"Sevgingni Menga Ait" (Маған махаббатың туралы айт) әніне түсірілген клипте Юлдошева Өзбекстанда әртістерге ән айтуға рұқсат беретін куәлік алуға арнаулы комиссияның алдына келген әншінің рөлін сомдайды.
Артында екі бишісі бар Лола үлкен шляпа, тізеге дейінгі ұзын етік, қара түсті киімдер мен кең пальтодан тұратын батыс стилінде киінген.
Лола өнер көрсетерден бұрын комиссия мүшесі оған "өзбек әншілері куәлікке сынақ тапсырғанда билік өкілдеріне ұлттық дәстүрді сақтайтынын дәлелдеуі тиіс" деп ескертеді. "Ұлттық дәстүрді сақтау" деген сөзді билік өкілдері музыканттарға куәлік беру кезінде жиі қолданады.
Клипте комиссия мүшесі әншінің әнін бөліп, оның киіміне көңілі толмағанын білдіреді.
"Кешіріңіз, біздің төл дәстүріміз бен ұлттық киімдеріміз бар. Бас киіміңіз қандай мағына береді? Сіздің еуропалық үлгідегі киімдеріңіз ұлттық менталитетімізге сай келмейді" дейді клиптегі комиссия мүшесі.
Ол сондай-ақ өзбектер төл дәстүрін ұмытпауы керегін айтады, ал жанында отырған әріптесі оның сөзіне қол соғады.
Әнші әнін қайта бастап, бұл жолы бас киімін шешіп, артында тұрған бишілердің орнына бірі ақ көйлек, екіншісі костюм киген екі ер адамды қояды.
Билік өкілдері музыканттарға Өзбекстанда өнер көрсету үшін міндетті саналатын куәлік берерде немесе оның мерзімін ұзарту туралы шешім қабылдарда өнер адамдарының шығармашылығы, киімі мен шаш үлгісіне қарайды.
Мұндай тексеру кезінде теріс баға алған әншілер Өзбекстан аумағында концерт беріп, кештерде өнер көрсету мүмкіндігінен айырылады.
Осыған дейін Өзбекстанның белгілі әншісі Санжар Жабвердиев (халық арасында San Jay лақап атымен танымал) сақалы үшін қоғамдық шараларға қатысудан шеттетілгенін айтып, президент Шавкат Мирзияевтен көмек сұраған.
Бірнеше әйел әнші киімдері тым ашық әрі әдепке сай емес деп танылған соң, куәлігінен айырылған.
Кинопродюсер Абдулазиз Махмудов Юлдошеваның жаңа видеосына қатысты "Өзбекстандағы өнерге деген көзқарасты көрсететін мағыналы клип..." деген пікір білдірді.
"Билік адамдардың санасына қалаған дүниесін сіңіргісі келеді. Бірақ адамдардың санасын цезураның көмегімен күштеп өзгерту мүмкін емес" деді ол.
"Елде ар-ұяттың сақшылары көп. Әсіресе, мұндайлар көбіне Өзбекконцерт пен Өзбеккинода (Өзбекстандағы музыка мен кино саласына жауапты мекемелер) кездеседі. Аталған мекемелер цензураны тікелей қолдап отыр" деді Махмудов.
Белгілі өзбек блогері Нұрбек Алимов музыкалық видеоны "Лоланың революциясы" деп атап, әншінің "батылдығын" жоғары бағалады.
"Юлдошева әр адамның шекарадан шығып, қалаған киімін киіп, ұнатқан стилін таңдауға құқығы барын көрсетті" деді Алимов.
Билік өкілдері бұл тақырыпта пікір білдірген жоқ.
Мәдениет министрлігі баспасөз қызметінің басшысы Мавлуда Асқархужаева "барлық музыка, видео мен ән өзбек халқының менталитетіне сәйкес келуі керек" деді.
2015 жылы наурызда Юлдошева Ташкентте өткен концертте киген көйлегі үшін ресми ескерту алған. Билік өкілдері әншінің аяғы көрінетін қызыл көйлегін ұлттық құндылыққа қайшы киім үлгісі деп таныған.
Сол кезде билік өкілдері Өзбекстандағы әйел әншілерге концерттерде жартылай жалаңаш киіммен шықпауды ескертіп, сахнада ерсі қозғалуға тыйым салды.
ПІКІРЛЕР