЕКСТАН АРАСЫН НАШАРЛАТҚАН АКТИВТЕР

Осы жылдың басында АҚШ әділет департаменті «600 миллион доллар шамасындағы ақшаның Каримовтің үлкен қызы Гүлнараның қатысуымен, парақорлық жолмен ұрланғанын» мәлімдеді. Гүлнара бұл ақшаны ірі халықаралық телекоммуникациялық компаниялардан алған.

Оқи отырыңыз: АҚШ соты Гүлнара Каримованың ісін уақытша тоқтатты

Содан бері АҚШ саясаткерлері өзбек шенеуніктерімен осы қаржыға қатысты жүйке жұқартатын келіссөздер жүргізіп келеді. АҚШ шенеуніктері ақшаны Өзбекстанға қайтаруға даяр, бірақ «оның қайда жұмсалғанын біліп отырайық» дейді. Өзбек билігі «өзімізге тиесілі ақша, оны қалай жұмсауды Вашингтон үйретпесін» деп наразы.

Барнард колледжі профессоры және Орталық Азия элиталары туралы жарияланған кітап авторларының бірі Александр Кули «Активтерді қайтару - АҚШ-Өзбекстан қатынастарындағы көпшілік біле бермейтін ірі дау. Бұл - екі тараптың байланысына ықпал ететін мәселе» дейді.

Александр Кули.
Александр Кули.

Каримовтің қазасы жағдайды одан әрі күрделендірді, «Оның мұрагері демократияны күшейтіп, заң үстемдігін арттыра ма?», «Өзбекстан сыртқы саясатында қандай бағыт ұстанады?» деген сауалдар туындады.

Вашингтон мен Ташкент қарым-қатынасы 2001 жылы қыркүйекте АҚШ-та болған терактіден соң нашарлады. АҚШ басшылық еткен халықаралық коалиция НАТО және басқа да әскери ұйымдардың «Әл-Қаида» мен Ауғанстандағы «Талибан» содырларын талқандауына қажетті жолдарды іздеді.

Вашингтон халықаралық терроризм мен әсіредіншіл топтарды құртуға Өзбекстанның көмектескенін құптады. Мұндай радикал топтар Өзбекстаннан да табылды.

Құқық қорғау ұйымдары азаматтық қоғам белсенділері мен кейбір діндарларға Каримов әкімшілігінің қатыгездік көрсетуін осы байланыстармен түсіндіреді. 2005 жылы Өзбекстанның шығысындағы Әндіжанда билік шерушілерді аяусыз қырғанда АҚШ пен көптеген Батыс елдері Ташкенттен теріс айналды.

Ислам Каримовтің отбасымен түскен суреті. Солдан оңға қарай: Ислам Каримовтің кенже қызы Лола, әйелі Татьяна, өзі, жиені (Гүлнара Каримованың ұлы) және үлкен қызы Гүлнара.
Ислам Каримовтің отбасымен түскен суреті. Солдан оңға қарай: Ислам Каримовтің кенже қызы Лола, әйелі Татьяна, өзі, жиені (Гүлнара Каримованың ұлы) және үлкен қызы Гүлнара.

Ал Ресей болса постсоветтік мемлекет Өзбекстанды сауда және қауіпсіздік саласындағы ежелгі әріптесі санайды. Вашингтон активтерді қайтару арқылы Өзбекстан билігін реформа жасауға мәжбүрлесе де, Ташкентті өзінен алшақтатып алмауы керек.

Эксетер университетінің оқытушысы, Халықаралық дағдарыс тобының ОА бойынша зерттеушісі болған Дэвид Льюис «АҚШ Ташкенттің жаңа билігімен жаңа кезең бастағысы келеді, жаңа өзбек басшысымен жақсы қарым-қатынас орнату қаржыға қатысты келіссөзге ықпал етуі мүмкін» дейді.

«АҚША ҚАЙТАДАН ЖЕМҚОРЛАР ҚАЛТАСЫНА ТҮСЕДІ»

АҚШ әділет департаменті тәркілеген Каримоваға қатысты қаржы - қомақты қаражат. Департамент оны «Ұрланған активтерді қайтару жөніндегі бастама» (Kleptocracy Asset Recovery Initiative) бағдарламасын қалпына келтіру үшін жарнамалап отыр. Аталған бағдарлама әлемдегі сыбайлас жемқорлықпен келген қаржыны анықтап, заңсыз активтерді отанына қайтаруға арналған.

Оқи отырыңыз: Каримов қызының Еуропада қалған ақшасын қайтарып алуға ниетті

Бұл іспен жақсы таныс Батыстағы кеңесшінің айтуынша, Каримовтің көзі тірісінде өзбектермен келіссөз жүргізу «өте қиын» болған. Келіссөз туралы білетін өзбек шенеунігі Вашингтонға кеткен делегацияның «өте нашар көңіл-күймен оралғанын» айтады. «Ақшаны қайтарып алу туралы еш үміт, нәтиже болмады» деді шенеунік Азаттыққа.

АҚШ үкіметі мен әділет департаменті өкілдері Азаттыққа келіссөз туралы айтудан бас тартты. Тәуелсіз белсенділер мен Каримовті сынаушылар елге оралған қаржыны үкімет бақыламайтын салаға – экономикалық даму, адам құқығы немесе азаматтық қоғамды дамытуға жұмсау керек деседі.

Солдан оңға қарай: Өзбекстан премьер-министрі Шавкат Мирзияев пен Ресей президенті Владимир Путин Ислам Каримовтің бейітінің басында тұр. Өзбекстан, Самарқан, 6 қыркүйек 2016 жыл.
Солдан оңға қарай: Өзбекстан премьер-министрі Шавкат Мирзияев пен Ресей президенті Владимир Путин Ислам Каримовтің бейітінің басында тұр. Өзбекстан, Самарқан, 6 қыркүйек 2016 жыл.

Кейбір бақылаушылар Өзбекстан президенті міндетін атқарушы Шавкат Мирзияевтің Гүлнара Каримоваға қатысты дауда есімі аталған коммуникация министрлігінің бұрынғы шенеунігін қайтадан қызметке алғанын ескертеді. Өзбекстан үкіметінің жасырын іс-әрекеті мен билікке таласқан кландарды ескерсек, елге қайтқан ақшаның әділетті жұмсалуына күмән туады.

2009 жылы Орталық Азиядағы қарулы күштер рөлі туралы кітап жазған Вашингтон Ұлттық қорғаныс университеті профессоры Эрика Марат«Егер Каримовтің отбасынан алынған ақша қайтарылса, ол қандай да бір инвестиция, қайырымдылық ұйымдары немесе қоғамдық ұйымның жұмысына жұмсалмайды. Бұл әшейін үміт қана. Ол қаржы қайтадан биліктегілердің қалтасына түседі» дейді.

Майк Эккельдің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG