Accessibility links

АҚШ-тағы ерекше ресторан «жаудың» асын пісіреді


АҚШ-тың Питтсбург қаласындағы «Жанжал асханасы».
АҚШ-тың Питтсбург қаласындағы «Жанжал асханасы».

Питтсбург қаласындағы «Жанжал асханасы» деп аталатын ресторан Куба, Иран, Ауғанстан мен Венесуэланың ұлттық тағамдарын пісіріп, бұл елдерді жаңа қырынан танытқысы келеді.

Иран АҚШ тұрғындарына өзінің тауық еті, анар және грек жаңғағы қосылып жасалатын «фесенжан» деп аталатын тамағы емес, ядролық қаруы арқылы көбірек танымал болған.

Питтсбургтегі (Пенсильвания штаты) «Жанжал асханасы» (Conflict Kitchen) ресторанын ашқан екі адамның бірі Джон Рубин осы көзқарасты өзгерткісі келеді. Ол ұстанымы АҚШ-тың сыртқы саясатына қарама-қайшы келетін елдердің дәм-тұздарын насихаттауды көздейді.

«ҚОРҚЫНЫШТЫ ЕЛДЕРГЕ БАСҚАША ҚАРАУ»

Питтсбург қаласындағы Карнеги Меллон университетінде сурет өнері бойынша дәріс беретін профессор Джон Рубин мен оның әріптесі Дон Уелески 2010 жылы осы ресторанды ашқалы бері бұл жерде Иранға қоса Ауғанстан, Венесуэла және Кубаның да ұлттық тағамдарын пісіреді.
«Жанжал асханасындағы» Иран тағамы.
«Жанжал асханасындағы» Иран тағамы.

Рубин «мұндай ресторанды ашуға екі түрлі нәрсе себеп болды» дейді. Біріншісі – Питтсбург ресторандарындағы жұпыны ас мәзірін байыту, екіншіcі – америкалықтарға қорқынышты болып көрінетін елдер жайында басқаша көзқарас қалыптастыру.

– АҚШ-пен жанжалдасқан, мысалы Иран сияқты елдерді халыққа таныстыратын ресторан аша алатынымызды түсіндік. Америкалықтарға ол елдерді мәдениеті мен дәстүрлі тағамдары арқылы басқа қырларынан таныстырғымыз келеді. Бұл сол елдерді танып білудің ең тиімді жолы болмақ, – дейді Джон Рубин.
«Жанжал асханасындағы» ауған тағамы.
«Жанжал асханасындағы» ауған тағамы.

Бірақ «Жанжал асханасының» екі құрылтайшысы мақсаттары жай ғана бизнес емес, одан да жоғары маңызды жоба екенін айтады. Олар ресторанды адамдар бірге отырып тамақтанып, пікір алмасып, саясатшылар мен негізінен ақпарат құралдары теріс жағынан сипаттаған елдердің мәдениетін тереңірек тануға септесетін орын ретінде пайдаланады.

Джон Рубин мен Дон Уелески ресторанның барлық қызметшілерін клиенттерді ұлттық тағамы пісірілген елдің мәдениеті жайлы әңгімеге тартуға арнайы дайындайды. Уелескидің айтуынша, «Ондағы мақсат – қонақтармен пікір алмасып, олардың ирандықтар, кубалықтар, венесуэлалықтар және ауғандар туралы ой-пікірлерін өзгертуге тырысу».

– Бұл жобаның ең басты мақсаты – жалпы жұрттың пікір алмасып, сұхбат құруына мүмкіндік жасау. Көшеде Иранның немесе Солтүстік Кореяның саясаты жайлы әңгімелесіп тұрған адамдарды жиі көре алмайсыз. Есесіне ауа-райы, спорттық командалардың жеңген-жеңбегені туралы сөйлесіп бара жатқан адамдар жиі ұшырасады, – дейді ол.
«Жанжал асханасында» Куба тағамдары аптасы басталды.
«Жанжал асханасында» Куба тағамдары аптасы басталды.

Уелески мен Рубин әртүрлі елдерден келген мигранттарды іздеп тауып, олармен бірге отырып, күнделікті өмір салтын, әр елдің мәдениетін басқа қырынан аша түсетін оқиғаларды, іс-шараларды талқылайды. Бұл байланыс геосаясат орталығының бір түрі сияқты.

Таяуда ресторан қызметкерлері мен клиенттер Skype арқылы Тегерандағы адамдармен бірге отырып ас ішті. Питтсбург пен Тегерандағы ұжым дастарқанға бірдей тағам тартты.

– Сол кезде үлкен экран арқылы бәріміз ұзын үстелдің басында бірге отырғандай көріндік. Бәріміз бір бөлмеде отырғандай болып, әңгіме-дүкен де өте жақсы өрбіді. Мұндай сәттер адамға қатты әсер етеді. Себебі адамдар уақыт пен заманның бір екенін сезінеді. Әлемнің басқа тұсында басқа адамдардың дәл сенікі сияқты тағам жейтінін, өзіңнің де күнделікті дәл солар сияқты өмір сүретініңді түсінесің, – дейді Уелески.

Мұндай Skype-түстену Кабулдағы деректі фильм түсірушілермен және Венесуэла астанасы Каракастағы радио станция қызметкерлерімен де өткізілді.
«Жанжал асханасында» Венесуэла тағамдары аптасы басталды.
«Жанжал асханасында» Венесуэла тағамдары аптасы басталды.

«СОЛТҮСТІК КОРЕЯНЫ ДА ҚОССАҚ ДЕЙМІЗ»

Әр елдің мәдениеті мен дәстүрлі тағамдарын насихаттайтын «Жанжал асханасы» алты ай сайын тағам мәзірін өзгертіп, терезедегі ою-өрнектерін де сол таңдалған елдің дәстүріне сәйкес өзгертіп отырады. Тіпті тамақ салынған пакеттер де жаңарады. Азық-түлік қораптары мен орама қағаздарының сыртына сол ел туралы ақпарат, АҚШ-қа көшіп келген мигранттардың сөздерінен үзінділер жазылады.

Қазір ресторанда Иран тағамдары күндері өтіп жатыр. Сондықтан мейрамхана қызметшілері «фесенжанға» қоса езілген ет пен пияздан жасалатын «кебаб кубидех», көк шөп қосылатын «хорешт гормех сабзи» тағамдарын пісіреді.

Куба тағамдары күндері қуырылған шошқа еті – «лехон асадо», қуырылған юкки, кубалықтар көп жейтін қара боб пен күріш те пісіріледі.

Венесуэла тағамы күндері басталғанда бұл ресторан әртүрлі ет, не ірімшік қосылған «аррапас» тамағын әзірлейді.

Ауған күндері басталғанда қызыл жасымық, саумалдық және асқабақтан жасалатын «болани» әзірленеді.
«Жанжал асханасында» ауған тағамдары аптасы басталды.
«Жанжал асханасында» ауған тағамдары аптасы басталды.

Барлық тағамды Роберт Сайэр есімді жергілікті аспаз пісіреді. Рубиннің айтуынша, Роберт Сайэр Питтсбургтің ең мықты ресторанының біріндегі жұмысын тастап, «Жанжал асханасына» ауысып келген. Себебі Роберт жаңа ас-ауқат түрлерін жасап үйренгісі келген. Ол тағам рецептерін кітаптан, интернеттен іздейді, аналары мен әжелерінен үйренген клиенттерден сұрап алады.

Әзірше бұл ресторанның тізімінде төрт ел (Иран, Ауғанстан, Куба мен Венесуэла) ғана бар. Рубин мен Уелески «таяуда ядролық қаруымен қоқан-лоқы көрсетіп, Вашингтонның ашуын туғызған Солтүстік Кореяны да тізімге қоссақ деп ойланып жүрміз» дейді.

Бірақ АҚШ президенті Барак Обама «өз халқына химиялық қару қолдану арқылы шектен шығып кетті» деп санайтын Сирия әзірше ресторан тізімінде жоқ.

– Мен Сирияны да қосқым келеді. Бірақ Таяу Шығыстан да сырт елдерге ұзап шығуымыз керек. Бүкіл әлеммен пікір алмасып отыруға тиіспіз, – дейді Рубин.

(Мақаланы Сағынай Кәрім аударған)
XS
SM
MD
LG