Өзбекстан астанасында басталған жиынға Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше алты елдің – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Ресей мен Қытайдың өкілдері қатысып жатыр. 2001 жылы құрылған бұл ұйым осы елдердің тұрақтылығы пен қауіпсіздігін, экономикалық ынтымақтастығын, ғылыми және мәдени байланыстырын дамытуды мақсат етеді.
Азаттық тілшісі ШЫҰ-ның Ташкент саммиті қарсаңында Қазақстанның тұңғыш президенті қоры жанындағы әлем экономикасы мен саясаты институтының сарапшысы Жұмабек Сарабековпен сұхбаттасып, бұл жолғы жиынның несімен ерекше екенін сұрады.
Азаттық: – Ташкент саммиті ШЫҰ елдері басшылары жыл сайынғы кездесуінің бірі ме әлде биылғы жиын өзгеше бола ма?
Жұмабек Сарабеков: – Біріншіден, бұл саммит ШЫҰ-ның 15 жылдығына сай келді. Екіншіден, осы саммитте ұйымға Үндістан мен Пәкістанның қосылатыны туралы меморандумға қол қойылуы мүмкін. Үшіншіден, өткен жылы Уфа саммитінде ШЫҰ-ның 2025 жылға дейін даму стратегиясы қабылданған еді. Ал Ташкент саммитінде осы стратегияны 2016-2020 жылға дейін жүзеге асыру жоспарына қол қойылады деп отыр.
ШЫҰ-ға 10 жыл толғанда Астанада өткен саммитте 2001-2016 жылдарға арналған есірткіге қарсы күрес стратегиясы бекітіліп, оны жүзеге асыру бағдарламасы қабылданған. Яғни бұл даталы жылда да елеулі құжаттар қабылдануы мүмкін. Оның үстіне дәл қазір саммитте қарастырылатын мәселе де көп. Ауғанстанда да жағдай тыныш емес. Ондағы оқиғалар аймақтағы террористік-экстремистік қауіп-қатердің көбеюіне әсер етеді. Осы тұрғыда мұны маңызды саммит деген дұрыс болар.
Азаттық: – Үндістан мен Пәкістанның қосылуы ШЫҰ-ға қалай ықпал етеді? Ол елдің қарым-қатынастарында қайшылықтар бар емес пе?
Жұмабек Сарабеков: – Үндістан да, Пәкістан да – ядролық қаруы бар мемлекеттер. Қытай мен Ресейде онсыз да бар. Ол екеуінің қосылғаны ШЫҰ-ның маңызын арттырады. Ядролық қару халықаралық қатынастарда маңызды аргумент екенін ешкім жоққа шығарған жоқ.
ШЫҰ-да шешім консенсус арқылы қабылданады. Бұл тұрғыдан ұйым мүшелері көбейген сайын тиімділігі, яғни шешім қабылдауы қиындай түсуі де мүмкін. Өйткені Үндістан мен Пәкістан арасында шешілмеген мәселелер бар. ШЫҰ мақсаттарының бірі – ұйым мүшелері арасында достық қатынас, әріптестікті дамыту. Бірақ ШЫҰ-ға кіргеннен кейін олардың қатынастары жақсарып кетпеуі мүмкін, дегенмен бұл ұйым шеңберінде диалог жүргізуге болады.
Бір қызығы, кезінде Пәкістанның ұйымға кіруін Қытай қолдады. Ресей «Пәкістан қабылданса Үндістанды да қабылдау керек» деді. Қытай ШЫҰ-ны экономикалық ұйым ретінде көргісі келсе, Ресей қауіпсіздік мәселесімен айналысатын ұйым ретінде қарағысы келеді. Яғни ұйым ішінде де геосаяси мүдделер қайшылығы күшті демесек те, ішкі есептер бар екені байқалады. Оның үстіне Пәкістан мен Үндістанның ШЫҰ-ға қосылуы Ауғанстан мәселесін шешуге ықпал етуі мүмкін. Себебі Пәкістанның Ауғанстанға ықпалы күшті.
Бұл екі мемлекеттің қосылуы ШЫҰ-ның ықпалын Оңтүстік-Шығыс Азияға дейін ұлғайтады. Бұрын «ШЫҰ – Қытай мен Ресейдің Орталық Азияны бірігіп басқаруға арналған ұйымы» деген пікірлер болатын. Пәкістан мен Үндістан қосылған соң басқа да көзқарастар айтылады және оны тыңдауға тура келеді. Мұны ұйым ішіндегі саяси диверсификация деуге де болатын шығар.
Азаттық: – Ауғанстан, Иран мен Моңғолия да ШЫҰ-ға бақылаушы мәртебесін алып отыр, ал Беларусь, Түркия мен Шри-Ланка – ұйымның диалог-серіктестері. Жуықта Қазақстан президенті Назарбаев осы елдердің бірі Иранның «ұйымға кіру кезегінде тұрғанын» айтты. Бұл мемлекеттердің кейбірі келешекте ШЫҰ-ға толық мүше болуы мүмкін бе?
Жұмабек Сарабеков: – ШЫҰ-ның барлық мемлекеттерді құрамына кіргізу деген мақсаты жоқ. Өйткені мүшесі көбейген сайын тиімділігі төмендей береді. Бастапқыда «Шанхай бестігі» ретінде құрылғанда шекара мәселесі бойынша нақты проблеманы шешу көзделген. Мәселен, 2013 жылдары «ұйымға Иранды да қосайық» деген ұсыныс болды. Бірақ ұйымға мемлекетпен бірге оның проблемалары да қоса кіреді. Қазір Иранның халықаралық қауымдастықтағы статусы өзгерді, жаңа мүмкіндіктері бар. Дегенмен ШЫҰ негізінен аймақтық негізде жұмыс істеуге күш салады.
Азаттық: – Орталық Азия республикаларының бірнешеуі Қытаймен тікелей шектеседі. ШЫҰ осы елдердің Қытаймен арадағы шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ете ала ма?
Жұмабек Сарабеков: – Біріншіден, ШЫҰ әскери одақ емес, ортақ басқарылатын әскери құрылымы жоқ. ШЫҰ мемлекеттердің ішкі мәселесіне араласпау саясатын ұстанады. Аймақтық терроризмге қарсы құрылымы негізінде мүше мемлекеттердің құқық қорғау органдары бір-бірімен ақпарат алмасады және бұл тарапты біршама нәтиже де бар. Терроризмге қарсы біріккен жаттығулар өткізеді. ШЫҰ – терроризмнің алдын алу, заңсыз есірткі айналымымен күресте жақсы құрал. Ол тек қауіпсіздік мәселесімен шектелмей, экономикалық байланыстарды дамытуды да көздейді. Мүше мемлекеттер банктері арасында қарым-қатынастарды арттыру бағдарламалары бар. Бұл да – Қазақстан үшін тиімді бағыт. ШЫҰ-мен байланысты тағы бір маңызды мәселе – «Жібек жолы» экономикалық белдеуі. Бұл – Қытай ұсынған өте ауқымды жоба. Бұл жоба да осы ШЫҰ арқылы жүзеге асуы мүмкін. Яғни ұйымның маңызы бұдан әрі де арта беруі мүмкін.
Азаттық: – Сұхбатыңызға рақмет.