Accessibility links

«Украина футболмен тыныстап тұр» дейді қазақ фанаты


Киев көшеcінде жүрген неміс фанаттары. 22 маусым 2012 жыл.
Киев көшеcінде жүрген неміс фанаттары. 22 маусым 2012 жыл.

Жанар Тілеуқұл – Қазақстаннан Украинаға аттанған жанкүйерлердің бірі. Испания-Франция және Англия-Италия матчына арнайы барған футбол фанаты Еуро-турнирден алған әсерлерін Азаттыққа баяндап берді.

Қазақстандық жанкүйердің айтуынша, Киевтің «Борисполь» әуежайында «Еуро-2012» баннерлерінен көз тұнады.

«КИЕВ ТӨРІНДЕ КҮНІ-ТҮНІ ДУМАН»

- Әуежайдан бір топ ерікті күтіп алды. Қолымызға Еуропа чемпионаты анықтамалығын берді. Бұл кітапшаның ішінде жанкүйерге керекті барлық ақпарат бар. Қонақ үй, стадиондар, фан аймақ, тіпті сырахана, футбол дүкендерінің қайда орналасқаны жазылған. Бұдан бөлек, қоғамдық орындардың барлық жерінде анықтамалық орталықтар орналасқан. Бұл жерден де керекті ақпаратыңызды алуға болады. Бұл орталық сырахана, дүкеннің де міндетін атқарады. Бір сөзбен айтқанда, келген қонақтар мен туристерге барлық жағдай жасалған, - деді Жанар Тілеуқұл.
Фанаттарға арналған ақпараттық орталық. 22 маусым. 2012 жыл.
Фанаттарға арналған ақпараттық орталық. 22 маусым. 2012 жыл.

Футбол фанатының байқауынша, Киевте Еуропа чемпионатына арналған жарнамалардан көз сүрінеді. Футбол додасына арналған плакаттар мен жазбалар өте көп. Дүкеннің есік-терезесі, тіпті бағдаршам, көшедегі жол нұсқағыш сызбалар мен аялдамалардың барлығы Еуро-турнирден хабар береді.

- Киевтің бас көшелері мен орталық алаңдарында – күнде концерт. Украиналық және еуропалық әншілер халық назарына өнерлерін ұсынып жатыр. Кешкісін би кеші болады. Ал қаланың көп бұрышында үлкен экрандар орнатылған. Стадионға кіре алмағандар осы жерден футболды тікелей эфирде тамашалай алады. Мұның барлығы Еуропа чемпионатына келген фанаттардың құрметіне арналған, - деді ол.

«ЖАНКҮЙЕРЛЕР ДӘРІГЕРГЕ ТЕГІН ҚАРАЛАДЫ»

«Еуропа біріншілігінің алдында ақпарат құралдары нәсілдік кемсітушілік туралы көп жазып еді. Бірақ бұл Киевте байқалмайды. Бұл жайтты әдейі аңдыдым. Жан-жақтан келген фанаттар өз-өздерімен жүр. Ешкімнің ешкімде шаруасы жоқ» дейді футбол фанаты.

- Футбол дүкендерінде де сауда қызып тұр. Чемпионатқа келген барлық құраманың жейдесін сатып алуға болады. Құрамалардың формасы 800 гривень екен. Теңгеге шаққан құны – 15 мың теңге (1 гривень – 19 теңге). Ал «Танго» добының құны – 1 мың 500 гривен (28 мың теңге).Түрлі кәдесыйлар мен шарфтар 50-100 гривеннің арасында.

Жанар Тілеуқұлдың айтуынша, Голландия құрамасы жеңіліп қалса да, жанкүйерлері елдеріне қайтпаған.
Голландия құрамасы жарысты аяқтаса да, жанкүйерлері Киевте жүр. 22 маусым 2012 жыл
Голландия құрамасы жарысты аяқтаса да, жанкүйерлері Киевте жүр. 22 маусым 2012 жыл

- Киевте голландиялық жанкүйерлерді көптеп кездестіресіз. Елдеріне қайтпаған. Ал Швеция, Дания сынды елдердің фанаттары көрінбейді. Таксидің қызметі қымбатырақ. Есесіне кареталарға мінуге болады. Барар жеріңізге сәл жай жетемін демесеңіз, бағасы таксиге қарағанда біршама арзан. Қаланың кез-келген жерінде, яғни фан аймақтар мен стадиондарда медициналық орталықтар орналасқан. Қандай да бір жағдай бола қалса, дәрігерге қаралу тегін, - дейді жанкүйер.

Футбол жанкүйерінің айтуынша, қалада Юлия Тимошенконың жақтастары күнде қарсылық шараларын ұйымдастырып жатыр.

- Киевте Тимошенконы қолдауға арналған лозунгтарды көп ілінген. Баннерлерде «Саяси қуғын-сүргінді тоқтатыңдар!», «Юлия – революционер!» деп жазылған, - дейді Жанар.

Жанкүйердің айтуынша, сыра мен балмұздақ ең өтімді тауарға айналған. Қалада ауа-райы қоңыржай қалыпта.

Украина бұрынғы совет елдерінің ішінде бірінші болып футболдан Еуропа чемпионатын Польшамен бірлесе ұйымдастырып жатыр. Турнирдің финалы шілденің 1-і күні Киевте өтпекші.

Осы ірі халықаралық жарыстың қарсаңында елдің ішіндегі және сыртындағы бірқатар белсенділер жеті жылға сотталған бұрынғы премьер-министр Юлия Тимошенконы босатуды талап еткен еді. Олар Тимошенко "саяси себептер бойынша сотталды және түрмеде азаптауға ұшырады" деп санайды. Осыған байланысты Еуропа Одағына кіретін бірнеше ірі мемлекет басшылары Украина жақтағы матчтарға бойкот жариялап, келмей қалды.
XS
SM
MD
LG