Accessibility links

"Қара тізімнен" шыққан Гафур Рахимов Ташкентке барды


Гафур Рахимов Ташкентте.
Гафур Рахимов Ташкентте.

Өзбекстан Ішкі істер министрлігі іздеу жарияланғандар тізімінен алып тастаған кәсіпкер, Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығы (AIBA) президентінің міндетін атқарушы Гафур Рахимов сегіз жылдан соң еліне келді.

Азаттықтың Өзбек қызметінің хабарлауынша, 67 жастағы Гафур Рахимов шілденің 27-сінде Ташкентте Өзбекстан ұлттық олимпиада комитеті президенті Умид Ахмаджоновпен кездескен.

Кездесуде Рахимов президент Мирзияев жүргізген реформалардың арқасында "Өзбекстанның спорт саласында түбегейлі өзгерістер болды" деген.

Бұл - 2010 жылы Өзбекстаннан кетіп қалған Гафур Рахимовтың Ташкентке алғашқы сапары.

2013 жылы ақпанда Гафур Рахимовқа Өзбекстанның Қылмыстық кодексінің "Бопсалау", "Қылмыстық жолмен алынған кірісті заңдастыру" және "Жалған құжат, штамп, мөр, бланкілер дайындап, сату немесе пайдалану" баптары бойынша айып тағылған еді. Осыдан кейін Өзбекстан Ішкі істер министрлігі Рахимовқа халықаралық іздеу жариялаған. Бұдан бөлек, 2016 жылдың қыркүйегіне дейін Рахимов Интерпол іздеу салған тұлғалар тізімінде де болған.

Гафур Рахимов Сочидегі AIBA жиынында. 3 ақпан 2018 жыл.
Гафур Рахимов Сочидегі AIBA жиынында. 3 ақпан 2018 жыл.

Биыл маусымда Гафур Рахимов пен оның әйелі Лола Рахимованың аты-жөні Өзбекстан ІІМ жариялаған "қара тізімде" қайта пайда болып, іздеу жарияланған. Шілденің 10-ы күні Өзбекстанның Бас прокуратурасы іздеу жарияланғандар тізімінен бизнесмен Гафур Рахимовты алып тастау туралы қаулы шығарды. Ал екі күннен кейін жоғарғы лауазымды дереккөздер Азаттықтың Өзбек қызметіне Гафур Рахимов Өзбекстанға оралу үшін "заң жүзінде рұқсат алды" деп хабарлады.

2012 жылы АҚШ Қаржы министрлігі Гафур Рахимовты "ұйымдасқан қылмыстық топ жетекшілерінің бірі" деп жариялап, оған қаржылық санкция салған. АҚШ "Рахимов героин контрабандасымен де айналысқан халықаралық ірі наркосиндикаттарды басқарған" деп айыптайды.

Биыл мамырда Рахимов өзіне салынған санкцияларды алып тастау үшін Вашингтон мен Лондондағы адвокаттарына АҚШ Қаржы министрлігінің шетелдік активтерді қадағалау кеңсесіне (OFAC) петиция жолдауды тапсырғаны туралы хабарлама жариялаған.

Бұл мәлімдемеде Гафур Рахимов: "Әлдебір ұйымдасқан қылмыстық топпен ешқашан байланысым жоқ және әлемнің кез келген елінде кез келген қылмыс үшін істі болып, сотталмақ түгілі, маған билік тарапынан ешқашан айып тағылған емес. АҚШ Қаржы министрлігі қысымын тоқтатпай отыр. Ал мен АІВА-ның басқару жүйесі мен қаржылық тұрақтылығын қалпына келтіруге күш салып жатырмын. Боксты жақсы көремін. АІВА кез келген қиындықты жеңеді. Сондықтан өзіме тағылған негізсіз айыптарға қарамастан, өмірімді спортқа арнай беремін" деп жазған.

АҚШ санкция салған тұлғалар мен кәсіпорындардың америкалық банктердегі есеп-шоттары бұғатталып, америкалық азаматтарға олармен кез келген сипатта істес болуға тыйым салынады.

Кей деректер бойынша, Рахимов қазір Дубайда тұрады. 2017 жылы желтоқсанда АҚШ Қаржы министрлігі "Магнитский ісі" бойынша 13 тұлға мен 39 ұйымға санкция салған еді. Олардың ішінде Рахимов те болған.

(Азаттықтың Өзбек қызметі тілшісі Хурмат Бабаджановтың мақаласы орысшадан аударылды)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG