Accessibility links

Коронавирус жылдам тарап барады. Қазіргі жағдай жайлы 20 дерек


Италияның Милан қаласында жүрген адам. 25 ақпан 2020 жыл.
Италияның Милан қаласында жүрген адам. 25 ақпан 2020 жыл.

Қытайдың Ухань қаласынан шыққан коронавирус қазір әлемнің 50-ден астам еліне тарады. Олардың қатарында Беларусь, Әзербайжан, Грузия бар. Иран, Италия, Оңтүстік Кореяда вирус жұқтырғандар саны көбейіп барады. Қазақстан денсаулық сақтау министрі де вирусқа қатысты мәлімдеме жасады. 28 ақпандағы жағдай бойынша 20 дерек ұсынамыз.

1. Қытай 27 ақпанда елде вирусты 327 адам жұқтырғанын, 44 адамның көз жұмғанын хабарлады. Бұл елде вирус жұқтырғандар саны азайып келе жатқанын байқауға болады. Жалпы Қытайда коронавирус 78 мыңнан астам адамға жұғып, 2788 адам көз жұмды.

2. Вирус әлемнің 50-ден астам елінде тіркелді. Қытайды есептемегенде, қазір әлем бойынша 3600 астам адамға вирус жұққан. Қаза болғандар саны 57-ден асты.

3. Иран денсаулық сақтау министрлігі 34 адамның көз жұмғанын, вирус 388 адамнан табылғанын хабарлады. Вирус жұқтырғандар арасында Иран президентінің әйелдер ісі жөніндегі орынбасары Масухем Эбтекар бар. 28 ақпанда Иранда жұма намазы оқылған жоқ.

Масухем Эбтекар.
Масухем Эбтекар.

4. Ауғанстан, Бахрейн, Ирак, Кувейт, Оман, Пәкістанда вирус табылды. Коронавирус жұқтырғандардың барлығы Иранда болған.

5. Әзербайжанда да коронавирус тіркелді. Ел үкіметі Ираннан келген Ресей азаматынан вирус табылғанын хабарлады. Нидерланд пен Литвада да вирус жағдайы тіркелді.

6. Беларусь билігі де елде бір адамнан вирус табылғанын мәлімдеді. Covid-19 вирусын Ираннан келген студент жұқтырған. Ол Минсктегі университетте оқиды. Вирус Мексика мен Жаңа Зеландияға да жетті.

Ирандық студент оқыған университет маңында кетіп бара жатқан адам. Минск, 28 ақпан 2020 жыл.
Ирандық студент оқыған университет маңында кетіп бара жатқан адам. Минск, 28 ақпан 2020 жыл.

7. Жапонияда екі аптадай карантинде болған Diomand Princess кемесінде болған Қырғызстан азаматы вирус жұқтырған. Ол қазір Жапониядағы ауруханалардың бірінде жатыр. Бұған қоса, осы лайнерде болған Ұлыбритания азаматы 28 ақпанда көз жұмғаны хабарланды.

8. Оңтүстік Кореяда да жағдай қиын. Бұл елде вирус жұқтырғандар саны 2300-ден асты. 13 адам қайтыс болды. Оңтүстік Корея – коронавирус жұқтырғандар саны бойынша Қытайдан кейінгі екінші ел.

9. Италияда елде 11 шағын қала карантинге жабылды. Еуропада коронавирустан ең көп зардап шегіп жатқан елде қазірге дейін 400-ден астам адам вирус жұқтырған. 12 адам көз жұмды. Көбі - егде адам.

Римде жүрген туристер. 24 ақпан 2020 жыл.
Римде жүрген туристер. 24 ақпан 2020 жыл.

10. Италияда жүрген Украина азаматы да вирус жұқтырған. Қазір ол Италияда ауруханада жатыр.

11. Швейцария елде болатын ірі шараларды кейінгі қалдырды. Бұл елде бір адамнан вирус табылған. Ол Швейцарияға Италиядан келген.

12. Вирус Африканың Суб-Сахара аймағына да жетті. Нигерияға коронавирус жұқтырған бір адам келген.

13. Қытайға сапарлаған Моңғолия президенті Халтмаагийн Баттулга 14 күнге карантинде болады.

14. Ресей Иран мен Оңтүстік Корея азаматтарының елге кіруіне тыйым салды. Мәскеу бұған дейін Қытай азаматтарына да шектеу қойған.

15. Әлемдегі ірі компаниялар, брендтер, қонақүйлер, әуе компаниялары коронавирус салдарынан көп зардап шегіп жатыр. Азия мен Еуропа биржасындағы акциялар түсіп барады.

16. Cауд Арабиясы умра қажылығына тыйым салды. Бұл ел Қытай, Жапония, Сингапур, Корея, Иран, Малайзия, Италия және Қазақстан азаматтарына виза беруге шектеу қойды.

Меккеде Умра қажылықта жүрген жұрт. 27 ақпан 2020 жыл.
Меккеде Умра қажылықта жүрген жұрт. 27 ақпан 2020 жыл.

17. Орталық Азия елдерінде коронавирус тіркелген жоқ. 27 ақпанда Қазақстан денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Нұр-Сұлтандағы жиында «Вирустың Қазақстанға да келетінін жоққа шығара алмаймыз. Вирустың тарауы елдегі медицинаның дамуына байланысты емес екенін көріп отырмыз. Медицинасы жақсы дамыған Жапония, АҚШ, Корея сынды елдер вирустан зардап шегіп жатыр. Бұл инфекция ауамен тарайды. Сондықтан ол сіздің паспортыңызға не табысыңызға қарамайды» деді ол.

18. Жапонияның Хоккаидо провинциясында коронавирусқа байланысты төтенше жағдай жарияланды. Бұл аймақта 66 адамнан вирус табылған. Жалпы Жапонияда 210 адамға коронавирус жұқтырған. Көз жұмғандар саны төртеу. Елде сәуірге дейін мектептер мен университеттер жабылды

19. БАӘ астанасы Абу-Дабидегі екі қонақүй карантинге жабылды. Осы елге жарысқа келген италиялық велокоманданың екі өкілінен вирус табылған. Велоспорттан Абу-Даби туры өтпейтін болды.

20. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирус «пандемияның алдында тұр» деп дабыл қақты. 28 ақпанда ұйым өкілі Кристиан Линдмайер Reuters агенттігіне берген сұхбатында «вирус әлемнің барлық еліне тарамаса да көбін шарпуы мүмкін» деді. Ұйым қазір коронавирусқа қарсы 20 вакцина сынақтан өткізіліп жатқанын мәлімдеді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының кеңесі

  • Қолыңызды жиі жуыңыз.
  • Көзіңізді, мұрныңызды уқаламаңыз, қолыңызды аузыңызға тигізбеңіз.
  • Жөтеліп, түшкіріп жүрген жұрттан бір-екі метр алыс жүріңіз.
  • Жөтелсеңіз, қызуыңыз көтерілсе, тыныс алу қиындаса бірден дәрігерге қаралыңыз.
  • Вирус табылған елден келсеңіз біраз уақыт үйіңізде болыңыз.
    Covid-19 вирусы қалай жұғады?
    please wait

    No media source currently available

    0:00 0:00:52 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG