Accessibility links

"Өте баяу. Бұл қарқынмен екпе салуға көп жыл керек". Қазақстандағы вакцина науқаны сынға ұшырады


Қарағанды фармкешенінде өндірілген "Sputnik V" вакцинасы. 9 ақпан 2021 жыл.
Қарағанды фармкешенінде өндірілген "Sputnik V" вакцинасы. 9 ақпан 2021 жыл.

Қазақстанда 1 ақпаннан 31 наурыз арасында 134 мыңнан аса адам вакцинаның бір дозасын, 38 мыңнан аса адам екінші дозаны алған. Министрлік екпе науқаны жоспар бойынша келе жатыр дегенімен бұл көрсеткіш Еуропа елдері, АҚШ, Израильден әлдеқайда төмен. Сарапшылар елде екпе өте баяу жүріп жатқанын сынаса, депутаттар бұған денсаулық сақтау министрі Алексей Цойды айыптады.

31 наурыздағы дерек бойынша, Қазақстанда 173 мыңнан аса адам ресейлік "Спутник V" екпесінің бір дозасын болса да алған. Екпе алдымен дәрігер, полицейлер, мұғалім сынды көпшілікпен жиі байланыста болатындарға салынды. Британиялық Lancet журналы "Спутник V" вакцинаның тиімділігі 90 пайыздан асады деп жариялаған еді.

Қазақстан екі айдай уақытта 173 мыңнан аса доза салғанда Италия, Германия бір күнде 120-150 мың адамға екпе егіп жатыр. Ал Ұлыбритания күніне орта есеппен 300 мың, АҚШ күніне бір миллионнан аса адамға екпе салады.

Қазір Қазақстандағы халықтың шамамен 0,8 пайызы ғана екпенің бір дозасын болса да алған. Ал Ұлыбританияда халықтың 33 пайызы, АҚШ-та 28 пайызына екпе алды.

Министрлік Азаттыққа берген ресми жауабында қазіргі көрсеткішті екпенің аздығымен түсіндіреді.

Екі айдай уақытта 173 мыңнан астам адамға екпе салған Қазақстан үкіметі сәуірде "екпе науқанын күшейтіп", 600 мың адамға вакцина егуді жоспарлайды. Билік жыл соңына дейін алты миллион адамға екпе салмақ. Бірақ сарапшылар мен депутаттар денсаулық сақтау министрлігінің бұл жоспарына күмәнмен қарайды.

"БІЗДЕ КҮТЕТІН УАҚЫТ ЖОҚ"

Нұр-Сұлтандағы Назарбаев университетінің профессоры, биофизика саласы бойынша PhD Дана Ақылбекова Қазақстанда вакцина егу "өте баяу" жүріп жатқанын, мұндай темппен халыққа екпе салу 3-4 жылға созылуы мүмкін екенін айтады.

Нұр-Сұлтандағы Назарбаев университетінің профессоры, биофизика саласы бойынша PhD Дана Ақылбекова.
Нұр-Сұлтандағы Назарбаев университетінің профессоры, биофизика саласы бойынша PhD Дана Ақылбекова.

– Бізде күтетін уақыт жоқ. Себебі коронавирус мутацияланып, бейімделіп жатыр. Вирус екпеге де бейімделіп, екпеге төтеп беретін өте төзімді болуы мүмкін. Қазір Британияда, Оңтүстік Африкада, Бразилияда штамдары шықты. Кейбір екпелер бұл штамдарға қарсы тиімділігі төмен. Вирус халық арасында көп айналса, соғұрлым мутациялана береді. Көп адамға екпе салынса, вирустың мутациялануға мүмкіндігі аз болады. Халық арасында ұжымдық иммунитет қалыптастырған маңызды. Ұжымдық иммунитет 70 пайыз адамда иммунитет қалыптасқанда болады, – дейді ғалым.

31 наурызда мәжіліс отырысында биліктегі "Нұр Отан" партиясы фракциясының депутаттары денсаулық сақтау министрі Алексей Цойды екпе науқанын "сәтсіз жүргізіп жатыр" деп сынап, премьер-министр Асқар Маминнің атына хат жолдады.

Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты Ирина Унжакова 2021 жылы 31 наурызда өткен жиында Қазақстандағы вакциналау процесін сынады. Мәжілістің Youtube-каналынан алынған скриншот.
Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты Ирина Унжакова 2021 жылы 31 наурызда өткен жиында Қазақстандағы вакциналау процесін сынады. Мәжілістің Youtube-каналынан алынған скриншот.

"Мұндай темппен елдегі халықтың 70 пайызына екпе егу үшін 15 жыл керек екенін есептеу үшін мықты математикалық қабілет керек емес... Үкімет жаппай вакцинация ғана пандемиямен күресте нәтиже береді дейді, бірақ неге елде екпе салу дұрыс ойластырылмаған және жүйесіз жүріп жатыр? Кеше денсаулық сақтау министрі Цой халықты екпе салдыруға тағы шақырды. Осы тұста сұрақ туады. Қайда барып екпе алуға болады? Аймақтардағы емханаларда вакцина жоқ. Бұл былтыр жұрт ПТР тест тапсыратын жер таппай сабылып жүрген жағдайды еске салады. Денсаулық министрлігі неліктен дұрыс алгоритм жасай алмады?" деді фракция атынан депутат Ирина Унжакова.

ВАКЦИНА ҚОРЫ ТӨҢІРЕГІНДЕГІ ЖЫР

Денсаулық министрлігі сәуірде елде бірнеше миллион доза екпе болады деп уәде беріп отыр. 27 наурызда Цой Алматыда өткен жиында Қарағанды фармацевтикалық кешені (иелерінің арасында Қазақстанның экс-президенті Назарбаевтың құдасы Қайрат Боранбаев бар) "Спутник V" екпесінің 750 мың дозасын шығарғанын, оны аймақтарға жеткізу мәселесі шешіліп жатқанын айтты.

Бұдан бөлек, Алматыдағы жиында министр сәуірде елге Ресейден "Спутник V" үш миллион доза келетінін мәлімдеген. Бірақ 30 наурыздағы брифингте ол сәуірде Ресейден 2,5 миллион доза келетінін жеткізді. Жиында тілшілер Цойдан 500 мың доза қайда кеткенін сұрағанда ол "Алматыда айтылған 3 миллион доза жоспар екенін, Ресеймен келіссөздер әлі жалғасып жатқанын" айтты.

Министрлік сәуірде Қарағанды фармацевтикалық кешені "Спутник V" екпесінің бір миллион дозасын шығарады деп мәлімдеді.

Бұған қоса, Қазақстан үкіметі сәуірде Қытайдың SinoVac екпесінің үш миллион дозасын аламыз деп мәлімдеген (Пекин бұл екпенің тиімділігі 70 пайыз деген).

26 наурызда Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо жергілікті басылымдарға берген сұхбатында "Қазақстанға Қытайдан үш миллион екпе флаконы жеткізілді" деген. Бірақ Қазақстан денсаулық министрі Алексей Цой "елге Қытайдан екпе жеткізілмегенін" айтқан. Ал "Қазақстан темір жолы" компаниясы ресми сайтында Қазақстанға Қытайдан екпеге арналған флакон жеткізілгенін хабарлады. 31 наурыздағы брифингте Биологиялық қауіпсіздік мәселелері бойынша ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закария Қытайдан келген үш миллион екпе флаконы қазақстандық QazCOVID-in вакцинасына арналған құмыралар екенін мәлімдеді.

Қазақстан денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.
Қазақстан денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.

Цой 30 наурыздағы брифингте америкалық Pfizer, Johnson & Johnson, Moderna екпесін сатып алу үшін келіссөз жүргізіп жатқанын хабарлады. Бірақ, министрдің сөзінше, "бұл компаниялардың Қазақстанға қай уақытта қанша доза екпе жібере алатыны жайлы нақты ақпарат жоқ".

Нұр-Сұлтан елдегі коронавирусқа қарсы екпені алуға және шығаруға 17 миллиард теңге бөлмек. Бұл қаржының бір бөлігі Боранбаев басқаратын Қарағанды фармкешеніне беріледі.

Covid екпесі: мемлекеттік келісімді Дариға Назарбаеваның құдасы алған ба? 4 ақпан 2021 жыл.

Covid екпесі: мемлекеттік келісімді Дариға Назарбаеваның құдасы алған ба?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:00 0:00

Бұдан бөлек, биліктің жоспары бойынша шілдеде Қазақстанның QazCovid-in екпесінің үшінші сынақ кезеңі аяқталып, халыққа егіле бастауы тиіс. Бірақ бұл екпені шығарады деген Жамбыл облысындағы зауыт әлі салынып біткен жоқ. 31 наурыздағы брифингте министр Цой "бұл зауыт денсаулық сақтау министрлігінің қадағалауына кірмейді" деп кешеннің құрылысы қашан аяқталатынын айта алмады.

"ВИРУСПЕН КҮРЕСТЕГІ ҚАТЕЛІКТЕР ЕКПЕ НАУҚАНЫНА ДА ӘСЕР ЕТЕДІ"

Азаттық тілшісі сөйлескен сарапшылар Қазақстанда коронавирусқа қарсы науқанға халықтың вакцинаға және билікке сенбеуі де үкіметтің жоспарды орындауына көп кедергі келтіруі мүмкін деп санайды.

Қазақстанда екпе салу басталған сәтте 4Service Group холдингі халық арасында "коронавируске қарсы екпе салдырасыз ба?" деп әлеуметтік зерттеу жүргізген. Сауалнамаға қатысқан 450-ге жуық адамның арасында 48 пайызы екпе салдырмайтынын, тек он пайызы вакцина ектіретінін айтқан. Екпе салдырғысы елмейтіндердің негізгі себептері – "сенбеймін" (53 %), "кері әсері бола ма деген қорқамын" (49 %), "вакцина жайлы жеткілікті ақпарат болмады" (32 %), вакцинаға деген теріс көзқарас (28 %).

Профессор Дана Ақылбекова Қазақстанда жұрттың екпеге сенбеуіне "биліктің 30 жылдық саясаты себеп" деп есептейді.

– Екпе салдырмасақ болмайды. Пандемиядан шығар екі жол бар екенін жұрт түсінбей отыр. Бірі – Қытайдың Ухань қаласындағыдай толық локдаун. Екіншісі – вакцина. Екпе қауіпсіз. Мұны түсінуіміз керек. Бізге тез арада көп екпе сатып алып, өзіміз де шығаруымыз керек. Екпеге сенбейтін халықты түсінемін. Бізде білімді адамдар көп. Бірақ олар үкіметке сенбейді. Қиын кезде билікке сене алмаймыз, себебі 30 жыл бойы халыққа ешқандай таңдау жасатпады. Теледидардан экстрасенстерді, әншілерді көрсетті. Келін іздеуді көрсетті, бірақ ғылым мен ғалымдарды көрсетпеді. Осы жағынан алсақ, халықты түсінемін, – дейді ғалым.

Медицина ғылымдарының кандидаты Қайырғали Көнеев мемлекеттік түсіндіру жұмыстарының дұрыс жүрмеуінен халық арасында екпеге деген күдік көбейді деп санайды. Ол екпе егу пандемияны тоқтатудың, 50 жастан асқандар мен созылмалы ауруы бар адамдардың өмірін сақтаудың бірден-бір жолы деп біледі.

Медицина ғылымдарының кандидаты Қайырғали Көнеев.
Медицина ғылымдарының кандидаты Қайырғали Көнеев.

– Біздің қоғамда вакцинацияға деген сенімсіздік коронавирус эпопеясына дейін пайда болған. Дамыған елдердегідей вакциналауды насихаттап, оның маңызын, қауіпсіздігін түсіндірудің орнына біздің денсаулық сақтау министрлігі екпені міндеттеп, екпе алмағандардың құқығын шектеуді жөн деп тапты. Заңмен вакцина жасатпаған балалардың білім алуға деген құқығын шектеп тастады. Бұл Денсаулық кодексінде көрсетілген. Мұны халық теріс қабылдады, – дейді дәрігер.

Қазақстанда екпеге деген қарсылық бұрыннан бар. Бұл қарсылықты 2020 жылдың жазында қабылданған "Халық денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі туралы" заңға өзгерістер енгізу жайлы заң күшейткен. Бұл заңда балаға екпе салуды міндеттеу және екпе салынбаған сәбиді балабақшаға қабылдамау қарастырылған. Заңға қарсылар арасында баласының ажалы мен оның денсаулығына келген зардапты екпеден көретіндер де бар. Денсаулық сақтау министрлігі вакцина қауіпсіз екенін, міндетті екпе инфекцияның таралуынан сақтайтын халықаралық тәжірибе екенін айтқан.

PaperLab зерттеу тобының сарапшысы, әлеуметтанушы Серік Бейсембаев биліктің коронавируспен күрес кезінде жіберген қателіктері екпе науқанына да әсер етеді деп санайды.

– Былтыр жаздағы дәрі тапшылығы, вирус жұқтырғандар мен қайтыс болғандардың статистикасын бұрмалау, биліктің пандемияға қарсы бөлінген қаржыны дұрыс жұмсамауы сияқты жайттар вакцина науқанына күмәнмен, күдікпен қарауға негіз болды, – дейді әлеуметтанушы.

Кейбір сарапшылар "президенттің, премьер-министрдің, денсаулық сақтау министрінің әлі екпе салдырмауы да халықтың күмәнін көбейтеді" деп есептейді. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қазақстандық QazСovid-in екпесін салдыратынын мәлімдеген.

Көнеев "президент те, министр де, әкімдер де отандық QazСovid-in екпесін күтіп отыр" деп санайды. Ол биліктің бұл күтуін "PR әдіс" әрі "ресейлік екпеге сенімсіздік емес, отандық өнімді жарнамалау" дейді.

Былтыр желтоқсанда Қазақстанда QazСovid-in вакцинасы сынақтың үшінші кезеңінен өте бастағаны, үш мың еріктіге вакцина салынғаны хабарланған. Қазақстан үкіметі бұл вакцина тиімділігі 96 пайыз деп айтады.

Наурызда Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны қайта өсіп, елдің біраз бөлігінде карантин шаралары күшейтілді. Қазір елде күніне мыңнан аса адам Covid дертіне шалдығып жатыр. Алматы, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі қаладағы індеттің өршігенін мәлімдеді. Денсаулық сақтау министрлігі елде вирустың Ұлыбритания және Оңтүстік Африка, Бразилия штамдарына тән ықтимал мутациялар табылғанын хабарлады.

Мақаланы жазуға Аян Қалмұрат атсалысты. Инфографика авторы - Жанара Қаңтарбай.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG