“ЖОСПАРЫМ МЕДАЛЬ АЛУ БОЛДЫ”
Финалдың басында (балуандарға күресуге бес минут уақыт береді) қос балуан күреспей жүріп алғаны үшін төрешіден екі рет ескерту алды.
Кездесудің орта тұсында Иран балуаны Моллаи Дидар Хамзаны (әлемдік рейтингіде – 73-орында) иығынан асыра лақтырып, жауырынын кілемге тигізді. Төрешілер Саид Моллаидің жасаған әдісіне бір ұпай (вазари – жартылай жеңіс) берді. Бұл есеп кездесу соңына дейін сақталып, Иран балуаны жеңіп тұрған. Бірақ төрешілер белдесу біткен соң, жеңімпазды жарияламай шағын жиын өткізді. Кейін төрешілер Саид Моллаиге күреспей татамиге жатып алғаны үшін үшінші ескерту берді. Дзюдо ережесіне сай, үшінші ескерту алған дзюдошыға бірден жеңіліс беріледі.
Жеңіліп жатып, жеңіске жеткен Дидар Хамза қолын көтеріп, қуанып кетті. Ал Иран балуаны төрешілердің шешімімен келіспей, татамиден түспей тұрып алды. Бапкері де айғайлап наразылық білдіріп жатты. Бірақ төрешілер шешімді өзгерткен жоқ. Дидар Хамза татами шетінде тұрған әкесі әрі жеке жаттықтырушысы Марат Файзиевті құшақтап, жылап жіберді.
- Финал, бәлкім, карьерамдағы ең қиын кездесу болған шығар. Иран балуанымен бұрын кездеспегем. Жалпы мен үшін өте сәтті күн болды. Әкеме алғыс. Жаттықтырушым - әкем. Азия ойындарында менен ешкім жеңіс күтпеді. Ішкі жоспарым медаль алу болды. Алтын алам деп ойламадым, бірақ барымды салып күрестім, - деді балуан финалдан кейін.
Қазақстан балуаны финалға дейін Масаюки Тераданы (Таиланд), Ууганбатар Отгонбаатарды (Моңғолия) және Такеши Сасакиді (Жапония) жеңді.
ЖАРАҚАТ, ОПЕРАЦИЯ, САЛМАҚ АУЫСТЫРУ
Дидар Хамза Рио олимпиадасына қатысқан. Бразилияға баратыны олимпиада басталуға бір апта қалғанда белгілі болған - 73 келіде олимпиадаға жолдама алған балуандардың бірі "допинг қолданды" деп айыпталып, жарыстан шеттетілген. Ал лицензия Дидар Хамзаға берілген. Бірақ олимпиадада Қазақстан балуаны ширек финалға шыға алмады.
Кейін Дидар Хамза жаттығулардың бірінде аяғынан жарақат алып, операция жасаған. Төрт айдан кейін күреске қайта оралып, 73 келіден 81 келіге ауысты. Бапкерлердің сөзінше, балуанға салмақ азайту қиын болғандықтан 81 келіге көшкен.
- 73 келі салмақта олимпиадада күрестім. Гран-при жарыстарында жүлде алдым. Ал 81 келі салмақта екі жыл бойы күресіп келем, бірақ нәтиже болмады. Бұл - 81 келідегі алғашқы жеңісім, - дейді Азиада чемпионы.
Дидарды күреске әкесі Марат Файзиев әкелген. Күресті Түркістан қаласында бастаған.
- Бұл бір күндік жеңіс емес. Жыл басынан бері дайындалдық. Тауда жаттықты, залда жаттықты. Сол жаттығулардың - жемісі. Бұл - менің ғана емес, ұлттық құрамадағы бапкерлердің де жеңісі. Өзім дзюдодан бапкермін. Түркістанда жүргенде залға алып бардым. Содан бері күресте жүр. Мен алтын күттім, басқаларды білмеймін. Балама сендім. Ендігі мақсат - олимпиада, - дейді балуанның әкесі.
Қазақстан дзюдо құрамасының бас бапкері Айдын Смағұлов: “Дидардың қара күші өте көп, жігерлі” деді.
Дидар Хамза - 2012, 2014 жылғы жасөспірімдер арасында Азия чемпионы, 2013 жылғы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері. 2017 жылғы жастар арасындағы әлем біріншілігінде қола медальға ие болған. Ал 2016 жылы Ташкенттегі ересектер арасындағы Азия чемпионатында 73 келіде күміс жүлдегер атанған. Балуан енді қыркүйектің 20-сы күні Бакуде (Әзербайжан) басталатын әлем чемпионатына қатысуды жоспарлайды.
ПІКІРЛЕР