Accessibility links

Шындық іздеген арызшы «жынды» атанып, түрмеге түсті


Шәмси Зариф Хатлон облысы әкімдігінің алдында тұр. Тәжікстан.
Шәмси Зариф Хатлон облысы әкімдігінің алдында тұр. Тәжікстан.
Тәжікстанда жемқорлар мен бюрократ шенеуніктерге қарсы тұратын жандар аз. Алайда шындық пен әділет іздеген бір ақсақал соңғы отыз жылда шенеуніктердің үстінен жүздеген арыз жазды.

75 жастағы Шәмси Зариф ақсақал хат жазғанды жақсы көреді. Алайда оның хаттарын оқығанды ұнататын жан аз. Ақсақалдың жерлестері, Хатлон облысы Восей ауданының тұрғындары оны қолдайды.

– Тұрғындардың мүдде-талаптарына қарамастан, аудан төрағасы ауыл базарларын жаппай жаба бастағанда жүздеген шенеуніктің табалдырығын тоздырып, базарларды қайта ашудың қамын жеген жалғыз Шәмси ақсақал болды, – деді жергілікті тұрғын Барот Сафаров Азаттық радиосының Тәжік қызметіне.

«СОВЕТ ЗАМАНЫНАН ҚАЛҒАН АРЫЗҚОЙ»

Шәмси Зариф – сонау совет заманында өзі тұратын Восей ауданы шенеуніктерінің үстінен жазған арыз-шағымдарын Кремльге жолдап келе жатқан жан.

Куляб педагогикалық институтының орыс филологиясы факультетін қызыл дипломмен бітірген ол кісі бұл шағымдарының арқасында түрмеге де қамалып, «есі ауысқан» деген атақ та алып, шенеуніктердің көз түрткісіне айналды.

Шәмси Зариф 1983 жылы «егер Совет одағы өз саясатын өзгертпесе, он жыл ішінде мемлекет күйреп тынады» деп ескертіп, КПСС Орталық комитетіне хат жолдаған.

«Коммунистік қоғамның орнауына сенбестік танытқаны және коммунизмге барар жолда кедергі келтіргені үшін» Шәмси бірден қамауға алынады. Оны тек 1991 жылы, СССР тараған соң ғана Тәжікстанның бас прокуратурасы ақтап шығарды.

ТҮРМЕ ЖӘНЕ ЕСІ АУЫСҚАНДЫҒЫ ТУРАЛЫ АНЫҚТАМА

Шәмси Зарифтің студенттік жылдардағы досы Саид Рахмонның ойынша, қоғамға мұндай жандар қажет. Оның пікірінше, Шәмси Зариф, шынымен де «сырқат».

– Оның дерті – әділетсіздікке төзбеуі, кез-келген заң бұзуға қарсы болуы. Біреулердің ат жарыстырып, кекілік таластырғанды жақсы көретіні сияқты, ол шындық іздеген жан, Бүкіл ғұмырын әділетке арнап келеді. Қиянат көргендердің, құқы тапталғандардың жанынан табылады, – дейді Сайд Рахмон.

Шәмси Зариф 2002 жылы бала тууды шектеуді насихаттайтын отбасы туралы заңға
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон. 9 тамыз 2012 жыл.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон. 9 тамыз 2012 жыл.
назар аударды. Ол Тәжікстан президентінің атына хат жазып, бұл саясаты «бейбіт жолмен жасалып жатқан террор және ұлттық геноцид» деп атады.

Бұл хаты үшін екі жарым жылға түрмеге қамалған Зарифті кейін босатып, оған «есі ауысқан адам» деген анықтама берді.

Содан бері оның әділет қуған, заң бұзу туралы жазған хаттары «есі ауысқан адамның» сандырағы ретінде қабылданып, билік мән бермейтін болды. Алайда Шәмси Зариф әділет жолындағы әрекетін тыймай, тек былтырдың өзінде ғана шенеуніктерге 200-ден аса хат жазды.

«ҰЛЫ АРЫЗҚОЙЛАРДЫҢ СОҢҒЫ ТҰЯҒЫ»

Шәмсидің үлкен бір арманы – Тәжікстан президентімен кездесу. Эмомали Рахмон 2010 жылы осы өңірге келген кезде жергілікті билік Шәмсиді үйқамаққа отырғызып қойған.

– Аудан төрағасының тапсырмасы бойынша Восей ауданының прокуратурасының қылмыстық істер жөніндегі бөлімі президенттің сапары аяқталғанша мені үйқамаққа алды. Сондықтан президентпен жолығып, мұндағы заң бұзушылықтар жайлы айта алмадым, – дейді Шәмси.
Мұндай адамның Жоғары Мәртебеліммен кездесуіне ешқашан жол бермеймін!
Восей ауданының төрағасы Сұлтан Валиев.


Восей ауданының төрағасы Сұлтан Валиев «Мұндай адамның Жоғары Мәртебеліммен кездесуіне ешқашан жол бермеймін!» деп мәлімдеді.

Валиев президент келесі жолы келгенде де осы амалға баратынын, өйткені «Шәмси Зариф президентпен әңгімелесуге лайықты адам емес» екенін айтты.

Шәмсидің жақтастары оны «ұлы арызқойлардың соңғы тұяғы» деп атайды. Жас журналист Орзу Хамидовтың пікірінше «Шәмси Зарифтің ісі пайдалы болғанымен, оған батылы жетіп еретіндер аз».

– Мұндай жүрек жұтқан арызқой болу үшін адамға ерекше батылдық керек. Жергілікті менталитет мұндай жандарды түсінбейді, сөгеді. Оның ісін жалғастырар жан табылуы екіталай. Жастардың бірі мұндай шағым жазса, оны тез арада соттап жібереді. Мұндай қоғамда кемшіліктерді ашық жаза алатындай ерлік қажет, – дейді Орзу Хамидов.

(Мақала Азаттық тілшісі Мумин Ахмади жазған репортаж негізінде әзірленді).
XS
SM
MD
LG