Батыс Қазақстан облысында коронавирус жұқтырған алғашқы екі науқас анықталысымен наурыздың 30-ы күні карантин енгізілген. Содан бері шектеу шаралары бірнеше рет күшейтілді – адамдарға себепсіз үйден шығуға тыйым салынды, қоғамдық көлік тоқтап, азық-түлік базарлары жабылып, көп кәсіпкер жұмысын доғарды. Блокпосттар мен көшедегі патрульдің жұмысы күшейді. Карантин режимін бұзған 191 адам қамалып, 86 азаматқа айыппұл салынған, алты адамға ескерту берілген. Әкімшілік құқық бұзу фактісі туралы 566 хаттама толтырылған, тағы 283 істі сот қарап жатыр.
Жергілікті билік Батыс Қазақстан облысында коронавирус фактісі тіркелгені туралы наурыздың 29-ына хабарлады – көрші Саратов және Атырау облыстарына барған екі адам коронавирус инфекциясын жұқтырып "әкелген".
Ертеңіне өңірде шектеу шаралары енгізілді: билік өкілдері 65 жастан асқан адамдарға үйден шықпауға кеңес берді, көпшілік орындарда маска тағып жүру талап етілді, ерекше жағдайларды есептемегенде, облыс аумағына кіріп-шығуға тыйым салынды, блокпосттар қойылып, мектептер мен ойын-сауық орталықтары жабылды, дүкендер жаңа жұмыс режиміне (таңертеңгі сағат 9-дан 21:00-ге дейін) көшті, дәмхана мен мейрамхана сағат 22:00-ге дейін жұмыс істейтін болды.
БАЗАР МЕН БАНК БӨЛІМШЕСІНДЕГІ КЕЗЕК
Сәуірдің 15-і күні карантин шараларының күшейгені туралы тауарлар мен қызметтердің сапасы және қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаев хабарлады. Ол өңірде қоғамдық көлік қозғалысы тоқтап, азық-түлік базарлары мен банк бөлімшелері жабылатынын айтты. Арыспаевтың мәлімдемесінен кейін адамдар базар мен банкке ағылып, ұзын-сонар кезекке тұра бастады.
- Кей азық-түлікті үйге жақын дүкеннен алуға болатынын білемін. Бірақ ол дүкендерден табылмайтын тауарлар да бар. Шағын дүкендерде ет, көкөніс, жеміс-жидек пен сүт өнімдері болмайды. Сондықтан қауіпке қарамай, базарға баруға тура келді. Жақында базар жабылады ғой, - деді Анна есімді Орал тұрғыны.
Банк бөлімшесі мен банкомат алдында ондаған адам кезекте тұр. Көбі ертең "ақша ала алмай қаламыз" деп қорқатынын айтады.
- Ертең банктер жабылады деп естідік. Жәрдемақы алып үлгерген жоқпыз, міне, ақшамызды алуға келдік. Кейбіреулер несие мен коммуналдық төлемдерді кешікпей төлеу үшін кезекте тұр. Банктер жабылса, ақша болмайды, интернет қызметінің де қалай істейтінін білмейміз, - дейді Гүлзира есімді әйел.
Кейінірек билік өкілдері "азық-түлік базары мен банктерді жабу және қоғамдық көлік қызметін тоқтату туралы шешім әлі түпкілікті қабылданған жоқ" деген ақпарат таратты. Артынша базарлар мен банктер жұмысы уақытша тоқтайтыны, толық жабылмайтыны белгілі болды.
- Банктер таңертеңгі сағат 9-дан күндізгі 4-ке дейін істейді. Зейнетақы мен жәрдемақылар сақталады. Базарларда тек көтерме сауда жасауға болады – яғни, тұтынушылар өзіне шақтап, азын-аулақ азық-түлік ала алмайды. Олар азық-түлікті үйіне жақын маңдағы дүкеннен алуы керек, - деді Мұхамғали Манкеев.
"КАРАНТИН ТӘРТІБІН БҰЗУҒА ТУРА КЕЛДІ"
Оралда вирус жұқтырғандар көбейген кезде карантин шаралары тағы да күшейді. Сәуірдің 16-сынан өңірде қоғамдық көлік қызметі тоқтап, сәуірдің 19-нан азық-түлік базарлары жабылды. 65 жастан асқан адамдар мен балаларға үйден шығуға тыйым салынды. Сәуірдің 22-сінен жұмыс істеп тұрған ұйымдар тізімі қысқарып, көп адам табысынан айрылды.
- Карантин тағы да күшейген кезде қалада автобус тоқтап, жұмысқа жете алмай қалдым. Жұмысқа жаяу бару мүмкін емес, оған бір сағаттан артық уақыт кетеді. Автобуспен жүргеннің өзінде үйден жұмысқа 40 минутта жетемін, - дейді сауда фирмасының менеджері Анастасия Кузнецова (ол басшылық пен биліктен сескеніп, аты-жөнін өзгертуді өтінді).
Биліктің нұсқасы бойынша, жұмыс беруші қызметкерлерін жұмыс орнына көлікпен жеткізуі тиіс. Бірақ іс жүзінде бәрі басқаша: Анастасия Кузнецованың басшылығы жұмыстан алыс тұратын қызметкерлерге өз еркімен ақысыз еңбек демалысына кетуді ұсынған.
- Демалысқа шығуға қарсы болмас едім. Бірақ баламды жалғыз өзім асырап отырмын, басқа табысым жоқ. Сондықтан бұл мәселені шешу үшін карантин тәртібін бұзуға тура келді: биліктің тыйымына (туыстар мен көрші-қолаңның үйіне баруға тыйым салынған) қарамастан, таңертең баламды туыстарыма апарамын, өйткені басқа амалым жоқ. Сегіз жасар ұлымды жалғыз қалдыруға қорқамын. Ол сабақ оқуы керек. Кешкісін жұмыстан кейін онымен бірге сабақ оқуға шамам келмейді, - дейді Кузнецова.
Анастасияның айтуынша, қазір ол жұмысқа қалада көлікпен жүруге рұқсат алған әріптесімен бірге барады. Бірақ жұмысқа бұлай жетудің де машақаты көп: Анастасия күнде құлқын сәріден тұрып, баласын оятып, туыстарының үйіне апаруы керек.
- Таңертең ерте баламды ата-анамның үйіне апарамын. Екі үйдің арасы екі километрден артық жер. Содан кейін әріптесім алып кететін тұсқа барып күтіп тұруым керек. Ол жерге сағат 8:30-да барамын, ал кеңседегі жұмыс 10-да басталады. Біз жолай әріптесімнің әйелін де жұмысқа апару үшін ерте шығамыз. Жұмыстан кейін баламды алып кетуге барамын. Үйге кешкі 9-ға дейін жетіп үлгеру керек. Өйткені көшеде ұстап алса, айыппұл салуы мүмкін, - дейді Кузнецова.
Қазір жұмысқа барып-келуге такси қызметін пайдалануға болады. Бірақ Анастасия жұмысқа таксимен жету үшін 700 теңге төлеуі керек. Ол күнделікті таксимен жүруге бір айда 33-34 мың теңге жұмсау – тым көп шығын екенін айтады.
ТҰТҚЫНДАУ МЕН АЙЫППҰЛ САЛУ
Карантин шаралары қатаңдаған соң Оралдағы бақылау да күшейді. Жолда полиция мен арнайы жасақ көбейіп, қала мен облыстан шығар тұсқа блокпосттар қойылды. Облыста коронавирус жұқтырғандар 60 адамнан асқан кезде билік сәуірдің 20-cынан бастап өңірдегі жағдайды ерекше бақылауға алды.
- Дүкенге бара жатқанымда полиция тоқтатты. Қажет тауарымызды алатын дүкен үйден алыс болды да, екі километрден алысқа ұзап шықпау керек деген шектеуді бұзуға тура келді. Полиция бірден қаулы толтырып, сотқа апарды, - дейді карантин тәртібін бұзғаны үшін бес тәулікке қамалған Орал тұрғыны Артем Сперанский.
Сперанский карантинді бірінші рет бұзғанын, бірақ полиция бірден қаулы толтырып, істі сотқа жібергенін, ал сот айыпталушыны тұтқындау туралы шешім шығарғанын айтады.
Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Болатбек Белгібековтың айтуынша, полиция қызметкерлері (Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 476-бабы, 6-тармағына сәйкес) карантин тәртібін бұзу туралы хаттама толтырып, істі сотқа жібереді.
- Бұл бапқа сәйкес, карантин тәртібі бұзылған жағдайда, мысалы, адам рұқсат қағазынсыз үйінен екі километр ұзап шықса полиция қызметкерлері хаттама толтырады, ал шешімді сот шығарады. Біздің міндетіміз – заңбұзушылықты анықтау, ал қандай жаза қолдану керегін сот шешеді, - дейді Белгібеков.
Ресми мәлімет бойынша, Батыс Қазақстан облысында карантин енгізілгелі бері 566 карантин тәртібін бұзу фактісі тіркелген. Әкімшілік соттың шешімімен 191 адам тұтқындалып, 86 азаматқа айыппұл салынған, тағы алты адамға ескерту берілген. "Тағы 283 хаттаманы сот қарап жатыр" дейді Болатбек Белгібеков. Полиция департаментінің баспасөз хатшысы мұндай хаттама күн сайын толтырылатынын айтады.
- Қалада көлігімен жүруге рұқсат алған адамға рұқсаты жоқ азаматтарды алып жүруге болмайды. "Көлігіме рұқсат қағазын алсам, жолаушыларға рұқсаттың керегі не?" дейтін жүргізуші жиі кездеседі. Бұл – заңбұзушылық, - дейді Белгібеков.
Қалада жүруге рұқсаты бар адам қалаған жеріне жаяу, таксимен немесе велосипедпен жете алады. Белгібеков велосипедке қосымша рұқсат алудың керегі жоғын айтты.
Орал қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының өкілі Азаттыққа судьялар "карантин режимін бұзу" туралы істерді қарап, шешім шығарған кезде "әкімшілік құқық бұзушылық қалай жасалғанын, айыпталушының қандай адам екенін, оның құқық бұзғанға және одан кейін өзін қалай ұстағанын", сонымен бірге "жауапкершілікті жұмсарту немесе қатаңдатуға негіз болатын жайттарды" ескеретінін айтты.
- Әкімшілік жауапқа тартылғандардың ішінде спирттік ішімдік ішу, төтенше жағдай тәртібін қасақана бұзу сияқты айыбын ауырлататын себептер болған тұлғаларға қамау жазасы қолданылды. Ал 14 жасқа толмаған балаларға, бірінші және екінші топтағы мүгедектерге, 58 жастан асқан әйелдер мен 63-тен асқан ер адамдарға және балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған ер азаматтарға көбіне ескерту жасалды не айыппұл салынды, - дейді Орал әкімшілік сотының төрағасы Марат Сисенғали.
Бұған қоса судья «сот 14 істі қараған кезде жазаны жеңілдетуге негіз боларлық (отбасының жағдайы ауыр және материалдық мүмкіндігі жоқ, т.б.) жайттарды ескеріп, салынған айыппұл мөлшерін 30 пайызға азайтқанын» айтты.
ҚАРАУСЫЗ ҚАЛҒАН ЖАНУАР КӨБЕЙДІ
Жануарларды қорғаумен айналысатын жергілікті белсенділердің айтуынша, карантин басталғалы өңірде қараусыз қалған жануар көбейген. Жануарларды қорғау ұйымдары қалада жүруге бірден рұқсат ала алмаған. Мәселен, қараусыз қалған жануарларға арналған "Я хочу жить!" орталығының басшысы бірнеше рет өтініш беріп жүріп, рұқсат қағазын әрең алғанын айтады.
- Қазір қалада еркін жүре аламыз, рұқсат қағазымыз бар. Бірақ рұқсат қағазын ұзақ күттік – билік бірнеше рет өтінішімізді қайтарып тастады. Бізге рұқсат қағазын бермеген кезде сайтта көрсетілген нөмірлерге хабарластық. Олар әр облыстың санитарлық дәрігері қала өмірін қамтамасыз ететін ұйымдар тізімін жасайтынын, ал қараусыз қалған жануарларға арналған мекеме бұл тізімге кірмейтінін айтты. Бірақ қазір рұқсат алдық, - дейді "Я хочу жить!" орталығының негізін қалаушы Виталий Недоба.
Жануарларды қорғайтын тағы бір ұйым – "За жизнь" бірлестігі де қалада жүруге рұқсат алған. Бірақ рұқсат қағазы бірлестік негізін қалаушы Юлия Асиновскаяға ғана берілген. Еріктілер үйде отырып, көбіне "ақпараттық" сипаттағы жұмыспен айналысады. Олар бірлестік жұмысына ақша жинап, жануарларға паналайтын жер іздейді. Еріктілер карантин басталғалы қараусыз қалған жануар көбейгенін айтады.
- Карантин кезінде қараусыз қалған жануарлардың неге көбейгенін дөп басып айта алмаймын. Мүмкін адамдар материалдық қиындықтан жануарларын, әсіресе ірі денелі иттерді асырай алмай отырған шығар. Желіде жануарлар коронавирус таратады деген жалған ақпарат көп. Бұл жалған дерек екенін ерекше атап өткім келеді – жануарлар адамда болатын коронавируспен ауырмайды және оны таратпайды. Оларда осы типтес аурулар, мәселен, адамға жұқпайтын энтерит болады. Ал күшік энтериттен өліп қалуы мүмкін. Бірақ үйсіз қалған жануарлардың көбейгені рас. Қараусыз қалған жануарларға арналған "За жизнь" мекемесіне жануарларға көмек қолын созуды сұрап хабарласатындар да аз емес. Біз мүмкіндігінше мұндай өтініштерді жауапсыз қалдырмауға, жануарларды жақсы жерге орналастыруға тырысамыз, - дейді ерікті Галина Манцева.
Галина қараусыз қалған жануарларға арналған мекемеге мемлекеттен қаржы бөлінбейтінін, қоғамдық ұйым тек өз қаржысына және халықтан жиналған ақшаға күн көретінін айтады.
КАРАНТИН ТАҒЫ ДА КҮШЕЙДІ
Өңірде сәуірдің 22-сінен бастап карантин шаралары тағы да күшейді — енді облыс көшелері мен блокпосттардағы бақылау артады. Билік өкілдері карантин шараларының қатаңдату туралы шешімін "өңірде коронавирустың таралуын тоқтату мақсатындағы маңызды қадам" деп түсіндіреді. Бірақ карантиннің бірнеше рет күшейтілгеніне қарамастан, өңірде вирус жұқтырған науқастар саны артып келеді. Қазір облыста 72 адамға коронавирустық инфекция диагнозы қойылған. Екі адам ауруынан жазылып, үйіне екі апталық карантинге жіберілген.
Тауарлар мен қызметтердің сапасы және қауіпсіздігін бақылау департаментінің сәуірдің 24-сі күнгі мәлімдемесінде қазір облыстық инфекциялық ауруханада дәрігерлердің бақылауында - 90, провизорлық стационарда - 22, карантиндік стационарда - 370, үйінде карантинде - 1194 адам жатқаны айтылған.
Батыс Қазақстан облысында 72 адамға коронавирус инфекциясы диагнозы қойылған. Олардың 61-і вирусты сырттан жұқтырып келген, ал 11-і облыс аумағында жұқтырған. COVID-19 вирусынан жазылған 2 әйел үйінде карантинде жатыр деп хабарланды.
Биліктің дерегінше, облыстағы коронавирус жұқтырған науқастардың көбі – Қазақстанның басқа өңірлері мен Ресейден келген азаматтар.
ПІКІРЛЕР