Accessibility links

Ресей зымыран құрастыруға қажет импорт бөлшектерді қайдан алып отыр?


Ресейдің Украинаға соққы жасап жатқан зымырандарында импорт бөлшектері бар. Украина президенті Владимир Зеленский украин сарапшылардың сөзіне сүйеніп, осылай деп мәлімдеді.

13 маусымға қараған түні Ресей әскері Кривой Рогты атқылады. Соның салдарынан бес қабатты үй қирап, 12 адам қаза болды, 40 кісі жараланды. Украина президенті әкімшілігінің басшысы Андрей Ермак тұрғын үйге тиген Х-101 зымыраны 2023 жылы сәуірде жасалған, оның ішіндегі 50-ге жуық микробөлшек “еркін әлем елдерінде” өндірілген деп жазды.

14 маусымға қараған түні Ресейлік әскері Одессаға “Калибр” зымыранын ұшырды. Үш адам қаза тапты. “Калибр” ішінен 40 шетелдік бөлшек табылды.

Кривой Рогта зымыран шабуылынан қираған үй. 13 маусым 2023 жыл.
Кривой Рогта зымыран шабуылынан қираған үй. 13 маусым 2023 жыл.

Осыған дейін Украина әуе күштері басшылығының өкілі Юрий Игнат Ресей көктемде зымыран, оның ішінде “Калибр” мен “Кинжал” өндірісін күшейткенін, Мәскеу плата, чип, жартылай өткізгіштер сияқты бөлшектерді өзіне әріптес үшінші мемлекеттер арқылы алып отырғанын айтқан.

Украинаның авиация саласындағы әскери сарапшысы Валерий Романенко "Настоящее Время" басылымына берген сұхбатында ресейлік кәсіпорындар зымыран өндірісіне қажетті шетел бөлшектеріне қалай қол жеткізіп отырғанын түсіндірді.

Настоящее время: “Калибр” және Х-101 зымырандарында қандай шетел бөлшектері барын білесіз бе?

Валерий Романенко: Жақсы білемін. Дрондар мен Х-101 сияқты зымырандардың әртүрлі бөлігін ұстап көрдім. Өкінішке қарай, “Калибрді” көрмедім, бірақ бөлшектері ұқсас деп ойлаймын.

Мысалы, Х-101 зымыранын басқаратын көлемі шағын ЭВМ “Багет-62-04” алсақ, 50 шетел бөлшегі деген аз. Бір ЭВМ-де бір де бір орыс тіліндегі әріп болмады. Бөлшектер АҚШ, Германия, Нидерланды, Швейцарияда шығарылған. Қытай бөлшектері жоқтың-қасы. Тайвань бөлшектері бар. Ол да Қытай, бірақ басқа Қытай. Бөлшектердің негізгі бөлігі – америкалық бөлшектер: Texas Instruments. Айтпақшы, “Искандер” зымырандары мен дрондардың бәрі Texas Instruments бөлшектерінен құрастырылған. Кейінгі дрондардың шетелдік бөлшектерінен өндіруші, серия мен маркасы туралы ақпаратты өшіріп тастаған. Жалпы алғанда, мұндай зымыран көп. Х-101 зымыранында: ЭВМ, навигациялық және байланыс жүйесі шетелдік бөлшектерден жасалған. Бәрі шетелден алынған. Санкциялар жұмыс істесе, бұл бөлшектерді AliExpress-тегі тауарлармен алмастыру қиын болады.

Настоящее время: Зеленский Ресей бұл бөлшектерді үшінші елдер арқылы алып отыр деген месседж тастады. Олар Кривой Рогқа құлаған зымыран сәуірде өндірілгенін біледі. Зымыран бөлшектерінің қашан өндірілгенін анықтауға бола ма?

Валерий Романенко: Біздің мамандар америкалық әріптестермен бірге тексеріп жатыр. Бұл зерттеуге Ұлыбританияның стратегиялық зерттеулер институты (IISS) да қосылды. Қолыма келісімшарт пен оның көлемі, қанша және қандай бөлшектер жеткізілгені көрсетілген баяндамалар түсті. Бұл құпия ақпарат емес. Қазір бұл кәсіпорындар бөлшектерді қайда жеткізе алады, қайда жеткізе алмайды, соны нақтылау керек.

Ресей радиоэлектроника бөлшектеріне қалай қол жеткізіп отыр? Мысалы, келісімшарт бойынша, бөлшектер Арменияға барады. Арменияда ресейлік фирманың филиалы болады. Тапсырыс Санкт-Петербургке жеткізілгеннен кейін пойызға артылып, Арменияға жөнелтіледі. Бірақ қағаз жүзінде ғана, шын мәнінде бөлшектерді Ресейдің қорғаныс кәсіпорындары алады. Ал Армениядағы фирма тауар келді деп қол қойып бере салады. Қазақстан, Грузия, Кипр, Түркия да осы сызбамен жұмыс істейді. Қытай Ресейге микробөлшектер сатқанын жасырып әуре болмайды. Олардың өзінде өндірілетін радиоэлектроника көлемі де үлкен емес. Қытайлық бөлшектер көбіне құрлық әскеріне арналған жабдықтарда ғана қолданылады.

Настоящее время: Ресейдің маусымда соққы жасауға сәуірде жасалған зымырандарды қолдануы “Мәскеудің ескі зымыран қоры таусылды, жаңасын шығарып жатыр” деген сарапшылар сөзін дәлелдей ме?

Валерий Романенко: Әрине, Ресей өнеркәсібі тоқтап қалған жоқ. Микробөлшектерді жеткізу жолдарын жауып тастаса, жағдай қиындауы мүмкін. Бұл – шетелдік бөлшектерді ең көп қажет ететін сала. Тұтас импорттық тауарлардан жасалады. ЭВМ платасы толықтай еуропалық, америкалық бөлшектерден тұрады. Тауарлардың бір бөлігі келмей қалса, оларды алмастыратын бөлшек табылмайды.

Настоящее время: Осы аптада Nikkei агенттігі Ресей бұрын Үндістан мен Мьянмаға сатқан қару-жарақ бөліктерін қайта сатып алып жатыр деп жазды. Кеден құжаттарында құрал-жабдықты қайтару себебі ақаулардың анықталуы деп көрсетілген. Бұл Ресейде құрастырылып жатқан зымырандарға қажет бөлшектер алу үшін ойлап табылған амал болуы мүмкін бе?

Валерий Романенко: Тамаша ғой. Бұл Ресейге тықыр таяғанын көрсетеді. Экстаз туралы ескі әзілдегідей кері қайтарып алып жатыр. Демек санкциялар шынымен әсер етіп, олар радиоэлектроника бөлшектерін табудың кез келген жолын іздей бастады. Қару-жарақ үлгілерінде, әсіресе, басқарылатын зымыран қаруында шынымен осы бөлшектер қолданылды.

Настоящее время: Сонда Ресей Мьянма мен Үндістанға шетелдік бөлшектерден құрастырылған қару-жарақ сатып, енді ішіндегі бөлшектерін алу үшін қайтарып алып жатыр ма?

Валерий Романенко: Өйткені қолында басқа бөлшектер жоқ. Ресейлік микроэлектроника – ресейлік ұялы телефонмен хабарласып көріңізші. Өзім ондайды көрмедім.

Сұхбаттың видеосын көріңіз. (Орыс тілінде)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG