Accessibility links

Бокстың болашағы белгісіз...


Қазақстандық боксшы Василий Левит пен ресейлік Евгений Тищенко Рио олимпиадасының марапаттау рәсімінде.
Қазақстандық боксшы Василий Левит пен ресейлік Евгений Тищенко Рио олимпиадасының марапаттау рәсімінде.

Пхенчханда (Оңтүстік Корея) Халықаралық олимпиада комитетінің кезекті сессиясы өтті. Сессиядан кейін журналистермен кездескен ХОК президенті Томас Бах спорттағы гендерлік теңдік, бокстың болашағы және Ресейдегі допинг дауы туралы айтты.

Пхенчханда қазір Спорттық арбитраж соты (CAS) олимпиададан шеттетілген ресейлік спортшылардың аппеляциялық шағымын қарап жатыр. Қаңтарда Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) “Сочи олимпиадасында допинг ережесін бұзды” деген айыппен ондаған Ресей спортшысын Пхенчхан ойындарының жолдамасынан айырған. Сот шешімі 9 ақпанға дейін шығуы тиіс. CAS бас хатшысы Матье Рибтің айтуынша, егер ресейлік спортшылардың шағымы қанағаттандырылса, олар автоматты түрде олимпиадаға қатысуға мүмкіндік алады. Ал ХОК президенті Томас Бах “сот шешімін күтеміз” деді.

ХОК президенті Томас Бах Пхенхчандағы жиында. 7 ақпан 2018 жыл.
ХОК президенті Томас Бах Пхенхчандағы жиында. 7 ақпан 2018 жыл.

- Пхенчхандағы ХОК сессиясында атқарушы комитет мүшелері Ресейді олимпиададан шектеу шешіміне қатысты дауыс берді. Екі адам қалыс қалды. Қалғандары қолдады. Атқарушы комитеттің [Ресейді олимпиададан шектеу шешіміне] көңілдері толды. ХОК тәртіп комитеті Ресейге қатысты жан-жақты тексеру жүргізді. Дәлелдер жеткілікті, - дейді Бах.

Ресей Пхенчхандағы олимпиадаға жеке ел ретінде қатыспайды. Бұл елдің спортшылары “Ресейдің олимпиадалық атлеттері” деген атпен сынға түседі. Олимпиада кезінде Ресей туы көтерілмейді, әнұраны орындалмайды. ХОК Ресейді Сочи олимпиадасы кезінде допингті мемлекеттік деңгейде қолдады, спортшылардың анализдерін тексергенде астыртын әрекеттерге барды деп айыптайды.

БОКСТАҒЫ ТӨРЕШІЛЕР ЖҰМЫСЫ

Халықаралық олимпиада комитеті боксты 2018 жылы Буэнос-Айресте (Аргентина) өтетін жасөспірімдер арасындағы жазғы олимпиада мен 2020 жылы Токиода (Жапония) болатын жазғы олимпиададан алып тастауы мүмкін. ХОК президентінің пайымдауынша, соңғы уақытта бокстың айналасында мәселе көбейіп кеткен.

Рио олимпиадасындағы Левит-Тищенко жекпе-жегі.
Рио олимпиадасындағы Левит-Тищенко жекпе-жегі.

- Атқарушы комитет өз ұстанымын нақты білдірді. Бокста допингке қарсы жүйе, төрешілер жұмысы, қаржы мәселесі талапқа сай болу керек. Біз алда өтетін олимпиадаларға дейін осы мәселелердің тез шешілгенін қалаймыз. AIBA (Халықаралық әуесқой боксшылар қауымдастығы-ред) қандай шара қолданатынын көреміз, - деді Бах.

Рио олимпиадасында 91 килограмм салмақтағы финалда қазақстандық Василий Левит пен ресейлік Евгений Тищенко арасындағы жекпе-жектен кейін үлкен дау шыққан. Кездесуде Тищенко жеңіске жеткен. Бірақ мамандар мен жанкүйерлер төрешілер шешімін сынаған. Кейін осы кездесуде төрелік жасаған төрешілердің басым бөлігі олимпиададан шеттетілген еді.

Оқи отырыңыз: Левиттің жеңілгені Олимпиададағы дауға айналды

Ал 2017 жылдың соңында AIBA президенті Ву Чинг Куо қызметінен қуылды. Қазір өзбекстандық Гафур Рахимов бұл ұйымды уақытша басқарып отыр. АҚШ-тың қаржы министрлігі Рахимов қылмыстық топты басқарды деп оған санкция салған.

СПОРТТАҒЫ ГЕНДЕРЛІК ТЕҢДІК

ХОК алдағы олимпиада ойындарында гендерлік теңдік орнатқысы келеді. Олимпиадаға қатысатын әйел және ер спортшыларға теңдей жолдама беріп, медальдарды да тең бөлуді жоспарлайды. Ұйымның есебінше, әйел спортшылардың үлесі Пхенчханда өтетін қысқы олимпиадада 48 пайыз. Бахтың айтуынша, 2020 жылы өтетін жасөспірімдер арасындағы қысқы олимпиадада гендерлік теңдік толық орнайды.

Қысқы олимпиада өтетін Пхенчхан қаласындағы биатлон кешені. 7 ақпан 2018 жыл.
Қысқы олимпиада өтетін Пхенчхан қаласындағы биатлон кешені. 7 ақпан 2018 жыл.

Халықаралық олимпиада комитеті алдағы уақытта Африка құрлығында олимпиада өткізгісі келеді. Пхенчханда өткен ХОК-тың кезекті сессиясында 2022 жылы өтетін жасөспірімдер арасындағы жазғы олимпиаданы Африкада өткізу туралы шешім қабылданды. 2022 жылғы ойындарды өткізуге Африкадан Габороне қаласы (Ботсвана) ниет білдірген. Кандидаттар арасында Гонконг, Будапешт (Венгрия), Қазан (Ресей) бар.Әзірге Африка елдері бірде-бір олимпиаданы ұйымдастырмаған.

- Африка елдері “үлкен” олимпиаданы өткізу үшін 2032, 2036 жылды күтуі керек. Себебі қазір 2028 жылға дейін олимпиада өтетін қалалар белгілі. Сондықтан Африка көп күтпес үшін жасөспірімдер олимпиадасын бергіміз келді. 2032, 2026 жылы Африкадан “үлкен” олимпиаданы өткізуге ниетті елдер шығып қалады деп үміттенеміз, - дейді Бах.

Пхенчхандағы олимпиада ақпанның 9-25 аралығында болады. Ал 2022 жылғы қысқы олимпиаданы Пекин (Қытай) ұйымдастырады. Бұл олимпиаданы өткізуге Алматы қаласы да кандидат болған. 2024 жылғы жазғы олимпиада Парижде (Франция), 2028 жылғы жазғы ойындар Лос-Анджелесте (АҚШ) өтеді.

XS
SM
MD
LG