Accessibility links

Қытай АҚШ-тағы құқық қорғау ұйымдарына санкция салды


Пекинде өткен АҚШ пен Қытай арасындағы сауда келіссөзі кезінде түсірілген сурет. 14 ақпан 2019 жыл.
Пекинде өткен АҚШ пен Қытай арасындағы сауда келіссөзі кезінде түсірілген сурет. 14 ақпан 2019 жыл.

Пекин 2 желтоқсанда штаб-пәтері АҚШ-та орналасқан үкіметтік емес халықаралық құқық қорғау ұйымдарына "Қытайдың арнайы әкімшілік аймағындағы (Гонконг) көтерілісті қолдағаны үшін" санкция салды. Бұл – Қытайдың АҚШ президенті Дональд Трамптың Гонконгтегі наразылықты қолдайтын заңына "жауабы".

ҚЫТАЙДЫҢ САНКЦИЯСЫ

Қытайдың санкция тізіміне Human Rights Watch, Freedom House ұйымдары, Халықаралық қатынастар бойынша ұлттық демократиялық институты, Демократияны қолдау ұлттық қоры және Халықаралық республикалық институты енген.

Ұйымдарға санкция салынғанын Қытай сыртқы істер министрлігінің өкілі Хуа Чуньин Қытайдың орталық телеарнасы арқылы хабарлады.

"Бұл ұйымдар Гонконгтің тәуелсіздігін қалайтын Қытайға қарсы күштер мен сепаратистерді қолдап отырғанына дәлеліміз бар. Олар Гонконгте хаос жасап, адамдарды қылмысқа үгіттеп жатыр. Бұл ұйымдар Гонконгтегі хаосқа жауапты және санкцияға лайық. Олар өз істері үшін жауап беруі тиіс" деді Хуа Чуньин.

Гонконгтегі наразылық. 1 желтоқсан 2019 жыл.
Гонконгтегі наразылық. 1 желтоқсан 2019 жыл.

Бұдан бөлек, Қытай АҚШ-тың әскери кемелері мен әскери ұшақтарына Гонконгке келуіне тыйым салды.

Пекиннің бұл санкциясы – АҚШ-тың Гонконгтегі наразыларды қолдайтын екі заңына жауабы. Бұл заңға АҚШ президенті Дональд Трамп 29 қарашада қол қойған.

ВАШИНГТОННЫҢ ШЕКТЕУІ

Трамп қол қойған алғашқы заңға сай, АҚШ наразыларға күш қолдануға қатысы бар Қытай және Гонконг шенеуніктеріне санкция салған. Екінші заң АҚШ-тың Гонконг полицейлеріне құрал-жабдық, қару сатуға тыйым салады.


Жаңа заңға сай, Вашингтон Пекиннің Гонконгтегі әрекетін, Гонконгте "бір ел – екі жүйе" саясаты қаншалықты сақталатынын бақылап отырады. Егер Қытай Гонконгтің ішкі ісіне араласпаса, Вашингтон Гонконгке жасалған экономикалық-сауда жеңілдіктерді алып тастамақ.

АҚШ қазір Гонконгке "ерекше статус" берген. Бұл "статусқа" сай, Вашингтонның Қытайға салған санкциялары мен тарифтері Гонконгте жүрмейді.

Трамп қол қойған заңға сай, наразылық кезінде қамалғандар АҚШ визасын жеңілдетілген жолмен алады.

Қытай сыртқы істер министрлігі АҚШ-тың Гонконгке қатысты қабылдаған заңын халықаралық құқықтарды бұзады деп айыптады. Пекин Вашингтонды "елдің ішкі ісіне араласып отыр" деп санайды. 28 қарашада Қытай сыртқы істер министрлігі АҚШ "қылмыскерлерді ашық қолдап отыр" деп мәлімдеді.

ГОНКОНГТЕ НЕ БОЛЫП ЖАТЫР?

Гонконгте жаздан бері халық билікке қарсы наразылық жалғасып келеді. Гонконг пен Қытай билігі бұл наразылықты "бассыздық" деп атайды.

Маусымның басында Гонконг билігі "кандайда бір қылмысқа күдіктілерді Пекин сұраған жағдайда құрлықтық Қытайға беру туралы" заңды енгізбек болды. Бұл заң жобасын Қытай билігі ұсынған. Заң жобасына сай, Гонконг аумағында жүрген адамды Пекин қандайда бір қылмысқа күдікті деп тапса, Гонконг ол адамды Қытай, Макао немесе Тайпейге экстрациялауы тиіс еді. Жұрт бұл заң жобасына қарсы шықты.

Гонконгтегі наразылардың бірі. 1 желтоқсан 2019 жыл.
Гонконгтегі наразылардың бірі. 1 желтоқсан 2019 жыл.

Наразылар "заң қабылданса, Пекинді сынаушылар, Қытайдағы қысымнан қашып, Гонконгке келгендер, тіпті туристер зардап шегеді" деп қауіптенген. Ал билік бұл заң жобасы "Гонконгке қашып, бас сауғалайтын қылмыскерлердің" санын азайтады деп түсіндірген еді.

Шілденің басында аймақ басшысы Кэрри Лэм "күдіктілерді Қытайға беру заңын толығымен жойғанын" хабарлаған. Бірақ соған қарамастан елде наразылық басылмай тұр.

Қазір наразылар биліктен демократиялық өзгерістерді талап етіп жатыр.

Гонконгтегі наразылық кезінде полиция мен демонстранттар бірнеше рет қақтығысып қалған. Полицейлер наразыларды тарату үшін күш қолданып, оқ атқан.

Наразылық кезінде екі жарым мыңдай адам қамалған. Наразылар биліктен қамалғандарды да босатуды талап етеді.

Ұлыбритания Гонконгті 1997 жылы Қытайға қайтарып берген. Гонконг – Қытайдың ерекше әкімшілік аймағы болып саналады, бірақ "бір ел – екі жүйе" принципімен жүреді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG