Арал мәселесін шешуде экологиядан гөрі саясаттың рөлі басымырақ
Сәуірдің 28-і күні Алматыда өткен халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшыларының саммитінде бірлескен мәлімдеме қабылданды. Су-энергетикалық мәселелерді қозғамауға келіскен ел басшылары тек Арал аумағындағы хал-ахуал төңірегінде пікір бөлісті.
Аталмыш саммитке қатысу үшін Орталық Азия елдерінің 4 президенті Эмомали Рахмон, Гурбангұлы Бердімұхамедов, Құрманбек Бакиев пен Ислам Каримов Алматыға келді. Саммитті ашқан ҚР-сының президенті Н.Назарбаев қордың Арал мәселесін бірігіп шешуде Орталық Азия мемлекеттерінің күштерін біріктіру құралы болып отырғанын айтты. Әйтсе де, соңғы уақытта қордың белсенділігі әлсірегендіктен оның жұмысына реформа қажет деп атап көрсетті.
«Мұндай жағдайда бізге бұл ұйымның беделін арттыру үшін түбегейлі шешім қабылдау керек. Ең біріншіден, қордың атқару комитеті басқармасының рөлін нығайту мәселесі маңызды рөл атқарады. Біз басқарма мүшелерінің статусын үкімет басшыларының орынбасары деңгейіне дейін жеткізуіміз керек. Қазақстан өз тарапынан премьер-министрдің бірінші орынбасарын тағайындайды», - деді президент Н.Назарбаев.
Өткен жылы «Арал теңізінің солтүстік бөлігі мен Сырдария өзенінің арнасын реттеу жобасының» бірінші кезеңінің аяқталғанын хабарлаған президент қаржылық дағдарысқа қарамастан, жұмыстың жалғасатынын айтты.
- Қаржы дағдарысына қарамастан Қазақстан жоспарлаған жұмыстарды тоқтатпайды. Жақын арада жобаның екінші кезеңін бастаймыз. Бағдарламада жалпы құны 191 млн доллар тұратын 8 компонентті жүзеге асыратын боламыз. Олардың арасында 82 млн АҚШ доллары тұратын Сарышығанақтағы құрылғылар кешені де бар.
Халықаралық Аралды құтқару қоры 2008 жылдың 26-шы желтоқсанында БҰҰ-ның бақылаушы статуына ие болды. Сарапшылардың айтуынша, бұл - БҰҰ-ы арқылы Арал мәселесіне әлемнің назарын аудартуға мүмкіндік береді.
Саммитке қатысушылардың дерегінше, теңіздегі судың көлемі соңғы 50 жылда 4 есеге азайған. Теңіз суының тартылуы салдарынан шөлейтке айналып бара жатқан аймақта халықтың денсаулығы да нашарлап барады. Ауыз су сапасының төмендеуі, топырақтың құнарсыздануы, табиғат түрлерінің күрт кемуі мен климаттық өзгеріс – бұл тек жансызданып бара жатқан аймақтың қысқаша сипаты деді олар.
Сарапшылардың пікірінше, Арал мәселесін шешуде экологиядан гөрі саясаттың рөлі басымырақ. Бұл тұрғыда бірлесіп жұмыс істеуге саяси мүдделер кедергі келтіруде дейді олар.
"Бұл уақтылы әрі өте керек шара. Бір жайтты айналып өтуге болмайды, бұл су шаруашылығы саласындағы кез келген мәселені шешуде аталмыш мемлекеттердің ынтымақтастығы. Себебі, бұл жерде бірге қол жеткізген нәтижелерден гөрі қарама-қайшылықтар көп. Қазақстан платина салып, мәселелерінің бір бөлігін шешіп алды десек те болады. Бірақ қазір Әмударияның жағдайы әлі күнге дейін сол қалпы шешілмей келеді. Барлығы да Орталық Азия елдерінің саяси ымыраға келе алуына байланысты," - дейді сарапшы Ярослав Разумов.
Ғалымдардың пікірінше, Арал мәселесін шешудің бір жолы - теңіз суының кіріс-шығысын анықтау арқылы шешу. Әйтсе де, бұл бүгінгі күні мүмкін болмай отыр дейді ЮНЕСКО-ның Алматыдағы ақпарат және коммуникация бөлімшесінің басшысы Сергей Карпов:
- Осыған дейін жүргізілген ғылыми зерттеулерде бір топ ғалымдар теңіз суының балансын анықтауға тырысып көрді. Мәселе сол ақпаратқа қалай қол жеткізудің қиындығында. Себебі, Арал теңізі тек Қазақстанға ғана тиесілі емес қой. Нәтижесінде теңізге қанша су келіп, қаншасы жоғалатынын ешкім білмейтін болып шықты. Басқа елдер бұл туралы ақпаратты беруден бас тартты. Мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар мұндай ғылыми ақпараттарға ғалымдар еркін қол жеткізе алуы тиіс.
Ал саммит соңынан Орталық азия мемлекеттерінің басшылары бірлесіп, мәлімдеме қабылдады. Саммит барысында сондай ақ, қордың атқарушы комитетіне Арал аумағы тұрғындарына көмек көрсету жөніндегі жаңа бағдарлама қабылдау туралы және қордың жұмысына халықаралық ұйымдарды тарту туралы тапсырма берілді.
Ярослав Разумовтың келтірген дерегі бойынша, қазіргі таңда Арал аумағының қазақстандық бөлігінде 2 млн-ға жуық адам тұрады.
Халықаралық Аралды құтқару қоры 5 ел басшыларының шешімімен 1993 жылы құрылған. Қордың мақсаты – Арал теңізі бассейніндегі экологиялық дағдарысты еңсеру мен аймақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту болып табылады. Қазақстан аталмыш қорға 2009-2011 жылдары аралығында төрағалық етеді.