Accessibility links

Халықаралық ұйым Роза Төлетаеваға қолдау көрсетті


Sportshrd.org сайтындағы Роза Төлетаеваны қолдау шарасы. 27 шілде 2012 жыл.
Sportshrd.org сайтындағы Роза Төлетаеваны қолдау шарасы. 27 шілде 2012 жыл.
Олимпиада қарсаңында Front Line Defenders ұйымы қуғын-сүргінге ұшыраған әлемдегі он бес құқық қорғаушының жағдайына әлем назарын аудартуға тырысты.

Бұл он бес құқық қорғаушының арасында Жаңаөзен оқиғасы бойынша жеті жылға сотталған Роза Төлетаева да бар.

«Front Line Defenders ұйымы құқық қорғау қызметі үшін қуғын-сүргінге ұшырап, түрмеге қамалып, қысым көрген әлемнің түкпір-түкпіріндегі он бес құқық қорғаушының тағдырына көптің назарын аударту үшін онлайн түріндегі және әлеуметтік желіде кампания бастады. «Олимпиадалық ойындар» кампаниясы (www.sportshrd.org) көпшілік қауымды үкімет мүшелері мен әртүрлі олимпиадалық комитеттерге хат жазу арқылы он бес құқық қорғаушыны қолдап, әрекет етуге шақырады» деп жазылған ұйымның сайтында.

ҮНДЕУ

Ұйым адам құқығын қорғау қызметін адал атқарып, табандылық көрсеткен, соның салдарынан қуғынға ұшыраған он бес құқық қорғаушының атын атайды. Олардың арасында Жаңаөзен оқиғасы бойынша жеті жылға сотталған Роза Төлетаева да бар.

Front Line: «Филиппин түрмесінде қамауда отырған Темоген Тулави, Қазақстанда түрмеде отырған Роза Төлетаева, Бразилияда өлім қаупі төнген Александр Андерсон де Суза, Угандадағы қоқан-лоқыға ұшыраған Каша Жаклин Набагесер т.б. - барлығы он бесі де адам құқығын қорғау қызметінде зор қиыншылыққа ұшырағаны үшін кампанияға таңдалып отыр» деп жазады.
Роза Төлетаева (ортада) наразылық акциясында отыр. Жаңаөзен, маусым 2011 жыл. "Голос Республики" газетінен алынған сурет.
Роза Төлетаева (ортада) наразылық акциясында отыр. Жаңаөзен, маусым 2011 жыл. "Голос Республики" газетінен алынған сурет.

Арнайы ашылған сайтта президент Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған хат үлгісі де бар. Оған кез-келген қолданушы «қол қоя алады». Хат соңында:

«...Бүкіл әлемнің спортшыларын жарыс рухында біріктіретін, ең үздік қасиеттерін көрсетіп, жеңіске бірге қуануды мақсат ететін Олимпиадалық ойындар өтіп жатқан кезде Қазақстанның өз ішінде де осы олимпиадалық принциптерді Роза Төлетаеваға сияқты құқық қорғаушыға қатысты қолданады деп үміттенемін» деп жазылған.

Бұған дейін Еуро-2012 футбол чемпионаты басталған кезде де Front Line Defenders ұйымы дәл осындай кампания өткізген еді. Бұл кампанияның нәтижесі туралы әзірге, ақпарат жоқ. Азаттық тілшісі ұйымның Ереван қаласындағы кеңсесіне телефон соққанмен жауап ала алмады.

«РОЗА ТӨЛЕТАЕВАНЫ ЭТАПҚА ДАЙЫНДАП ЖАТЫР»

Бұл күні Роза Төлетаеваның қызы Әлия Төлетаеваның телефоны сөндірулі тұрды. «Жаңаөзен-2011» халықаралық комитетінің өкілі Ғалым Ағелеуовтің айтуынша, Әлия бұл акциядан хабардар екен. Оның сөзінше, кеше халықаралық ұйым Роза Төлетаеваның балаларына материалдық көмек көрсеткен.

Ақтауда жүрген Ағелеуов шілденің 27-сі күні таңертең Әлия және өзге де қоғам белсенділері Ақтаудағы тергеу изоляторына барып, Жаңаөзен оқиғасы бойынша айыпталған азаматтарға қажетті заттар беріп қайтқанын айтады.
Жаңаөзендік белсенді әйел қаладағы ахуал туралы телефонмен журналистке хабарлап жатыр. 25 ақпан 2012 жыл. Ғалым Ағелеуов түсірген фото.
Жаңаөзендік белсенді әйел қаладағы ахуал туралы телефонмен журналистке хабарлап жатыр. 25 ақпан 2012 жыл. Ғалым Ағелеуов түсірген фото.

– Роза Төлетаеваның қызы анасын өте сирек көреді екен. Айтуынша, жағдайы қалыпты. Оны этапқа дайындап жатыр дейді. Ал аппеляциялық шағым тамыздың 2-сі күні қаралады. Әрине, барлығы да оның жазасын азайтқанын қалап отырмыз. Бірақ бұған үміт аз. Бұл судьяның істі қалай қарайтынына да байланысты. Себебі бірінші инстанцияда көп нәрселер автоматты түрде дәлелге айналып кетті, - деді Ғалым Ағелеуов.

Одан «Роза Төлетаеваның банк алдындағы қарызы мен баспана мәселесі» туралы сұрағанымызда:

– Әлияға банк негізгі қарызды емес, проценттерін өтесін деген екен. Ал оған бұл істі әрі қарай жүргізу үшін анасының сенімхаты керек екен. Бірақ Роза Төлетаеваның төлқұжатының мерзімі өтіп кетіпті. Яғни, 45 жастан кейін ауыстыру керек екен. Бірақ ауыстырмаған. Сондықтан рәсімдеу мәселелері кешігіп барады. Бұл мәселеде әзірге, нақты ештеңе анықталған жоқ, - деді ол.

Бұған дейін «Альянс банкте» төленбей қалған несиесі үшін Роза Төлетаеваның балалары далада қалуы мүмкін» деген ақпарат шыққан еді.

Жаңаөзендік мұнайшылар белсендісі Роза Төлетаева биылғы қаңтардың басында 2011 жылғы желтоқсан айында «жаппай тәртіпсіздікке қатысты» деген айыппен қамауға алынған. Маусым айының басына дейін созылған Жаңаөзен ісі бойынша сотта ол 37 айыпталушының бірі саналды. Роза Төлетаева ең ұзақ түрмеде жазасын өтеу мерзіміне – 7 жылға кесілген еді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG