Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) “ресми Мәскеу Сочи олимпиадасында допинг саясатын мемлекеттік деңгейде қолдады” деп айыптаған. Осы даудан кейін ХОК Ресейді ел ретінде Пхенчхандағы ойындардан шектеді. Спортшылар ХОК туының астында жарысқа қатысады. Жеңіске жеткен жағдайда ХОК туы көтеріліп, осы ұйымның ресми әнұраны ойнайды. Пхенчхандағы олимпиада кезінде Ресей әнұраны мен туы мүлде болмауы керек. Ал олимпиадаға қатысуға рұқсат алған ресейлік спортшылар ХОК тарапынан қатаң бақылауда болады.
ТУДЫ ТЕК БӨЛМЕДЕ ҒАНА ІЛУГЕ РҰҚСАТ
ХОК олимпиада алдында жариялаған ережесіне сай, ресейлік спортшылар мен бапкерлер олимпиада кезінде өздерін “ресейлікпіз” не “Ресейденбіз” деп айта алмайды. Спортшылар әлеуметтік желіге жазба жариялағанда Ресей туын, Ресейге қатысты белгілерді салуға болмайды және Ресей туы бар жазбаларға пікір жазып, лайк баса алмайды. #Russia, #Россия сынды хэштегтерді де жариялауға тыйым салынды.
Ресейлік спортшылар олимпиада кезінде Ресей туын тек олимпиада қалашығындағы өзі тұрып жатқан бөлмеге ғана іле алады. Бөлмедегі ту спортшыдан басқа ешкімнің көзіне түспеуі тиіс. Ресей спортшылары олимпиада кезінде жеке ұйымдастырылған марапаттау рәсіміне, ел әнұраны ойнайтын қандайда бір іс-шараларға қатыса алмайды. Киімде, сөмкеде Ресейге қатысты белгілерді де қолдануға болмайды.
Халықаралық олимпиада комитетінің президенті Томас Бах Ресейден келген спортшыларды бақылайтын арнайы комиссия құрылғанын хабарлады.
- Ресей олимпиада атлеттері арнайы декларацияға қол қойды. Барлық ережелерді орыс тіліне аударып, тараттық. Ресейлік спортшылар арнайы комиссияның бақылауында болады. Жарыс кезінде трибунадан жанкүйерлердің бірі Ресей туын лақтырса спортшы оған назар аудармау керек. Егер ережені бұзған жағдайда аккредитациясынан айырылып, жарыстан шеттетіледі,- деді Бах.
Пхенчхандағы олимпиадада Ресей спортшылары OAR (Olympic athletes from Russia - Ресейден келген олимпиада атлеттері) деген жазуы бар сұр түсті және жаттығуларда бір түсті киім киіп жүр. Олимпиадаға хабар таратуға келген ресейлік журналистерден де Ресейге қатысты нышандары бар киім, сөмке, заттар байқалмайды.
РЕСЕЙ ЖОЛДАМАСЫ ҚАЗАҚСТАНҒА БЕРІЛДІ
Осы шешім шыққаннан кейін Пхенчхан олимпиадасына ХОК тарапынан шақырту алған ресейлік конькиші Ольга Граф олимпиадаға барудан өз еркімен бас тартты.
Ресейлік жанкүйерлер мен мамандар “бұл шешімдердің саяси астары бар әрі батыстың қорлауы” деп бағалайды. Ресей президенті Владимир Путин де “бұл саяси шешімдер” деп жиі айтты. Әлеуметтік желіде ресейлік жанкүйерлер “no Russia – no Olympic Games” (Ресейсіз олимпиада олимпиада емес) шарасын ұйымдастырды. Ал Ресей олимпиада комитетінің басшысы Александр Жуков спортшыларды барлық ережелерді қатаң сақтауға шақырды.
Қаңтардың аяғында Халықаралық олимпиада комитеті ресейлік 169 спортшыға ғана олимпиадаға қатысуға рұқсат берген. 111 ресейлік спортшы олимпиадаға шақырту ала алмады. Олардың қатарында Сочи ойындарында медаль алған Антон Шипулин (биатлон), Сергей Устюгов (шаңғы), Виктор Ан (шорт-трек), Павел Клужников (коньки) бар. Ресейлік спортшыларды жарыстан шеттеткен соң артылып қалған жолдамаларды ХОК басқа елдерге таратып берді. Шорт-тректен Ресей ерлер құрамасының эстафетадағы лицензиясы Қазақстанға берілді. Ал жолдамасыз қалған ресейлік спортшылардың басым бөлігі әлеуметтік желіде #PutinTeam (Путиннің командасы) құрамасына қосылғандарын жазған.
ХОК “Пхенчханға тек таза спортшылардың шақырылғанын” хабарлаған. Олимпиадаға шақырту алмаған спортшылардың 47-cі Спорттық арбитраж сотына (CAS) шағым түсірген. Бірақ сот олардың шағымын қанағаттандырмады.
ХОК Ричард Макларен мен Деннис Освальд комиссиясының тергеуінде аты аталған ресейлік спортшыларға рұқсат бермеді. Макларен мен Освальд ресейлік спортшыларға қатысты тексеру жүргізген комиссияны басқарған. ХОК Сочи олимпиадасының допинг сынамаларын қайта тексергенде кей спортшылардың қаны және дәреті құйылған құтылардың сырты сырылғанын, сөйтіп, құтылар ашылып, сынамалар алмастырылған болуы мүмкін деп мәлімдеді. Сынамалары бүлінген спортшылар да олимпиадаға шақыртылмады. Бұған қоса, бұрын допингпен ұсталып, жаза мерзімін өтеген ресейлік спортшылар да бұл олимпиададан тыс қалды.ХОК желтоқсанда Ресейді олимпиададан шектегенде мемлекеттік дума депутаттарының бірі Қазақстан мен Беларусьты олимпиадаға байкот жариялауға шақырған. Бірақ Қазақстан билігі олимпиадаға қатысатындарын мәлімдеген.
Пхенчхандағы қысқы олимпиада 9-25 ақпан аралығында өтеді.