Ресейде 9 мамыр – Жеңіс күні өкіметтің де, оны қолдайтындардың да бір рухтанып қалатын күні. Мейрамға байланысты жұрттың бәріне демалыс беріледі, ал мектеп оқушылары әскери шеру сынды мерекелік шараларға «ерікті түрде» қатысып, жергілікті ардагерлерді құттықтайды. Бірақ бұл жолы ерлікті мақтан етушілер тым шектен шығып кеткен деген сынға қалды.
«ӘРУАҚ БАЛАНЫҢ» СӨЗІ
Самара қаласында жас әуесқойлар түсірген жеңіс туралы шағын видеода бір топ оқушы совет әскери киіміндегі он жасар баланың әруағымен «тілдеседі».
Оқушыларға қарсы кезіккен «әруақ бала» әкесінің майданға кеткенін, ал анасының фашистер қолынан қаза тапқанын сұсты кейіппен айтып береді. «Алдымен артиллерия зауытында жұмыс істеп, снаряд жасадым, содан соң партизандар тобына, кейін полкқа қосылдым, сонда барлауға шығып жүргенде мерт болдым» дейді бала.
«Әруақ» бұрылып кете бергенде қыздардың бірі: «Әй, өлген қорқынышты ма?» - деп сұрайды.
– Бастысы ол емес, маңыздысы – біздің жеңгеніміз, - деп жауап береді бала.
Бұл сюжетті «Отан үшін соғыста балаларды құрбан етуге болады дегенді меңзейді» деп қабылдаған жұрт YouTube сайтында жарияланған видеоның астына наразы пікірлерін қарша боратты. Видеоны бірінші болып жариялаған арна әуелгіде ондағы қарсы пікірлерді өшіріп отырса, кейін пікір қалдыратын бөлімді мүлде жауып тастаған.
«АТАНЫҢ КҮЛІМЕН» ОЙНАУ
YouTube-те жарияланған тағы бір видеода бүлдіршін қыз ажал тақырыбын ашық талқылайды. Он жасар Аня былтыр қайтыс болған үлкен атасының сүйегінің күлі салынған қорапты ұстап отырып оның өмір жолын әңгімелеп береді.
Бұдан соң ол арқа тұсына қара мата ілінген жерге келіп отырады да, қолындағы күлмен түрлі суреттер салып, атасының Екінші дүниежүзілік соғыстағы ерлігін баяндайды. Атасының фашистермен қалай соғысқанын айтқанда қыз свастика белгісін салады.
YouTube сайтында 230 мың рет қаралған бұл видео әзірге белгісіз бір фильмді жарнамалау науқанының басы болса керек. ВКонтакте әлеуметтік желісіндегі парақшасында қалдырған жазбасында My Duck’s Vision киностудиясының негізін қалаушы Юрий Дегтярев «холотроптық тыныс алу» сессиясы кезінде өзіне осындай ой келгенін айтады.
Twitter желісінде жұртшылық бұл видеоны әбден әжуалады. Олардың бірі америкалық жазушы, журналист Х.Томпсонның «Лас-Вегастағы үрей мен жиіркеніш» деген ескерткіқұмарлар туралы әйгілі романындағы кейіпкердің сөзін келтіріп: «Бізде екі қапшық шөп, 75 таблетка маскалин, 5 қорап қышқыл, жарты сауыт кокаин және атамыздың күлі бар» деп жазған.
СОЛДАТ КИІМІ САУДАСЫ
Ал видео түсіруге шамасы келмейтіндер балаларына совет солдатының киімін кигізіп, Жеңіс мерекесін атап өтеді. Интернетте балаларға арналған мұндай киімдер сататындар көптеп кездеседі.
ВКонтакте желісінде ашылған бір топ сатып алуды ұсынатын балаларға арналған барлық өлшемдегі киімдер 1800 рубльден ($27) басталады. Хаки үлгісіндегі форма, қызыл жұлдыз тағылған пилотка, әскери белдік және әулие Георгий лентасы қоса берілетін бұл киімді тіпті бір жасар балаға да алуға болады.
Ресейлік фотограф Елена Анисимова «Мен батырдың немересімін» деген тақырыппен отбасылық фотоальбом түсіруді кәсіп қылып, осы мақсатқа арнап біраз киім сатып алыпты. Балалар мен олардың ата-аналарына киімді жалға беріп, олардың суретін түсіргені үшін ол 1 мың рубль ($15) алады.
Совет жауынгерінің формасын киіп суретке түскен ұл мен қыздың анасы балаларының бұл процесті қатты ұнатқандарын айтады. «Кирилл күні бойы жұрттың бәріне «мен солдат болдым» деп айтып жүрді» деп жазған баланың анасы.
Интернеттегі жұрт тіпті Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі формалардың жаңа туған нәрестелерге арнап та тігіліп жатқанын айтады. 950 рубльге ($14.50) сәбиге шақ киім және пилотка сатып алуға болады. Дегенмен, өндіруші бұл киімнің тек сыртқа шығып, суретке түсуге арналғанын, онымен ұйықтауға болмайтынын ескерткен. Өнімнің сипаттамасында: «түймелері мен жұлдыздары нағыз металдан жасалған, сондықтан бұл киімді киген балаларды қараусыз қалдырмаған жөн» деп жазылған.
(Анна Шаманскаяның материалы ағылшын тілінен аударылды.)