Азаттық: Украинаның қазіргі әскери жағдайын қалай бағалайсыз? Путин қандай да бір мақсатына жетті ме?
Уэсли Кларк: Ол Украинада ешқандай нәтижеге жеткен жоқ. Мақтанатын дәнеңе де жоқ. Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіске жеткенін атап өтетін 9 мамырға сонша мән бергені де осыдан. Оның мақтанарлық ештеңесі болмады. Киевті ала алмады, Харьков қарсы тұрды, орыстар артиллерияға жете алмады.
Украинадағы шабуыл солтүстік-батысқа қарай ойысып жатыр, Донбасстағы жағдай негізінен бірқалыпты болып тұр. Жер кебетін уақыт келді. Донбасста орыстар үлкен өзендердің бірінен өтсе, ашық жерлерге шабуылдауы мүмкін. Онда екінші дүниежүзілік соғысқа тән маневр көмектесуі [мүмкін]. Ресейдің шабуыл әдісі – елді мекендерді қирату арқылы Украинаның қорғанысын бұзу. Олар бұл елді мекендердің Украинаның танктерге және әуе қорғанысына қарсы мықты алаң екенін біледі, сондықтан артиллерия көмегімен соларды атқылауы мүмкін. Жаңа айтқанымдай, жер кепкен соң олар бұл елді мекендерді айналып өтіп, сол жерлердегі ашық алаңдар арқылы қозғала алады.
Мынаны түсінуіміз керек: Ресейдің отандық әскери өндірісі бар. Санкциямен соққы жасап жатқан шығармыз. Оны білмеймін. Ресейдің қорғаныс өндірісі Батыстың кейбір технологиясына сүйенетіндіктен, қиындық туғанын естідім. Бірақ Украинада отандық өндіріс ондай емес, ол алып жатқан құрал-жабдықтардың көбі жүздеген миль жол жүріп, алдымен әуе арқылы, сосын теміржолмен жеткізіліп жатыр. Бұл қиындай береді. Сондықтан Украинаның шамасы жетіп жатыр деген алдын ала болжам айтуға болмайды. Бұл соғыста жеңіліп қалуы да мүмкін. Украина тек АҚШ пен Батыс елдерінің қолдауымен ғана жеңіске жете алады.
Азаттық: Украинаға жеңіске жету үшін қазір қандай әскери көмек керек?
Уэсли Кларк: Алдымен орыс артиллериясын жеңу керек. Дәл қазір орыс артиллериясын жеңе алса, ресейліктер ешқашан жетістікке жете алмайды. Олар қалаларды бомбалағанда орыс артиллериясына соққы жасап, соларды жойса, қалалар аман қалады. Бұл бір. Екіншіден, барлау қызметінің қолдауы керек. Мүмкін соларға әуе шабуылына қарсы радар жетіспейтін шығар. Әлде әуе шабуылын дрондардың көмегімен бақылай ма? Ол да жетіспейтін сыңайлы. Бірақ негізінен артиллерияға [күш түседі]. Оқ-дәрісі өте мол артиллерия қажет, сонысымен күніне жүздеген соққы беру керек.
Сосын оларға авиация [мүмкіндіктері] керек. Неге? Өйткені олар жылдам әрекет етуі керек. Тікұшақтар мен "әуе-жер" қаруына дереу тойтарыс беруі керек. Оларда бұл жоқ. Украина күніне екі-үш рет қана ұшақ ұшыратын шығар. Олар Ресей ұшақтарына қарсы тұру үшін күніне елу реттен ұша алатын болуы керек.
Әуе шабуылынан жақсы қорғаныс керек. Мұндай қару Киев маңында Ресей ұшақтарына қарсы шыққанда жеткілікті болды, бірақ үш жүз шақырым жердегі соғыс алаңындағы Донбасста жетіспейді. Кемелерге қарсы зымырандар да керек. Ондай қару беріледі деп уәде айтылғанын естідім, бірақ әлі дайын емес.
Ресейде кеме өте көп, олар "Калибр" зымыранымен соққы бере алады. Орыс кемесі неліктен 150-200 шақырым жерде тұрып зымыран атады да, қарсы шабуылсыз қалады? Мысалы, Одесса портында экспортқа жіберілетін миллиондаған тонна бидай бар. Әлем оған мұқтаж, бірақ орыстар оны ұстап отыр.
Ұшқышсыз ұшатын аппарат пен кемеге қарсы зымыран болса, Қара теңізді ашуға болады. Сүңгуір қайықтары болса мәселе басқа, бірақ гуманитарлық мақсатта қажет болса, мұны да қарастыруға болады. Сондықтан осылар қажет. Беренді техника да көптеп қажет болатын шығар, себебі орыстар кірсе, олар алдыңғы қатарлы технологиясы бар орыс әскеріне қарсы тұруы керек болады.
Азаттық: НАТО елдері Украинаға қажет қару-жарақты уақытында жіберіп жатқанына сенімдісіз бе?
Уэсли Кларк: Украинаға да, Америкаға да заңды процедураларды сақтауға байланысты қауіп барын білемін, себебі осы нәрселерден пайдаға кенелгісі келетін активтер мен адамдардың болғанын қаламаймыз. Оларды сатып жатқан кезде, заңды процедуралар болуы керек. Бірақ қандай да бір жолмен бұл шараларды тездетіп, Украинаның қажетін алуына мүмкіндік жасау керек.
Орыс әскері наурызда Киев маңынан кеткенде, қолдау алу үшін бірнеше апта бары түсінікті еді. Бұл бірнеше апта аяқталды. Америкалық гаубицалардың көбі сонда, одақтастардың басқа да активтері сол жерде болуы мүмкін. Бірақ бұл [тек қана] Украина айырылған [қару-жарақтың] орнын толтыра алады.
Ресейді жеңу үшін одан да көп нәрсе керек. Мұны тездеткен жөн. Украинада шілде-тамыз айларында Ресейді елден, Донбасстан, елдің оңтүстігінен шығаратын мүмкіндік болуы мүмкін. Ресейге біршама күшті жұмылдыру үшін желтоқсанға дейін уақыт керек. Си Цзиньпин үшінші мерзімге өтпей, Қытай көмектесе алмайды. Украина орын ауыстыруға қажет материалдарды алса, алға жылжыса, Украинада мүмкіндік болады.
Азаттық: Ресей лидерінің ядролық қаруы барын, ал Милошевичте ондай мүмкіндік болмағанын ескерсек, Милошевич пен Путинді салыстыру қаншалық әділетті?
Уэсли Кларк: Сес көрсетудің кез келген жолы қолданылып жатыр. Бірақ ақыр аяғында Югославияда Милошевич НАТО-ның әуе шабуылынан қаша алмайтынын білді. Ол ұшақтарды жеңе алмады. Ақыр соңында кетуі керек болды. Қазір біз Путинге Украинаға келгенде ешқандай әскери жетістікке жете алмайтынын көрсетуіміз керек. Сосын оған басқалай да қысым көрсетіліп, ол тоқтауы керек екеніне көзі жетеді.
Косовода көп ештеңе өзгермеді. 1998 жылы жазда Франция мен Германия БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің резолюциясы болмаса, НАТО арқылы ештеңе істемейтінін мәлімдеді. Ресей бұл мәселеде Қауіпсіздік кеңесінің ешқандай резолюциясы жоқ деді. 1998 жылы жазда 400 мыңнан астам албан үйінен қуылды. Бірақ Ресей қателесті. Милошевич қателесті. Франция мен Германия Милошевичтің не ойлағаны барын біле сала, осы науқанға келісті. Мұнда да жағдай сондай.
Ресей Батысты әлсіз деп ойлап қателесті. Батыс мықты. Осылайша Путиннің он екі жылға созылған жоспары болды. Ал АҚШ пен Еуропада адамдар [өз] отбасы мен үйіне қарады, балаларының білім алуына мән берді. Олардың ойлау жүйесі мүлдем басқа. Бұл демократияға келіп тірелетін мәселе. Алайда Путин сияқты немесе Қытай президенті Си [Цзиньпин] секілді адамдарға мұны түсіну және қабылдау өте қиын... Бірақ мұның бәрі айтарлықтай күшпен келеді. Әлем осыдан сабақ алуы керек.
ПІКІРЛЕР