Биылғы Еуропа футбол чемпионатының Украинадағы ойындары Киев, Харьков, Донецк және Львов қалаларында өтеді. Ал Роман Харченко тұратын Чернигов қаласынан Украина астанасына автобуспен бір жарым сағатта баруға болады. «Еуропалық қонақтар біздің қаламызға да қорықпай келетін шығар» деп үміттеніп отыр Роман Харченко.
– Футбол матчтары өтетін қалаларға шетелдіктер көп келе қоймас. Бірақ тарихи Чернигов қаласына қызығатын адамдар да табылар деп үміттеніп отырмыз. Үлкен ғимараттар толған, шуы көп Киевпен салыстырғанда, біздің қала – кішкентай, тыныш және жасыл қала, – дейді украиналық дизайнер-суретші Роман Харченко.
«ДОС УКРАИНА» БАСТАМАСЫ
28 жастағы Роман Харченко – маусымның 8-інен шілденің 1-іне дейін Украина мен Польшада өтетін чемпионат кезінде шетелдік туристерге интернет арқылы тегін үй ұсынып отырған жүздеген украиналық азаматтардың бірі.
Rooms4Free веб-сайтындағы Харченконың жарнамасы – «Дос Украина» деп аталатын қарапайым азаматтар бастамасының бөлігі. Аталмыш бастама аясында ондаған мың шетелдік қонаққа жекеленген тегін қызмет көрсету қарастырылған.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жоба Украинаға қатысты көбейіп бара жатқан жағымсыз ақпараттармен күресуге бағытталған. Соңғы кездері «Украинадағы тым қымбат баға, нәсілшілдік, ит ату және саяси бойкоттар» туралы көп хабар тараған болатын.
Чемпионатты тамашалауға келетін қонақтар арасында да бұл бағдарламаға қызығып отырған адамдар бар. Ең таң қаларлығы, олардың басым бөлігі Люцк, Херсон, Кременчуг сияқты Украинаның түкпірдегі қалаларына баруға ынталы. Осы қалалардың тұрғындары шетелдіктерді өз үйлерінде тегін тұрғызып, қарапайым украиналықтардың қонақжайлылығын көрсетпек.
Днепропетровск тұрғыны Лариса Козыная Донецск пен Харьков қалаларында өтетін футбол ойындары арасында үйінде тұрғысы келетін шетелдік қонақтардың тіркелгенін айтады.
– Біріншіден, біз адамдарды жақсы көреміз. Отбасымыз ашық-жарқын. Екіншіден, бұл бізге қызық оқиға сияқты болып көрінеді. Қазір мен жұмыс істемеймін, қолым бос, сондықтан қонақтарды күте аламыз. Ағылшын тілін жақсы білмеймін, бірақ бәрібір бір-бірімізді түсіне алармыз, – дейді күйеуі Дмитрий екеуінің де қонақ күтуді жақсы көретінін айтқан Лариса Козыная.
«ЕУРОПА ОДАҒЫНДАҒЫЛАР СИЯҚТЫ ЕУРОПАЛЫҚПЫЗ»
Француз футболының жанкүйері Карвальо-Гонсалвес пен оның португалиялық күйеуі Жозе Украинаға баратын екі апталық сапары барысында Лариса Козынаяның үйіне де аялдамақ. Ол елде жалпы бес үйде қонақ болатын ерлі-зайыптылар үйлерді Rooms4Free сайтындағы жарнамалар арқылы тапқан.
42 жастағы Карвальо-Гонсалвестің айтуынша, оның кейбір достары қонақ үй бағасы тым қымбат болғандықтан және Еуропа Одағының чемпионатқа бойкот жасау туралы ескертулеріне байланысты Еуро-2012 сайыстарына келу жоспарынан бас тартқан. Бірақ Карвальо-Гонсалвес күйеуі екеуі бәрібір Украинаға баратындарын айтады.
– Еуропа чемпионатын тамашалауға барған кезде саяси мәселелерге онша мән бере қоймайсың. Біз футбол матчтарын көріп, жергілікті халықпен сөйлеспекріз. Олардың шетелдіктерді жылы қарсы алуға дайын екендеріне көзіміз жетті, – дейді Карвальо-Гонсалвес.
Бұған дейін де Батыспен қарым-қатынас жасауға талпынып келген Украинаның бұл бастамасы 2010 жылы Виктор Янукович президент болып сайланған соң бұрынғы премьер-министр Юлия Тимошенконың қудалануына байланысты әлсіреген. Сонымен қатар бұл елде Еуропа Одағына қатысты халық ықыласы да бәсеңдеп қалған. 2011 жылдың аяғында жүргізілген сауалнаманың нәтижесіне қарағанда, украиналықтардың жартысынан азы мемлекеттің Еуроодаққа мүше болуын қаламайды.
Бірақ Мариуполь тұрғыны Антон Евсюшкиннің айтуынша, отанына байланысты айтылып жатқан жағымсыз жаңалықтардың «нағыз Украинаға қатысы жоқ».
– Нағыз украиналықтар мен нағыз Украина – мүлдем басқа. Біз де Еуропа Одағындағы азаматтар сияқты, дәл сондай еуропалықтармыз, – дейді украин азаматы.