Accessibility links

HRW: Қазақстанда 2014 жылы адам құқықтары шектеле түсті


Полиция теңгенің девальвацияға ұшырауына наразы белсендіні көлікке күштеп кіргізіп жатыр. Алматы, 15 ақпан 2014 жыл.
Полиция теңгенің девальвацияға ұшырауына наразы белсендіні көлікке күштеп кіргізіп жатыр. Алматы, 15 ақпан 2014 жыл.

Human Rights Watch (HRW) ұйымы Қазақстанда былтыр бейбіт жиын өткізу құқығы, сөз бостандығы мен дін еркіндігі аясы тарылғанын айтады.

HRW халықаралық құқық қорғау ұйымы әлемдегі адам құқықтарының жай-күйіне арналған 2014 жылғы есебін жариялады. Ұйымның пікірінше, әлем елдері "қауіпсіздігіне төнген қатермен күресу үшін" адам құқықтарын құрметтеуді елемей, үлкен қателік жасаған.

Ұйымның қаңтардың 29-ында жариялаған есебінде 90-нан астам мемлекеттің 2013 жылдың соңынан 2014 жылдың қараша айына дейінгі адам құқықтары жайына талдау жасалған.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АДАМ ҚҰҚЫҒЫ ЖАҒДАЙЫ

HRW 2014 жылы Қазақстанда бейбіт жиын өткізу, сөз бостандығы мен дін еркіндігі шектелгенін айтады. «2014 жылы билік бірнеше басылымды жауып, рұқсат етілмеген бейбіт шерулерде ондаған адам қамалды я айып салынды. Мемлекет бекіткен діннен тыс дінді ұстанғаны үшін дін қызметкерлері ұсталып, жауапқа тартылды. Үкіметті сынаушылар, оның ішінде түрмедегі оппозицияшыл жетекші Владимир Козлов бірнеше әділетсіз соттан соң қамауда қалып қойды» делінген ұйым есебінде.

Қазақстанынң 2014 жылдың ортасында жаңа қылмыстық, қылмыстық атқару және қылмыстық-процессуалдық кодекстерді, кәсіподақ ұйымдарына қатысты жаңа заңды қабылдағанын, онда фундаменталдық құқықтарды шектейтін және халықаралық нормаларға сай келмейтін баптар бары айтылған.

Ұйым 2014 жылы Қазақстан билігі «Правдивая газета» мен «Ассанди Таймс» басылымдарын жапқанын айтып, тәуелсіз және оппозициялық ақпарат құралдарына қысым жасау мен қызметіне араласуды жиілеткенін айтады. HRW 2014 жылы мамыр айында Астанада Еуразия экономикалық одағын құруға қарсы акциядан хабар таратуға барған Азаттық тілшісінің төрт күнге қамалғанын да мысалға келтірген.

«​ПОСТСОВЕТТІК ЕЛДЕРДЕ ЖАҚСЫ ӨЗГЕРІС БОЛМАДЫ»​

Ұйым есебінше, постсоветтік өзге елдерде өткен жылы адам құқықтарына қатысты «айта қоярлықтай жақсы өзгерістер болмады».

Ресей оппозициясының шеруі. Мәскеу, 21 қыркүйек 2014 жыл.
Ресей оппозициясының шеруі. Мәскеу, 21 қыркүйек 2014 жыл.

HRW атқарушы директоры Кеннет Роттың айтуынша, Кремль 2012 жылы адам құқықтарын қорғау ұйымдарына, диссиденттерге, тәуелсіз журналистерге және наразылығын бейбіт түрде білдіргендерге қарсы Совет кезінен бері болмаған қудалауды бастаған.

«Украина дағдарысының шиеленісуіне ақпараттық жүйенің жабық болуынан Кремльдің Украинадағы саясатты ашық сынаушыларды басып жаныштауы, Батыстың бұған әлсіз реакция білдіруі ықпал еткен сияқты» дейді Кеннет Рот.

Кеннет Рот Әзербайжан үкіметінің азаматтық қоғам өкілдері мен билікті сынайтындарды «аяусыз басып-жаныштап», бұрыннан нашар адам құқықтары жағдайын одан ары төмендетіп жібергенін айтады.

HRW есебінде Әзербайжан билігі 33 құқық қорғаушы, саяси және азаматтық белсенді, журналистер мен блогерлерді түрмеге жауып, тәуелсіз бірнеше ұйымның қызметін тоқтатқанын айтады.

ӨЗГЕ ЕЛДЕРДЕГІ АХУАЛ

Кеннет Роттың айтуынша, өткен жылы Таяу Шығыста, Азия мен Африкада радикалдық "Ислам мемлекеті" ұйымы жасаған қылмыстар, Украина дағдарысынан туындаған шиеленістерге байланысты адам құқықтарының бұзылуы күшейген.

Ирак пен Сирия үкіметтерінің сектариандық және озбыр саясаты, оған халықаралық қауымдастықтың енжар қарауы «Ислам мемлекеті» ұйымының күшеюінде үлкен рөл атқарды.

Адам құқықтарының бұзылуы бұл дағдарыстардың тереңдеуіне ұрындыратынын айтқан Кеннет Рот «бұл дағдарыстарды адам құқықтарын қорғау мен демократиялық тұрғыда өз-өзіне есеп беру арқылы шешуге боларын» айтады. «Мәселен, Ирак пен Сирия үкіметтерінің сектариандық және озбыр саясаты мен оған халықаралық қауымдастықтың енжар қарауы «Ислам мемлекеті» ұйымының күшеюінде үлкен рөл атқарды» дейді Рот.

HRW-тың Еуропалық медиа директоры Эндрю Штройляйн «қазір қауіпсіздік мәселесін сылтау етіп, адамның фундаменталдық құқықтарын құрметтеуден бас тартатын жайттар болып жатқанын» айтады. «Негізі, біз қазір қауіпсіздік мәселесі адам құқықтары идеясына қайшы келеді дегенді түбегейлі жоққа шығарғымыз келеді. Себебі адам құқықтарына кепілдік берілмей, қауіпсіздік мәселесі шешілмейді» дейді Штройляйн.

HRW есебі бойынша, Ирак үкіметі сүнниттерді жазасыз өлтіре беретін шиит содырларына әлі арқа сүйейді.

Баяндамада «Иракта коррупцияға ұрынған озбыр сот жүйесін реформалау, сектанттық саясатты тоқтатып, сүнниттердің Иракта өздерін еркін сезінуіне жағдай жасау дегеніміз «Ислам мемлекеті» жасаған қылмыстарға қарсы әскери операция жүргізумен пара-пар» делінген.

XS
SM
MD
LG