Accessibility links

Имамдар өлім жөнелтудің қонақасы мәзірін бекітті


Жаназа.
Жаназа.

Ақтөбе облысында имамдар өлім жөнелтудің шығындары жөнінде әлеуметтік сауалнама жүргізді. Респонденттердің 85 пайыздан астамы «ысырапшылыққа қарсы» екендерін білдірген, бірақ мамандар «қаза көрген әулеттер «ел не дейді?» деп қысылады, сондықтан қаза шығындары азаймай тұр» дейді. Ақтөбе облысының имамдары сәуірдің 13-і күні қазаның қонақасы мәзірінің үлгісін бекітті.

«БІР ЖАРЫМ МИЛЛИОН ТЕҢГЕЛІК ҚОНАҚАСЫ»

Ақтөбе қаласының тұрғыны Бағдат Елубаева наурыз айының соңында 58 жастағы әкесі Мұқтарды ақтық сапарға шығарып салған. Ойламаған жерден жүрек талмасы ұстап қалған Мұқтар марқұмның үй-іші қапелімде қаржы таппай қиналған. Өйткені, Ақтөбе өңірінде марқұмның туыстары алғашқы күні қазаға жиналғандарға «ауыл қонақасы» деп дастарқан жаяды. Ертесіне марқұмның «үлкен қонақасы» беріледі. Ал үшінші тәулікке қарағанда мәйіт жер қойнына тапсырылады.

Бағдаттың айтуынша, әулеттің үлкендері зейнет жасына жете алмаған Мұқтар марқұмды «еш қызық көре алмай кетті» деп санап, соңғы сапарына «ел алдында лайықты шығарып салуды» ұйғарған. Ол «қазаға ортақтаса келген ағайынға берілетін иіс (кілем, жағалы киім, т.б. тәбәрік) пен әкесін ақ жуып, арулаған кісілерге берілетін кәдесі, артынша марқұмның мазарын тұрғызу – бәріне екі миллионға жуық қаржы жұмсалғанын» айтады.

«Салт-дәстүр және діни рәсімдер» аталған конференцияға қатысып отырған Ақтөбе облысы имамдары. Ақтөбе, 13 сәуір 2017 жыл.
«Салт-дәстүр және діни рәсімдер» аталған конференцияға қатысып отырған Ақтөбе облысы имамдары. Ақтөбе, 13 сәуір 2017 жыл.

- «Ауыл қонақасы» мен «үлкен қонақасын» өткізуге мейрамхананы екі күн қатарынан жалдағанымыз үшін 280 мың теңге төледік. 540 мың теңге азық-түлік жеткіздік. Ірі қара мал сойылады - 280 мыңға жылқы алдық. Өз үйімізде әлсін-әлсін жайылған дастарқан тағы бар. Бәрін есептегенде, тек ас мәзіріне 1 миллион 500 мың теңгеден астам қаржы жұмсалды. Бізді қарызға батудан құтқарып қалған әкемнің тоғыз ағайынды екендігі мен жолдастарының көптігі ғана, - дейді Бағдат.

Марқұмның қонақасы дастарқанында жеңсік ет өнімдерінің ассортиі, салқын тағамдардың бірнеше түрі мен неше алуан салат пен пирогтар және қымбат кәмпит-шоколадтар, т.б. тағамдардың түр-түрі болған. Марқұмның қызы Бағдат садақаға жайылған аста-төк дастарқан туралы «той дастарқанынан айырмашылығы - арақ-шарап қана қойылмады» дейді.

«ДАСТАРҚАНЫНДА ДЫМ ЖОҚ ДЕМЕСІН»

Ақтөбеліктер қаза кезінде дастарқан жаю үшін жергілікті мейрамхана-кафелерден бөлек, мешіттер жанындағы асханаларды да жалға алады. Соның бірі – Ақтөбе облыстық «Нұрғасыр» мешітінің жанындағы асхана. Асхана меңгерушісі Мәриям Беркімбаеваның сөзінше, олар «қаралы шаңырақтарға жыл басынан ысырапшылдыққа жол бермеу жайлы айта бастаған».

Кейбіреу «садақаға келген жұрт дастарқандарында дым жоқ демесін» деп тартқыншақтайды. Жалпы байқағаным, көпшілік ысырапшылдыққа іштей болса да қарсы. Бірақ бәрібір «ел не дейді?» деп қымсынады.

- Сөзімізге біреулер құлақ асады. Кейбіреу «садақаға келген жұрт дастарқандарында дым жоқ демесін» деп тартқыншақтайды. Жалпы байқағаным, көпшілік ысырапшылдыққа іштей болса да қарсы. Бірақ бәрібір «ел не дейді?» деп қымсынады, - дейді Мәриям Беркімбаева.

Мәриям мешіт жанындағы асхана мәзірінен биыл түрлі салаттар, жеміс-жидек пен қазы-қарта, балықтың қымбат түрлері түбегейлі алынып тасталғанын айтады. Ал Ақтөбе облыстық "Нұрғасыр" мешітінің ақсақалдар алқасы мүшесі Бекежан қажы Аханұлы:

- Біз 100 адамға 170 мың теңге дейміз. 105 мың теңгесі - азық-түлік, қалғаны -асхана қызметкерлерінің үлесі. Ал садақаны мейрамханада беретін кісілер бар, онда 100 адамдық дастарқанға кемі 300-400 мың теңге кетеді. Бұл - ысырап, – дейді.

ВИДЕО: Имамдар жиыны

Қазаның қонақасы мәзірі
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:52 0:00

Өлім жөнелту кезінде аста-төк дастарқан жайып, ысырапшылдыққа жол берілмес үшін сәуірдің 13-і күні Ақтөбеге жиналған аудан имамдары қонақасы мәзірін бекітті. Имамдардың басын қосқан «Салт-дәстүр және діни рәсімдер» аталған конференцияда қаза дастарқаны мәзірінің үлгісі де көрсетілді.

«Садақа (қонақасын айтады – ред.) мәзірі мейлінше қарапайым болуы керек» деп үлгі ретінде көрсетілген дастарқанда негізінен қазақ тағамдары: бауырсақ, жеті шелпек, май-қаймақ, өрік-мейіз, шайға тістейтін тәттілер мен ет болды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақтөбе облысындағы өкіл имамы Төлеби Оспанов:

ҚМДБ-ның Ақтөбе облысындағы өкіл имамы Төлеби Оспанов. Ақтөбе, 13 сәуір 2017 жыл.
ҚМДБ-ның Ақтөбе облысындағы өкіл имамы Төлеби Оспанов. Ақтөбе, 13 сәуір 2017 жыл.

- Бұл мәзірді бекітпес бұрын облыс аудандарын түгел аралап шықтық. Ел арасында сауалнама жүргіздік. Сауалнамаға 1230 адам қатысты. Олардың 85 пайыздан астамы ысырапшылдыққа қарсы, - дейді.

Ақтөбе облыстық "Нұрғасыр" мешітіндегі ақсақалдар алқасының мүшесі Бекежан қажы Аханұлының айтуынша, «кімнің асын аяйсыңдар?» деп қарапайым ас мәзіріне қарсылық танытқандар да болған».

- Бірақ [мәзір үлгісін жасағанда] басым көпшіліктің пікірі мен шариғат талаптары ескерілді, - дейді ол.

Бұл мәзір ендігі жерде облыстық "Нұрғасыр" мешіті жанындағы асханада қолданылатын болды. Жиында «біркелкі мәзірдің үлгісі жергілікті мейрамхана-кафелерге де үлестірілетіні» айтылды. Ал аудан имамдарына«жер-жерде ысырапшылдыққа қарсы уағызды күшейту» тапсырылды.

«Салт-дәстүр және діни рәсімдер» аталған конференцияда көрсетілген садақа мәзірінің үлгісі. Ақтөбе, 13 сәуір 2017 жыл.
«Салт-дәстүр және діни рәсімдер» аталған конференцияда көрсетілген садақа мәзірінің үлгісі. Ақтөбе, 13 сәуір 2017 жыл.

Конференцияда діни жоралғылардың дәстүрмен үндестігі, мазар салу, мұсылман жерлеу мәдениеті туралы да айтылды. Имамдар «әуелі қаза дастарқаны мәзірін бір жөнге келтірген соң, мазар салу мәдениеті сияқты басқа да діни мәселелерді реттеу керек» деген шешімге келді. Имамдар облыс тұрғындарына ысырапшылдықты тоқтату туралы үндеу де жолдады.

Қазақстан өңірлеріндегі өлім жөнелту ғұрыптары негізінен ұқсас деуге болады. Қазаның артын күту кезіндегі ысырапшылдық елдің барлық аймақтарында байқалады.

XS
SM
MD
LG