Accessibility links

Тәжікстанда билік той тағамдарын тәркіледі


Тәжікстандағы үйлену тойы. (Көрнекі сурет)
Тәжікстандағы үйлену тойы. (Көрнекі сурет)

Тәжікстанның оңтүстігінде Куляб қаласына жақын жердегі Дахана ауылында тұратын Зайдулло Худойоровтың әулетінде келеңсіз оқиға болды. Жеті баланың әкесі Зайдулло үлкен қызын ұзатқалы жатқан. Тойға бірнеше сағат қалғанда Худойоровтың үйіне жергілікті әкімшіліктен бірнеше адам келіп, той тағамдарын тәркілеп әкеткен.

Билік өкілдері банкетке тым көп тағам әзірленгенін, мұның ысырапқа жататынын және той, жерлеу, ас сияқты отбасылық шаралардағы шығындарды реттейтін жаңа заң талаптарына қайшы екенін айтқан. Тамыздың 26-сы күні Худойоровтың үйіне рейд жүргізуге қатысқан жергілікті әкімшілік өкілі Холмурод Иброхимов:

Рейд кезінде күйеу жігіттің үйінде арнайы тоқаш, халуа сияқты ысырап болатын тағамдардың тым көп әзірленгенін байқадық. Кедей отбасы тым көп ысырап жасаған. Тағамдарды тәркілеп, оны Куляб психиатриялық ауруханасына тапсырдық.

- Біз ауылдағы заң бұзу оқиғасының алдын алдық. Рейд кезінде күйеу жігіттің үйінде арнайы тоқаш, халуа сияқты ысырап болатын тағамдардың тым көп әзірленгенін байқадық. Кедей отбасы тым көп ысырап жасаған. Тағамдарды тәркілеп, оны Куляб психиатриялық ауруханасына тапсырдық, - дейді.

Жергілікті халық «танзим» деп атайтын бұл заң алғаш рет 2007 жылы қабылданған. Сол кезде президент Эмомали Рахмон аста-төк той мен жаназа қонақасылары халқының көбі кедей тұратын Тәжікстандағы отбасыларға «ауыр салмақ салады» деп мәлімдеген.

44 жастағы жеті баланың әкесі - Худойоровтың тұрақты жұмысы жоқ, ол анда-санда болатын кездейсоқ жұмыстардан және бақшадағы жеміс-жидекті сатудан нәпақа айырып күнелтеді.

Тәжіктердің дәстүрі бойынша, қыз ұзататын отбасының жамағайындары той дастарқанына салатын тағамдарды алдын-ала әкеледі. Отағасы «әйеліме және туыстарға үйлену тойына арнап тамақ пісірмей-ақ қояйық» деп айтқанмын дейді.

Той-томалақтың шығынын шектейтін заңды бірінші рет бұзғаны үшін АҚШ ақшасына шаққанда 4 мың доллар айыппұл салынады. Ал бұл әрекет екінші рет қайталанса, 5 мың 700 АҚШ доллары көлемінде айыппұл төлеу керек. Мектеп мұғалімдері мен мемлекеттік қызметкерлердің айлығы 150 доллардан аспайтын Тәжікстанда мұндай үлкен айыппұл енгізген үкімет осы арқылы халықты үнемшілдікке үйретуді көздегендерін айтады.

Тәжікстандағы той. (Көрнекі сурет)
Тәжікстандағы той. (Көрнекі сурет)

Тамыз айының соңында Тәжікстан парламенті бұл заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, ысырапшыл тойларға бұрынғыдан да көп шектеу қойды. Жаңа өзгерістер бойынша, өздері не жақын туыстары аста-төк той жасап, заңды бұзған мемлекеттік қызметкерлер орнынан алынады.

Бұған қоса, жаңа заң шілдехана, бесікке салу, сүндет той сияқты отбасылық мерекелер кезінде де ысырапшылдыққа тыйым салады.

Үкімет тойдың орнына халықты балаларының атынан банктен есеп-шот ашып, олардың болашағына, оқуына ақша жинауға ынталандырып жатыр.

Заң тәжіктерді қаржылық қиындықтан құтқару үшін кісінің қазасына байланысты ас берудің шығындарын да барынша шектеген, Мәселен, бұдан былай қайтыс болған кісінің жетілігін, жарты жылдығын еске алып, қонақасын беруге болмайды.

Өмір сапасы стандартты төмен, жұмыссыздық жоғары болса да Тәжікстанда жүздеген қонақ шақырып, үлкен дастарқан жайып, той жасау дәстүрге айналған. Сондықтан, балаларын үйлендіру үшін отбасылар жылдар бойы ақша жинайды, ал жастар той шығындарының орнын толтыру үшін маусымдық жұмыс істейді.

Тамыз айында президент Рахмон жергілікті әкімшілік қызметкерлеріне ысырапшылдық дәстүрін жою үшін «танзимның» талаптарын халыққа түсіндіріп, оның көшірмелерін әр үйге таратып беру жөнінде тапсырма берді.

Ал тағамдары тәркілгенген Зайдулло Худойоров өзінің басынан өткен оқиға басқаларға сабақ болар деп үміттенеді.

Фарангис Наджибулланың мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG