Accessibility links

"Неміс машинасы" Португалия жұлдыздарын ұтты


Германия-Португалия матчынан көрініс. Львов, 9 маусым 2012 жыл
Германия-Португалия матчынан көрініс. Львов, 9 маусым 2012 жыл

Еуропа чемпионатының В тобындағы Германия мен Португалия арасындағы ойын 1-0 есебімен аяқталды. Азаттықтың сарапшылар құрамасы матч туралы ойларын жеткізді.


Украинаның Львов қаласындағы «Арена Львов» стадионында өткен ойындағы жалғыз голды 72 минутта мюнхендік «Баварияның» футболшысы Марио Гомес соқты. Германия осы нәтижемен турнирлік кестеде Даниямен теңесіп 3 ұпайға ие болды. Ал Криштиану Роналдудың әріптестеріне берген әдемі пастарына қарамастан Португалияның жұлдыздары неміс қақпашысымен бетпе-бет келіп тұрып бірнеше мәрте доп соға алмады.

"БҰРЫШТАМА ДОПТЫҢ КӨБІ ПОРТУГАЛИЯҒА ТИЕСІЛІ БОЛДЫ"

- Германия мен Португалияның тактикасы бірдей болды. Екі команда да абайлап, қорғанып бақты. Сондықтан негізгі әрекеттер алаң ортасында өрбіді. Футболшылар алаңда бос орын іздеп, доп көбіне қаптал арқылы жылжыды. Негізі Германияның ойыншылары мықты, бірақ меніңше, ойын тең болуы керек еді, - деді бапкер Бауыржан Сәрсекенов.

Ол бірінші таймның соңындағы португал ойыншысы Пепеның қақпа маңдайшасына тиіп кері қайтқан соққысын атап өтті.
Португалия құрамасының капитаны Криштиану Роналду. Львов, 9 маусым 2012 жыл
Португалия құрамасының капитаны Криштиану Роналду. Львов, 9 маусым 2012 жыл

- Екі қақпашы да қателік жасамай мұқият ойнады деуге болады. Алайда әдетте ойындағы жалғыз гол сияқты соққылар позициялық ойын кезінде сирек болады. Гол соғылған сәтте португалиялық қақпашы орнынан шығып кетті, - деді ол.

Маманның сөзінше, португалдар бірнеше жақсы мүмкіндіктерді жіберіп алды.

Бауыржан Сәрсекенов ойында неміс командасының допқа көбірек иелік еткенімен бұрыштама доптарды көбіне португалдықтар иеленді деді.

"БІРІНШІ ЖҮЛДЕДЕН ДӘМЕЛІ ҚҰРАМА ЕКЕНІ КӨРІНДІ"

- Негізі букмекерлер мен сарапшылар екі команда да гол соғады деп күткен еді. Осы екі құрамада футбол әлеміндегі ең жарық жұлдыздар мен ең қымбат ойыншылар ойнайды. Кездесу өте тартысты өтті, бірақ португалдықтардың физикалық, тактикалық, стратегиялық дайындығы жағынан жоғары болғанына қарамастан, «неміс машинасы» клубтық деңгейде «Бавария» қалай өнер көрсетсе, ұлттық құрама деңгейінде де солай көрінді, - деді "Қаламгер-Медиа" орталығының директоры, жанкүйер Жанарбек Әшімжан.

Ол да Португалия командасы жақсы мүмкіндіктерді жіберіп алды, командалар тең түсуі керек еді деп санайды. Жанкүйердің сөзінше, немістер ақырғы сәтке дейін күресе білетіндерін көрсетті. Ол неміс бапкері Йоахим Лев тәжірибелі футболшы Мирослав Клозені ойынға ертерек қосуы қажет еді деді.
Германия - Португалия ойынын көріп отырған берлиндік жанкүйерлер. 9 маусым 2012 жыл
Германия - Португалия ойынын көріп отырған берлиндік жанкүйерлер. 9 маусым 2012 жыл

- Бұл ойын Германия құрамасының осы чемпионаттағы бірінші жүлдеден дәмелі екенін көрсетті. Қаржылық бәс бойынша, көпшілік немістерге қойды, яғни сарапшылар жеңісті Германияға берді. Бірақ мен өзім Португалия бір доп айырмашылығымен жеңіске жетеді, немесе кемінде тең нәтиже болады деп ойлаған едім. Себебі әлемдік деңгейдегі ең мықты қорғаушылар, шабуылшылар, орталық қорғаушылар да Португалия құрамасында өнер көрсетеді, - деді Жанарбек Әшімжан.

Жанкүйер ойынды өте әсерлі, осы Еуропа біріншілігіндегі ең сәтті көркем тартыс болды деп бағалады.

- Бұл топта бірінші болып Германия шығуы мүмкін. Себебі даниялықтардан ұтылған Голландия португалиялықтардан да соққы жеуі мүмкін. Сондықтан екінші ойын тіпті екінші дүниежүзілік соғыстан кем болмайды деп ойлаймын, - деді ол.

"РОНАЛДУ ӨЗ ДЕҢГЕЙІНДЕ ОЙНАМАДЫ"

«Тараз» клубының қосалқы командасының бапкері, бұрынғы белгілі қазақ футболшысы Нүркен Мазбаев ойын өте жоғары деңгейде өтті деп санайды.

- Еуропаның ең үздік командалары ойнады. Бір гол ойынның тағдырын шешті. Бұл - бірінші ойын, сондықтан командалар бірден барлық мүмкіндіктерін көрсете алмады. 87 минутта португалиялық ойыншы 100 пайыздық мүмкіндікті жіберіп алды. Роналду өз деңгейінде ойнамады. Неміс ұжымында тәжірибелі ойыншылар көбірек, олардың өзара іс-қимылдары да үйлесімді, - деді Нүркен Мазбаев.

Ол бүгінгі ойындар турнирлік кестедегі жағдайды еш қиындатпады деп есептейді. Оның сөзінше, Германия құрамасының бұл ойында жолы болды, ал ойын негізі тең өтті.

- Португалия мен Голландия қалған ойындарды ұту керек. Бұл «өліспей беріспейтін» топ болғандықтан, әр ойын бұларға соңғы сияқты көрінеді. Командалар бар күшін салады, - деді бапкер.

Матчқа француз Стефан Ланнуа төрелік етті. Жанарбек Әшімжан төреші үлкен қателік жібермегенімен, 11 метрлік белгілейтін кездер болды дейді. Ал Бауыржан Сәрсекенов француз төрешінің жұмысын «мұқият болды» деп бағалады.

Германия мен Португалия Еуропа чемпионаты аясында осымен төртінші мәрте кездесті. Бұған дейін 2008 жылы Германия 3-2 есебімен ұтса, Португалия 2000 жылы 3-0 есебімен басым түсіпті. Ал 1984 жылғы құрлық біріншілігіндегі кездесу тең аяқталған екен.

Дәл осы топта ертерек аяқталған Голландия мен Дания арасындағы кездесуде даттар күтпеген жерден Еуро-турнирдің фавориттерінің бірі атанып жүрген қарсыластарын 1-0 есебімен жеңіп кеткен.
XS
SM
MD
LG