Рустам Мадумаровты Гүлнара Каримованың азаматтық некедегі ері әрі бизнестегі серіктесі деп атайды. Ал Takilant оффшорлық компаниясының иесі Гаяне Авакян (немесе Авакиян) Каримованың қомақты бизнесіндегі ең жақын сенімді өкілі болған.
Мадумаров пен Авакян Каримованың тағы бір қызметкері Екатерина Клюевамен бірге Ташкентте биыл ақпанда тұтқындалған. Оларға қатысты салық төлеуден қашқан және шетелдік валютаны заңсыз иеленген деген күдікпен тергеу жүргізілген.
Өзбекстан президенті қызының жақын серіктестері сотталды деген хабар ресми расталмаған. Олар жасады деген қылмыстарға қатысты нақты мәліметтер де жоқ. Бірақ Азаттықтың Өзбек қызметінің Ташкенттегі дерек көзінің мәліметінше, Рустам Мадумаровты қауіпсіздік күштерінің қызметкерлерімен бірге соттаған. Оларға адамдарды ұрлап, елден бағалы заттарды заңсыз алып шыққан деген айып тағылған.
Өткен жылдан бері қоғамдық өмірден жым-жылас жоғалған Гүлнара Каримованың өзінің де Швеция мен Швейцарияда ақша ізін жасыру және сыбайлас жемқорлық ісі бойынша тергеу жүргізілген ірі шулы істерге қатысы бар.
Рустам Мадумаров пен Гаяне Авакян бұл іс бойынша да айыпталған. Өзбекстанда Каримоваға тиесілі деп саналатын бірнеше бұқаралық ақпарат құралы жұмысын тоқтатқан. Ал Гүлнара Каримованың өзі үйқамақта отыр делінеді.