Accessibility links

Pink Floyd Аралды келер ұрпаққа аманаттайды


Pink Floyd тобының жаңа альбомының мұқабасы
Pink Floyd тобының жаңа альбомының мұқабасы

Ұлыбританиялық Pink Floyd рок-тобы Арал қаласында жаңа ән клипін түсірді. Режиссер «бұл видео арқылы экологиялық апаттың жергілікті халыққа зардабын көрсеткім келді» дейді.

Осы аптада таныстырылған The Endless River альбомындағы Louder Than Words («Сөзден іске көшейік») әнінде Арал теңізі туралы ештеңе айтылмаған. Бірақ видеоклип шөлейтке айналған даланы, кеме қаңқаларын, ауылдың тозған үйлерін, жергілікті қарттар мен балаларды көрсетеді.

Ұлыбританиялық Pink Floyd рок-тобы бұл клипіне қажет видеоматериалды кезінде Арал теңізінің Қазақстан территориясы жағындағы порты әрі балық шаруашылығы орталығы болған Арал қаласында биыл түсірген. 1990 жылдардан бастап Арал қаласы экологиялық апат аймағына ресми түрде енген.

- Құр сөзден нақты іске көшуге шақыратын Louder Than Words әні бізді экологиялық тақырыпты таңдауға итермеледі. Орнында шөл дала мен тот басқан кемелер ғана қалып, кеуіп кеткен Арал теңізі ойымызға бірден келді, - дейді клиптің режиссері әрі рок-тобының креатив директоры Обри Пауэлл Азаттықтың Өзбек қызметінің журналисі Хурмат Бабаджановқа берген сұхбатында.

Бірақ клип режиссері әрі Pink Floyd тобының менеджерінің айтуынша, бұл клипте экологиялық апаттан гөрі апаттың келешек ұрпаққа тигізер зардабы және күнкөріс көзі мен балық аулау мәдениетінен айырылып, кедейлікке ұрынған жергілікті халыққа әсері баяндалады.

- Аралда тұратын балалар бұрынғы Аралдың қандай болғанын білмейді. Мұндай қателіктердің қайталануына жол бермес үшін олар не болғанын білуі тиіс. Сондықтан клип соңында оларды апаттың зардаптары бейнеленген фотосуреттермен бірге көрсеттік, - дейді Обри Пауэлл.

Арал теңізінің қайраңында қалған кемелер
Арал теңізінің қайраңында қалған кемелер

Қазақстан мен Өзбекстан шекарасындағы Арал теңізінің су деңгейі оған құятын негізгі екі өзен - Әмудария мен Сырдария суын егістік алқаптарын суаруға пайдалану кесірінен 1960 жылдардан бастап тез түсе бастады. Ақыры теңіз Солтүстік (Шағын Арал) және Оңтүстік Аралға бөлініп кетті.

Louder Than Words әніне түсірілген клиптің режиссері кеме қаңқаларын Арал теңізінің ескерткіші ретінде сақтауға шақырады. Клип түсіру үшін Қазақстанға келген Pink Floyd тобының музыканттары Арал портының орнындағы қайық-кемелердің көбінің қирап қалғанын көрген. «Бұрынғы айдын мен теңіздің қазіргі күйін байланыстыратын жалғыз дәнекер болғандықтан, шөл даладағы кемелерді мұндай күйге жеткізгені сұмдық жағдай» дейді Обри Пауэлл.

Әйгілі ұлыбританиялық топтың креатив директоры видеоклип Арал теңізін қалпына келтіру проблемасын қайта қозғауға көмектеседі деп үміттенеді.

Ұлыбританиялық Pink Floyd тобы
Ұлыбританиялық Pink Floyd тобы

«Қазақстан Арал теңізіне қатысты проблема барын мойындап, дүниежүзілік банк жобасының қолдауымен өзенді Аралға қайта бұруға әрекет жасап жатыр. Оның алғашқы нәтижесі де байқалып, өте баяу болса да, теңіздің солтүстік жағы қалпына келе бастады. Ал теңіздің Өзбекстан жағындағы бөлігінде, меніңше мұндай қадам мүлде жасалмаған сияқты. Меніңше, Өзбекстан ақша бөлгісі келмейді» дейді Обри Пауэлл.

2005 жылы Көкарал бөгеті іске қосылғаннан кейін Арал теңізінің солтүстік бөлігі жағының деңгейі баяулап көтеріле бастады.

Pink Floyd тобының клипі үшін Арал теңізінің Өзбекстан жақ бөлігін де видеоға түсіру жоспарланған болатын. Бірақ Өзбекстанға шақыру ұйымдастырып, виза рәсімдеуге музыканттардың уақыты болмаған. Топтың креатив директоры «Лондондағы өзбек елшілігі бас тартпағанымен, виза беруге екі-үш апта қажет деді. Күтуге уақытымыз болмады да, виза талап етпейтін Қазақстанға келдік» дейді.

1965 жылы құрылған Pink Floyd тобымен Обри Пауэлл 1967 жылдан бері жұмыс істейді.

XS
SM
MD
LG