Accessibility links

Түрмеден шыққан тәжік әйелі тігін цехын ашқан


Атмия Азимова өзі ашқан тігін цехінде тұр. 19 қаңтар 2018 жыл.
Атмия Азимова өзі ашқан тігін цехінде тұр. 19 қаңтар 2018 жыл.

Түрмеден шыққанда ол бизнес ашсам деп армандаған. Қазір Атмия Азимованың цехы сотталған әйелдердің өмірін реттеуге үлкен мүмкіндік беріп отыр.

Атмия Азимова – жай кәсіпкер емес, ол кісі өлтіріп, есірткі тасымалдап не алаяқтық жасап сотталғандарға жұмыс беруші.

Кезінде химия пәнінен сабақ берген, кейін есірткі сатқаны үшін сотты болып, түрмеде отырып шыққан 41 жастағы әйелдің өмірі күрт өзгерген. Қазір оның көрпе цехы жақсы жұмыс істеп тұр.

Бұл кәсіп тек оның өзіне табыс әкеліп қоймай, сотталып түрмеде жатқандар мен жаңа босап шыққандардың өмірде өз соқпағын табуына көмектеседі.

Үш баланың анасы Атмия 2014 жылы сегіз жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілген. Бірақ амнистияға байланысты алты айдан соң босап шыққан. Қазір ол сол кездерді есіне алғанда «жеңіл ақша жасау үшін өмірімде үлкен қателік жіберіппін» дейді. Қамауда жатқан кезінде күйеуі ажырасуға өтініш беріп, балалары туыстарына кетіп қалған. Өткен өмірін еске алса, ет жақындарын қанша азапқа салғанын түсінеді.

Түрмеден шыққанда ол «кәсіп бастап, адал еңбек етсем» деп армандайды.

БИЗНЕС-ЖОСПАР

Бұрыннан тігінге жақын Атмия төсекжапқыш пен көрпе тігетін шағын цех ашуды ойластырып, оның бизнес-жоспарын жасайды.

"Бала күнімнен көрпе тігетінмін" деді ол Азаттықтың Тәжік қызметіне берген сұхбатында. Өзінің айтуынша, әжесі ісмер тігінші болған.

Алдымен бизнесті бастаудың жолдарын үйрететін сабақ алған. Кейін қандай заттардың жақсы өтетінін байқау үшін базарлар мен дүкендерді аралап шыққан.

Соның арқасында бизнес моделін жасаған Атмия түрмеден босап шыққан не жұмыс істеуге рұқсаты бар сотталған әйелдерді ғана жұмысқа аламын деп ұйғарады.2016 жылы оның жобасы президенттің әйел кәсіпкерлерді қолдау жөніндегі арнайы грантына ие болады.

Азимованың тігін цехіндегі жұмыс барысы. 19 қаңтар 2018 жыл.
Азимованың тігін цехіндегі жұмыс барысы. 19 қаңтар 2018 жыл.

Атмияның үйінде екі ескі тігін мәшинесі болған. 1300 доллар гранттың арқасында ол тағы екі жаңа мәшине алып, Худжандта шағын орынды жалдайды әрі бизнесті бастауға қажетті материалдарды сатып алады.

Алғаш рет оларға арзан бағаға көрпе, жайма және басқа да мата өнімдерін алғысы келетін жергілікті аурухана тапсырыс береді. Одан соң және бір ауруханадан тапсырыс түседі. Артынша әскери бөлімше де қызығушылық танытады.

Арада екі жыл өткенде Атмия цехын бұрынғыдан үлкенірек ғимаратқа көшіріп, тағы 20 адамды жұмысқа алады.

"Табысты болуымыздың себебі – біз сапалы өнімді арзан бағамен сатамыз. Көрпеге жоғары сапалы мақта саламыз. Мата да сондай. Біздің цех шығарған матаның өңі кетпейді" дейді ол.

Бұрынғы қылмыскер, қазіргі кәсіпкер тек өзі үшін ғана емес, бір кездегі өзінің күйін кешіп, адасып жүрген жандарға үміт сәулесін сыйлағаны үшін қуанады.

ЕКІНШІ МҮМКІНДІК

Азаттық тілшісімен сөйлескен жұмысшылар түрмеден шыққан соң жұмыс таппай сабылғандарын айтады. Кешегі қылмыскер түгілі жоғары білікті мамандардың өздері екі қолға бір күрек таппай жүрген елде түрмеден шыққандардың мүмкіндігі өте аз.

Азимова жұмысқа алғандардың барлығы тігінші оқуын оқымаған. Олар бұл кәсіпті жұмысқа тұрғаннан соң меңгерген.

Істеген уақытына және тәжірибесіне қарай олар 55-170 доллар аралығында айлық алады. Сот үкімінің негізінде олар бұл табыстың 20 пайызын үкіметке төлейді. Соның өзінде бұл орташа жалақы 150 доллар болатын ел үшін өте жақсы табыс.

Цех тігіншілері көрпе тігіп жатыр.
Цех тігіншілері көрпе тігіп жатыр.

Жұмысшыларға республикалық шеберлер байқауының үш дүркін жеңімпазы, 69 жастағы кәсіби тігінші Мушарафанисо Нематова дәріс береді.

Нематова осыдан оншақты жыл бұрын кісі өлтіріп, 26 жылға бас бостандығынан айырылған. Сегіз жыл абақтыдан соң ол амнистияның арқасында міндетті түрде жұмыс істеу шартымен бостандыққа шығады.

"Ақша үшін жұмыс істемеймін, мені асырайтын үлкен отбасым бар. Қоғамға, үкіметке пайдамды тигізетін бір игілікті іспен айналысқым келеді. Әйелдерге іс тігуді үйретемін, себебі бұл кәсіп, бұл мүмкіндік оларды қайта қылмыс жасаудан сақтайды" дейді Мушарафанисо әжей.

Азимованың цехына жаңа келген жұмысшылардың бірі – Зебо Миркамолова. 20-дан енді асқан ол кісіні ұрып, қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін екі жылға міндетті жұмыс істеу жазасына кесілген.

Міндетті жұмыс істеу жазасына кесілгендер түрме орналасқан ауданда жұмыс істесе, абақтыдан шығып, үйлерінде тұруға мүмкіндік алады. Солтүстік Суғд ауданында сотталғандардың үйлерінде тұрып жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп отырған бірнеше мекеменің бірі – Азимованың тігін цехы.

Соңғы екі жыл Атмияның өміріндегі үлкен өзгерістерге толы кезең болды. "Өмірдегі армандарым мен жоспарларымның 80 пайызына қол жеткіздім" дейді Азимова.

Оның ендігі арманы – жылдам өсіп келе жатқан бизнесін жалдамалы ғимараттан арнайы салынған ғимаратқа көшіріп, фабрикаға айналу. Осы мақсатта ол үкіметке өтініш те беріп қойыпты.

"Бизнесім қанша өсіп-өркендесе де, жаңа мүмкіндік беру үшін бұрынғы қылмыскерлерге есігім үнемі ашық болады" дейді Атмия Азимова.

Азаттықтың тәжік қызметінің мақаласы ағылшын тілінен аударылды

XS
SM
MD
LG