Accessibility links

Саясаттың тасасында қалған ғылыми жаңалықтар


Еуропа ядролық зерттеу орталығында (CERN) тәжірибе жасап отырған ғалымдар. Мейрин, Швейцария, 30 наурыз 2010 жыл
Еуропа ядролық зерттеу орталығында (CERN) тәжірибе жасап отырған ғалымдар. Мейрин, Швейцария, 30 наурыз 2010 жыл

Физиктер «Хиггс бозонын» (физикадағы стандартты модельдердің әлі ашылмаған түрі) ашуға жақын қалды ма? Жарықтан да жылдам не бар? Жердің сыңары болуы мүмкін бе? Ғалымдар 2011 жылы осы сұрақтардың төңірегінде көбірек бас қатырды.


Өткен жылдың ең ерекше ғылыми жаңалығы Швейцария мен Франция шекарасын бойлай қазылып жасалған ұзындығы 27 шақырым болатын коллайдер-туннельде ашылғанға ұқсайды.

Еуропа ядролық зерттеу ұйымының (CERN) ғалымдары ғаламның ең қиын жұмбағын шешуге жақын қалдық деп отыр.

ЖЕР-ӘЛЕМ ҚАЛАЙ ПАЙДА БОЛДЫ?

Бөлшектік физикадағы жаңа тәжірибелер - 2011 жылдың ең айтулы ғылыми және технологиялық жаңалықтары болды.

Зерттеуші топтың басшысы Рольф-Дитер Хьюер желтоқсанның 13-інде біздің ғаламның негізгі құрамдас бөлігі деп аталып келген субатомдық бөлшектің бар екенін дәлелдеуге негіз болатын жаңалықтарының бар екенін айтты.

- «Хиггс бозонына» қатысты Шекспирдің «Боламыз ба, я бордай тозамыз ба?» деген сұрағына жауап табу үшін келесі жылы әлі де біраз зерттеу жүргізуіміз қажет. Бірақ меніңше біз біраз ілгері жылжыдық, – деді Хьюер.
НАСА-ның сызбасында тіршілік табылуы мүмкін (habitable zone) аймақта 2011 жылы бірінші рет көзге түскен планета көрсетілген.
НАСА-ның сызбасында тіршілік табылуы мүмкін (habitable zone) аймақта 2011 жылы бірінші рет көзге түскен планета көрсетілген.

Әдебиеттерде «Құдайдың бөлшегі» деп кекесінмен аталған Хиггс бозоны ғаламдағы дене атаулыға салмақ беріп тұрған күш болып саналады. Ондаған жылдар бойы тер төккен ғалымдар тек өткен жылы ғана оның бар екенін дәлелдейтін айғақтарды жария етті.

Оның ашылуы физика ілімі тарихындағы ең айтулы оқиғалардың бірі болды және біздің ғалам қалай пайда болған деген ең бір күрделі сұраққа жауап табуға жәрдемдесуі мүмкін.

ЖАРЫҚТАН ЖЫЛДАМ НЕЙТРИНО

CERN және бір қызықты жаңалықты қыркүйек айында жариялады: ғалымдар электрлік бейтарап субатомдық бөлшектер – нейтриноның жылдамдығын өлшеу тәжірибесінің нәтижелерін жария етті.

Осы тәжірибені басқарған Гран Сассодағы ұлттық зертхана директоры, италиялық физик Лючия Вотано: «Нейтриноның жылдамдағы жарық жылдамдығынан да артық болып шықты. Нейтринолар CERN-нен Италиядағы Гран Сассо қаласына 2,4 милисекундта жетуі керек еді. Тәжірибе барысында олар біз болжағаннан 60 наносекундқа ерте келді. Олар жарыққа қарағанда 0,0001 пайызға шапшаң болып шықты.

Бұл тым көп те емес, бірақ физика ғылымы үшін бұл – үлкен жаңалық» деді. Егер бұл жаңалық расталса, онда Альберт Эйнштейннің «дүниеде жарықтан жылдам ештеңе жоқ» деген тұжырымы жоққа шығады деген сөз.

ЖЕРДІҢ СЫҢАРЫ ТАБЫЛДЫ

Астрономия саласы да өткен жылды табысты түрде аяқтады. АҚШ-тың ұлттық ғарыш агенттігі – НАСА желтоқсан айының басында жердегідей жағдай қалыптасқан жұлдыздың жанындағы «тіршілікке қолайлы» аймақта алғашқы планетаның көзге түскенін қуана хабарлады.

Калифорниядағы Ames зерттеу орталығының директоры Пит Уорден бұл жаңалықты «Жердің сыңарын табу жолындағы ең ірі олжа» деп бағалады.
НАСА суретшісі салған бұл планета Жердің сыңары болуға жарайтындай тіршілік формасы бар ғаламшарды бейнелейді.
НАСА суретшісі салған бұл планета Жердің сыңары болуға жарайтындай тіршілік формасы бар ғаламшарды бейнелейді.

- Бүгінгі жаңалығымыз біраз уақыттан соң «Кеплер» ғарыш кемесі Жерге ұқсас планеталарды табады деген үміт оянды, егер ондай планеталар бар болса, әрине. Біз бір жағынан Жерге ұқсайтын, екінші жағынан «тіршілікке қолайлы» аймақта тұрған (ауа қысымы тіршілік формалары үшін ең қажетті элемент – суды планетаның беткі қабатында ұстап тұратын жағдайы бар – ред.) ғаламшарды ашуға жақын қалдық, – деді Уорден.

Осы жылғы ғарыш саласындағы және бір ерекше жаңалық – алмастан жасалды-мыс деген ғаламшардың табылуы.

Тұтас қымбат тастан жаратылған бұл планета АҚШ астрофизиктері биыл ашқан алып «ғарыш үңгіріне» жұтылып кетсе, ұят болар. Көлемі Күннен 10 миллиард есе үлкен болатын бұл алып ғарыш үңгірлері бұрын-соңды ашылғандардың ішіндегі ең ірісі болып шықты.

АҚ ҚАННЫҢ ШИПАСЫ ТАБЫЛАР КҮН ЖАҚЫН

2011 жылы медицина саласында да айтулы жаңалықтар болды. Ғалымдар лейкемия (ақ қан) дертіне шипа болуы мүмкін деген дәріні сынақтан өткізді. Ол дәрі сырқат кісінің қанын «шабуылшыға» айналдырады, ақыр соңында рак клеткаларын қанның өзі-ақ жойып жібереді дейді ғалымдар.

АҚШ өнертапқыштары құны бар болғаны 1 доллар тұратын «қалам» жасап шығарды. Ол құрылғы жатырда жатқан баланың денсаулығындағы ақауларды айна-қатесіз дер кезінде таба алады деседі. Диагностика саласындағы таптырмайтын құрал дамушы елдердегі аналардың көп мәселесін шешіп береді деген үміт бар.
Ақ қанмен ауыратын балалар. Донецк, 23 наурыз 2011 жыл
Ақ қанмен ауыратын балалар. Донецк, 23 наурыз 2011 жыл

Ғылымдағы бір жылды қорытындылай отырып жаңадан табылған «шайтан құртты» айтпай кетуге болмас. Бұл құйттай ғана тіршілік иесі жер-жаһандағы «ең тереңде мекен ететін жәндік» деген атқа ие болды. Бұл құрт 3,6 шақырым тереңдікте өмір сүріп, ондағы ыстыққа да, қысымға да шыдайды екен.



«АУАДАҒЫ ҚАЛТА»

Ал жер бетіндегі технология саласында да алуан түрлі жаңалықтар ашылып жатыр.
Мәселен, бұдан былай түрлі формадағы мәліметтерді – суреттер мен құжаттарды және музыканы компьютердің қатқыл дискінен тыс жерде, яки «ауадағы қалтада» сақтауға болады (Бұған дейін Flickr тәрізді сайттар суреттерді шалғай жерде сақтайтын қызмет ұсынып келген еді).

Мұны қолданушылар өз файлдарын кез келген компьютерден, тіпті смартфоннан да аша алады. «Нью-Йорк таймс» газетінің технология тақырыбына жазатын сарапшысы Брайан Ченнің айтуынша, компьютер алыбы Apple компаниясы шығара салысымен мәліметті «ауада» сақтау әдісі ел арасында кең таралып кетті.
- Apple бастап жол салып берді де, Microsoft, Amazon сияқты алып ойыншылар мұны қайталай бастады. Олардың арасында Dropbox сияқты кішігірім ойыншылар да бар. Демек болашақта біз өз файлдарымызды түрлі жерлерде еш қиындықсыз сақтай аламыз деген сөз. Бұл өзі бір сиқырлы қалта сияқты, құжаттарыңды бір жерге сақтап қоясың да, кейін оны кез-келген жерден ашып қарай аласың, – дейді Чен.

FACEBOOK ЖЕЛІСІНДЕ - 640 МИЛЛИОН АДАМ

Өткен жыл, сонымен қатар, әлеуметтік желіні пайдаланушылардың қатары да еселеп артқан жыл болды. Facebook-ті қолданушылар саны 640 миллион адамға жетсе, Twitter-де 200 миллион адам тіркелді.

Адамды дауысы арқылы ажырату және «жасанды интеллект» саласы да біраз ілгері жылжыды. Ченнің айтуынша, телефоннан ауа райы туралы болжам тыңдау ашылып жатқан жаңалықтардың қасында тым майда-шүйде жұмыс болып қалады.
Көрмеге қойылған электромобильдер. Германия, 13 қыркүйек 2011 жыл
Көрмеге қойылған электромобильдер. Германия, 13 қыркүйек 2011 жыл

«Одан да өмірде жетілдіре түсуге болатын нәрселер туралы ойлану қажет және біздің тұтынатын құрылғыларымыз қалай істесе дұрыс болатынын бізге өздері айтып беруі керек. Айталық, сіз көлікте келе жатқанда көлігіңізде сары түсті ескерту жанып қалды. Сіз құралдан «Сары түс нені білдіреді?» деп сұрайсыз. Сонда ол: «Мәшиненің моторында ақау бар, оны жөндеу үшін мыналарды істеңіз» десе. Біздіңше, алдағы бірнеше жыл ішінде «жасанды ақылға ие көмекші дауыс жүйесі» осы шаруаларды атқармақ, - дейді Чен.

Шын мәнісінде, «Құдай бөлшегін» іздеу де, қатерлі ісіктің шипасын зерттеу де, 2011 жылы адамзат қол жеткізген технология саласындағы ірі жетістіктердің бәрі болашақтағы ірі өзгерістердің басы болатын түрі бар.

(Қазақ тіліне тәржімелеген - Мұхтар Екей)
XS
SM
MD
LG