Accessibility links

Орта Азия суларына халықаралық бақылау қажет пе?


Өзбекстанның су қоймасы
Өзбекстанның су қоймасы
Қыс бойы халқы суықтан бүрсеңдеп шығатын Қырғызстан мен Тәжікстан елдері энергия проблемасын өз беттерінше шешпекке ден қойды.

Олар бұлақ басындағы, яғни суға қожалық етуші елдер ретінде су-электр бекеттерін салуды көздеуде. Атап айтқанда, Қырғызстан Қамбар-ата, ал Тәжікстан Роғун бекетін аяқтамақшы. Ол жобалар Cовет үкіметінің күйреуіне байланысты тоқтап қалған болатын.

Бұл орайда ағыстың төменгі сағасында отырған елдердің бірі Өзбекстан Амудария мен Сырдария сулары тартылып қалуы мүмкін деп қауіп ойлап отыр. Сондықтан ресми Ташкент көршілері Қазақстан мен Түркменстанға көмекке қайрылды.

Атап айтқанда, аймақ проблемасын дипломатиялық жолмен шешуге құлық таныта қоймайтын Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың өзі Қазақстан мен Түркменстандағы әріптестеріне қайрылып, жоғары ағыста құрылысы аяқталуы мүмкін қос су-электр бекеттерін салғызбауға бірлесе күш салуға шақырды.

Өзбекстан Сыртқы істер министрлігі сәуірдің 14-де жариялаған мәлімдемесінде өзендер ағысының төменгі сағасын жайлаушы үш елдің бірнеше ондаған миллион халқы су тапшылығынан зардап шегуі мүмкін деген ескерту жасады.

Осы мәлімдемеде бірнеше елдер арқылы өтетін өзендер суының қалай пайдаланылуда екендігіне БҰҰ-ның басшылығымен халықаралық бақылау орнату қажеттігі де көтерілді.

Ал Қырғызстан мен Тәжікстан елдері болса соңғы 30 жыл ішінде төменгі сағадағы елдердің ешқашан сусыз қалмағанын айтуда.

Тәжістан президенті Емомалы Рахмон да көршілес елдерді ешқашан сусыз қалдырмайтындарына уәде беріп, дегенмен соңғы 15 жыл бойы өз халқының қыста жылу тапшылығынан зардап шегіп келе жатқандарын айтты.

Тәжікстан энергияға тәуелділіктен алдағы 4 жыл ішінде өз күшімен шығады дегенді айтты ол.

Қаржылық-экономикалық тапшылықты тартып отырған Қырғызстан мен Тәжікстан елдері амалсыздан қыс айларында халыққа жылу беруді қатаң ережемен жүргізуге мәжбүр болуда.

Олар мұнай мен табиғи газға бай, төменгі ағыстағы көрші елдерге энергияға байланысты қарыздарын қайтара алмай отыр.

Мысалы, Қырғызстан үкімет басшысының бұрынғы орынбасары Базарбай Мәмбетовтың айтуынша, егер Қырғызстан өзіндегі су көздерін тиімді пайдаланса, одан Орта Азия геосаясатына пайда көп. Осылай дей келіп, сарапшы Мәмбетов Өзбекстанның әрбір мың текше метрлік газын Қырғызстанға 240 доллардан, дәл осындай көлемді Қазақстанға 84 доллардан сатып отырғандығын тілге тиек етті.

Өткен 2 жыл ішінде Өзбекстан Қырғызстанға сататын газ бағасын бес есе қымбаттатты. Мұндай қадамға ресми Бішкек қалай жауап қайыруы керек? Мұның өзі Орталық Азияның геосаяси проблемасы дейді сарапшы.

Сәуірдің 16-да Прагада болған ЕуроОдақ-Орта Азия энергия қауіпсіздігі конференциясында делегаттар Орта Азияда шағын су-электр бекеттерін салу туралы ұсыныс жасады.

Президент Рахмон Тәжікстанда сондай бекеттердің 50-ін салуды жоспарлауда екендерін мәлімдеді.

Сәуірдің 28-де, Алматыда болатын Арал теңізін сақтау проблемасына арналған халықаралық конференцияда да су проблемасы көтерілмекші.
XS
SM
MD
LG