Соңғы аптада Қытайдан басқа елдерде коронавирус жұқтырған адамдардың күрт көбеюі COVID-19 вирусының әлемге таралуын тежеу мүмкін емес деген болжамға негіз болды.
Қазір солтүстік-шығыс Азия, Таяу Шығыс пен Еуропа елдерінде билік дерттің таралуына қарсы күресіп жатыр. Халықаралық сарапшылардың көбі "коронавирусты бақылауда ұстау мүмкін емес" деген пікірде.
Оңтүстік Корея, Иран мен Италия билігі өз территориясында коронавирус тіркелгенін хабарлағаннан кейін, ақпанның 21-і күні осындай пікірді Миннесота университетінің жанындағы жұқпалы аурулар саласындағы зерттеу мен саясат орталығының директоры Майкл Остерхольм да айтты.
Остерхольм Politico басылымына берген сұхбатында "Вирус бақылауда деп айта алмаймыз. Оны тежеу мүмкіндігін әлдеқашан жоғалтып алғанбыз. Қазір белгісіз жағдайда қалдық" деген. Бұл пікірге Гарвард университетінің профессоры Марк Липсич сияқты эпидемиологтардың біразы қосылады.
Липсич ақпанның 24-і күні Atlantic басылымына берген сұхбатында бір жыл ішінде жер шары халқының 40-70 пайызы коронавирус жұқтырады деп болжаған. Ол көп адамда вирус жеңіл түрде өтіп, кей жағдайларда ауру белгілері мүлде байқалмауы мүмкін екенін айтқан.
ПАНДЕМИЯ МА, ЖОҚ ПА?
Коронавирустың әлемнің 30-дан астам мемлекетінде тіркелгеніне қарамастан, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус оны ғаламдық пандемия деп жариялаған жоқ. Ұйым тарапынан осындай мәлімдеме жасалса, бұл БҰҰ мен 2005 жылы ДДСҰ-ның халықаралық медициналық-санитарлық ережелеріне қол қойған мемлекеттердің вирустың таралуын тоқтатуға бағытталған шараларды қолға алуына түрткі болар еді.
Қаңтардың 30-ы күні ДДСҰ төтенше комитетінде өткен дауыс беруден кейін Гебрейесус Қытайдың орталық бөлігінен шыққан вирус "қоғамдық денсаулық сақтауға халықаралық деңгейде қауіп туғызған жағдайға айналды" деді. Ол ақпанның 21-і күні жасаған соңғы мәлімдемесінде халықаралық қауымдастықты ауруды тоқтатудың "қолдан кетіп бара жатқан мүмкіндігінен" айырылып қалмауға шақырды.
Іс жүзінде желтоқсан айының соңында Қытайда тіркелген жаңа жұқпалы ауру Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ғаламдық эпидемия деп бағалауына лайық ауқымды қамтып үлгергенге ұқсайды. Ұйым анықтамасында "пандемия – адамдардың көбінің қарсы иммунитеті жоқ жұқпалы аурудың бүкіл әлемде таралуы" деп түсіндірілген. Осы анықтамаға сәйкес, жергілікті эпидемия алғаш пайда болған аумақпен тікелей байланысы жоқ әлемнің басқа бөліктерінде тіркелген кезде ғаламдық сипат ала бастайды.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2010 жылы жариялаған пандемия туралы ақпаратында "көп адамның ағзасында жаңа вирусқа қарсы тұру қабілеті болмағандықтан, пандемияның салдары әлдеқайда қиын болады" делінген.
ВИДЕО: Украинада Уханьнан келгендерді карантинге жатқызуға қарсы шықты
ДДСҰ баспасөз хатшысы Тарик Ясаревичтың айтуынша, қазір ұйымда 2009 жылы Мексикадан шыққан "құс тұмауы" кезіндегідей ескерту жүйесі қолданылмайды.
"Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы біраз адамға 2009 жылдан бері таныс шаралар жүйесін қазір қолданбайды" деген Ясаревич ұйымда белгілі бір уақыттан бері пандемияға арналған "ресми санат" жоғын хабарлады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының пандемияның ғаламдық фазаларына көзқарасы өзі берген анықтама мен "қоғамдық денсаулық сақтауға халықаралық деңгейде қауіп туғызған жағдай" деген сипаттамаға мүлде ұқсамайды.
Ұйым дерегінше, пандемияның ғаламдық фазаларына деген көзқарас 2009 жылы болған "құс тұмауынан" кейін жасалған қорытындылар негізінде қайта қаралған.
2017 жылы мамыр айында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жариялаған "Пандемиялық тұмау қаупін басқару" деген құжатта "ғаламдық фазалар мемлекет деңгейіндегі шешімдерге сәйкес болмай шықты" деп жазылған. Онда бұл қадам "әр мемлекетті ел аумағындағы жағдайға байланысты қауіптерді өз бетінше бағалау механизмдерін іске қосуға ынталандыру" үшін жасалды деп көрсетілген.
ИРАНДАҒЫ АХУАЛ
Бірақ бұл шешім елдегі коронавирус мәселесін мойындамай, ауруға қатысты деректерді азайтып көрсетуге тырысқан Иранда сынақтан өтіп жатыр.
Иран денсаулық сақтау министрлігінің Құм қаласындағы жағдай туралы ұсынған дерегі жергілікті депутат Ахмад Амирабади-Фараханидің ақпаратымен мүлде сәйкес келмейді.
Ақпанның 24-і күні депутат қалада соңғы екі аптада коронавирустан 50 адам көз жұмғанын айтқан. Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Киануш Яханпур бұл деректі бірден жоққа шығарып, депутат мәлімдемесін "шылғи өтірік" деп атаған. Ол ел аумағында коронавирустан 12 адам қайтыс болғанын хабарлаған.
Вирусқа қарсы комиссияны басқаратын вице-министр Ирадж Хариричи те депутат дерегін теріске шығарған. Ол ақпанның 24-і күні өткен баспасөз конференциясында Құм қаласында тіркелген ауру құрбандарының саны ресми деректен көп болып шықса, отставкаға кетуге уәде берді. Баспасөз конференциясынан хабар таратқан журналистер министрдің орынбасары мұндай мәлімдеме жасаған кезде су терге түсіп, өзін жайсыз сезінгеніне назар аударды. Ақпанның 25-і күні Иранның денсаулық сақтау министрлігі коронавирустан көз жұмғандар туралы ресми деректі 15 адамға дейін арттырды. Кейінірек вице-министрдің өзі де коронавирус жұқтырғаны белгілі болды.
Қазір әлемде коронавирусқа шалдыққандар саны 80,5 мың адамға жетті. Ал коронавирустан қайтыс болғандар саны 2,7 мың адамнан асқан. Вирус алғаш табылған Қытайдан бөлек, коронавирус жұқтыру фактілері Оңтүстік Корея, Италия, Жапония мен Иранда көп кездескен. Ресми дерек бойынша, Қазақстанда коронавирус тіркелмеген.
ПІКІРЛЕР