Accessibility links

Жаңаөзендік белсенді әйел екі айға абақтыға қамалды


Әкімшілік немесе қылмыстық іс қозғалған адамдардың тізімін қарап тұрған әйел. Жаңаөзен, 19 желтоқсан 2011 ж. Фото ресейлік "Новая газета" басылымының тілшісі Елена Костюченкодан алынды.
Әкімшілік немесе қылмыстық іс қозғалған адамдардың тізімін қарап тұрған әйел. Жаңаөзен, 19 желтоқсан 2011 ж. Фото ресейлік "Новая газета" басылымының тілшісі Елена Костюченкодан алынды.

Қаңтардың 6-сы күні Жаңаөзен қалалық соты мұнайшылар белсендісі Роза Төлетаеваны екі айға абақтыға қамауға шешім шығарғаны туралы Азаттық радиосына оның қызы Әлия Төлетаева хабарлады. Жаңаөзендік құқық органдары ақпарат бермей отыр.


Жаңаөзен қаласында әлеуметтік талаптармен былтыр бірнеше ай бойы ереуіл өткізген жергілікті мұнайшылар белсендісі Роза Төлетаева қаңтардың 3-і күні қамауға алынған. Жұма күні қалалық соты оны екі айға абақтыға қамауда ұстау туралы шешім шығарды деп хабарлады Азаттық тілшісіне Роза Төлетаеваның 25 жастағы қызы Әлия Төлетаева.

ТҰТҚЫН

Әлия Төлетаеваның айтуынша, анасын үш күн қамауда ұстаған соң құқық органдары Роза Төлетаеваға Қазақстан қылмыстық кодексінің 241-ші бабының 2-ші тармағына сәйкес «жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты» деген айып тағып, сот шешімімен ол екі айға тұтқынға алынған.

- Бізді сотқа қатыстырмады. Оған прокурор және олардың өздері тағайындаған адвокат кірді. Тек сот аяқталған соң адвокат шығып шешімді хабарлады және
Тек сот аяқталған соң адвокат шығып шешімді хабарлады және өзінің ешкіммен сөйлеспейтінін айтты.
Әлия Төлетаева

өзінің ешкіммен сөйлеспейтінін айтты, - деді Әлия Төлетаева.

Ол анасы қамалғаннан бері онымен тілдесе алмай жүргеніне шағымданды.

- Оның енді екі ай түрмеде жататынын естіген соң ас-су, киім-кешегін апарып бергім келген. Бірақ маған ішкі істер басқармасындағылар біресе онымен кездесуге мүмкіндік берілетінін, біресе берілмейтіні айтады. Не істерімді білмеймін, - деді Әлия Төлетаева Азаттық тілшісіне.

ТЕРГЕУ

Қызының айтуынша, құқық органдары жаңаөзендік мұнайшылар белсендісі Роза Төлетаевны қамауға алмас бұрын бірнеше күн қатарынан тергеуге шақырып, одан жауап алған екен.

- Сәрсенбі күні тергеуден соң жібермей қалды. Біз оның қайда жоқ болып кеткенін анықтай алмай қиналдық, - дейді Әлия Төлетаева.

«Жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты» деген айып тағылған Роза Төлетаева өз
Жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты» деген желеумен қамауға алынған адамдар көп, олардың жазығы жоқ болса да жауып жатыр.
Әлия Төлетаева

отбасының жалғыз асыраушысы. Жұбайы ертеректе қайтыс болған әйелдің отбьасында екі ұл, бір қызы кәмелет жасына толғанымен тұрақты жұмыстары жоқ.

- Бізді асырап отырған тек анамыз. Оның өзі жарты жылдан астам жұмыссыз. Екі інім ересек болғанымен, қазір олар да жұмыс таба алмай жүр. Мен де жұмыссыз ретінде тіркеуде тұрмын, - дейді 25 жастағы Әлия Төлетаева.

Ол анасының жағдайына байланысты Жаңаөзен қаласының прокуратурасы мен қалалық ішкі істер басқармасына барғанында, олардың маңында күйеулерін күтіп жылап жүрген мұнайшылар әйелдерін көргенін айтады.

- Жалғыз менің апам емес, «жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты» деген желеумен қамауға алынған адамдар көп, олардың жазығы жоқ болса да жауып жатыр, - дейді Әлия Төлетаева.

ҚҰҚЫҚ ОРЫНДАРЫ АҚПАР БЕРМЕЙДІ

Сот шешімімен екі айға абақтыға қамалған Роза Төлетаеваға байланысты ресми орындардан білмек болып хабарласқан Азаттық тілшісіне Жаңаөзен қалалық ішкі істер басқармасындағы кезекші ешқандай ақпарат бере алмайтынын айтты. Ал қала прокуроры Марат Тойжан өзінің жиналыс өткізіп жатқанын айтып, мазаламауды сұрады.

Мемлекеттік ақпарат құралдарында жергілікті билік Жаңаөзендегі жағдайдың тұрақты қалпына түсіп, жұмыстан босатылған мұнайшыларды жұмысқа орналастыру үшін сол компаниялар ішінен жаңа жұмыс орындары ұйымдастырылып жатқаны туралы хабарлады.

Жаңаөзен қаласында 2011 жылы желтоқсанның 16-сында мұнайшылар мен полиция қақтығысып, оның соңы полицияның қарусыз адамдарға оқ атуына ұласты.

Ресми орындар желтоқсанның 16-cы мен 17-сі күндері Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласы мен Шетпе темір жол бекетінде болған оқиғалар салдарынан 17 кісінің қаза болып, жүзден аса адамның зардап шеккені туралы хабарлады. Жаңаөзен қаласында сандаған ғимараттар мен автокөліктер өртенген.

Былтыр желтоқсанның 17-інен бастап 2012 жылғы қаңтардың 5-іне дейінгі кезеңге Жаңаөзен қаласының аумағында төтенше жағдай тәртібін енгізген Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев биыл қаңтардың 4-і күні Жаңаөзендегі төтенше жағдай мерзімін қаңтардың соңына дейін ұзарту туралы жарлық шығарды.
XS
SM
MD
LG