Ұлыбританияда оқып жүрген ресейлік студенттер Мәскеудің өздерін елге шақырып алу бастамасына сыни көзбен қарайды.
“Бұл жоба келген жері бойынша кемсітіліп, қысым көріп жүрген, шетелге барып оқығанына өкінетін адамдарға қызық болар. Менде ондай проблема жоқ. Ресейден келгеніме байланысты ешқандай жағымсыз жайт болып жатқан жоқ” дейді Лондондағы Голдсмит университетінде магистратурада оқып жатқан Алена Федотова.
Ресейдің ТМД істері және шетелде жүрген отандастар мәселесімен айналысатын Россотрудничество агенттігі сәуірдің 16-ы күні “Highly Likely Welcome Back” немесе “Үйге қайтыңдар” деген атпен жоба бастады. Ресей Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэйдің бұрынғы тыңшы Сергей Скрипаль мен оның қызын Ресей аса улы материалмен улаған болуы “әбден мүмкін” ("highly likely") деген сөзін ұран ретінде қолданып отыр.
– Бұл ұсынысқа бола Ресейге қайтуды ойлап жүрген жоқпын. Ешқандай жағымсыз нәрсені байқамадым. Мұнда елдің бәрі сыпайы. Шынымды айтсам [Ресей үкіметінің] бастамасын мүлде түсінбеймін. Меніңше, Ресей студенттерінің шетелге барып оқып, елге қайтып жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін бағдарлама ұсынса жақсы болар еді, - деді Бат университетінде машина жасау мамандығын оқып жүрген Тимур Хаиров.
Сергей Скрипальдың улануы Ресейдің Батыспен, соның ішінде Ұлыбританиямен арасын нашарлатып жіберген соңғы он жылдағы ерекше оқиға болды. Россотрудничествоның атын айтпаған бір өкілі РИА Новости агенттігіне "Еуропадағы көп елдің Ресей азаматтарына қатысты русофобиялық көзқарас ұстанып, олардың өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруына кедергі болып жатқанын” айтқан.
Бұл ұсыныс бойынша елге қайтқан студенттер Сыртқы істер министрлігіне қарайтын беделді оқу орны – Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтына (МГИМО) немесе басқа мемлекеттік институттарға оқуға қабылданады немесе Ресейдің Қиыр Шығысында жұмысқа орналастырылады.
Россотрудничествоның осы жобасын таныстыруға арналған баспасөз мәслихатын жүргізген Оксана Буряк: “Шетелде оқып жатқан жастарымыздың қауіпсіздігі басты мәселеге айналды» деп сөз бастаған. Дегенмен, Азат Еуропа/ Азаттық радиосының тілшілеріне сұхбат берген ресейлік студенттердің бірде-бірі өз қауіпсіздігі үшін алаңдамайтындарын айтты.
– Бұл бағдарлама аясында да, басқа жолдармен де Ресейге бармайтыным анық. Мұнда еркін жүремін. Ал Ресейде стереотиптерге сай болуың керек. Бұл қате демеймін, бірақ бұл маған келмейді. Англияда ориентациясына, дініне не ұлтына қарамастан, әр адамның қоғамның толық мүшесі болуға мүмкіндігі бар, маған сол ұнайды. Оның үстіне, мұндағы халық үкіметті сынаудан қорықпайды, – деді Йорк университетінде тарих мамандығын оқып жатқан София Захарова.
Псковтан келіп, Англияда екі жылдан бері тұрып жатқан, Ресейдегі оқу орнында сырттай оқып жүрген Адриана Кюпар:
- Ешқандай саяси қысымды байқамадым. Қысым туралы айтсақ, оны Ресейге барғанда сеземін, мәселен, теледидарды қосқанда. "Елдің бәрі жаман, біз ғана кереметпіз" деген сөздерден шаршадым, - дейді.
23 жастағы Александра Медведская Уестминстер университетінде бакалавриатта оқып жүр. Оның айтуынша, Англияда ешқандай проблема жоқ.
– Ресейліктерге жергілікті адамдар тиісіп жатқан жоқ. Туысқандарымның “Еуропада саған қалай қарайды?” деген сұрақтарынан түйгенім – біздің телеарналар ауыр атмосфера қалыптастырып, “жан-жағымыздан жаулар анталап тұр, бәрі бізді жек көреді” деген ойды белгілі бір мақсатпен ресейліктердің санасына сіңіріп жатқан сияқты. Бұл шындыққа жанаспайды, – дейді ол.
Лондон экономика мектебінде докторантурада оқып жатқан Дмитрий Жихаревич Ресей үкіметі Санкт-Петербургтегі Еуропа университетіне ұзақ уақыт қысым көрсетіп, желтоқсан айында лицензия беруден бас тартқанын еске алды.
– [Россотрудничествоның] бұл ұсынысын байыппен ойланатын адам шығатынына күмәнім бар. Әсіресе, Санкт-Петербургтегі Еуропа университетінің жағдайын еске алсақ, жалпы бастаманың өзі күмәнді көрінеді, – деді Жихаревич.
Студент Тимур Хаиров үшін ең бастысы – Англияда оқу, себебі "бұл оның болашағы үшін маңызды".
(Наталья Кондрашова, Александр Валиев, Роберт Коалсонның мақаласы негізінде дайындалды)