Accessibility links

АҚШ мұсылманы «жиһадқа» басқа қырынан қарайды


Америкалық мұсылмандардың суреттері ілінген метро станциясы тұсынан өтіп бара жатқан адам. Вашингтон, 30 қаңтар 2013 жыл
Америкалық мұсылмандардың суреттері ілінген метро станциясы тұсынан өтіп бара жатқан адам. Вашингтон, 30 қаңтар 2013 жыл

АҚШ-та "жиһад" сөзінің "дұрыс мағынасын" басқа дін өкілдерінен бөлек, мұсылмандардың өзіне қайта түсіндіру кампаниясы басталды.

Усама бен Ладен 2001 жылы қыркүйектің 11-і күні АҚШ-қа шабуыл жасағанда «жиһад» сөзін қолданған еді. Содан бері араб тілінің осы бір көне сөзі қорқынышты ұғымға айналып, мұсылман еместер де, мұсылмандар да оны «исламшылдардың» Батысқа қарсы соғысын білдіретін термин ретінде пайдаланатын болды.

Араб-Ислам қатынастары кеңесінің Чикаго бөлімшесінің директоры Ахмед Рехаб:

- Енді осы сөздің дұрыс мағынасын қайтару үшін күресу - мен үшін жиһадқа айналмақ, - дейді.

Ол өз ақшасына және елден жиналған садақаға «жиһад» сөзінің аз қолданылып жүрген мағыналарын жұртқа насихаттайтын кампания ұйымдастырды.

- «Жиһад» сөзінің бір мағынасы «жақсы орынға ауысу үшін күресу, адамның өз өмірін және өзгенің де өмірін жақсарту үшін жанталасуы, оңай нәрсені емес, дұрыс нәрсені жасауға ұмтылуы дегенді білдіреді, - дейді ол.

Чикаго, Сан-Франциско және Вашингтон қалаларындағы трамвайлар мен автобустарда америкалық мұсылмандардың күліп тұрған әртүрлі суреттері ілінген.

Суреттердің біріндегі хиджаб киген бір келіншек қолына гантель ұстап: «Мен үшін жиһад - уақытым тығыз болса да, сымбатты болуға ұмтылу» дейді.

АҚШ-тың әуе шабуылына қарсы шығып, жиһад ұранын көтеріп тұрған ауғандар. Кунар, 16 қыркүйек 2012
АҚШ-тың әуе шабуылына қарсы шығып, жиһад ұранын көтеріп тұрған ауғандар. Кунар, 16 қыркүйек 2012

Шетінеп кеткен баласының суретін ұстап тұрған бір ана: «Менің жиһадым - ұлымды жоғалтсам да еңсемді түсірмей, болашаққа үмітпен қарау» дейді.
Сақалды мұсылман кәсіпкердің суретінің астына: «Менің жиһадым - ерік-жігерімнің сарқылуына ешқашан жол бермеу» деп жазылған.

Жарнамадағы сөздерді Рехаб бала кезінде төсекке тартып жатқан әжесінен үйренген.

Мен сал болып қалған әжемнен: «Әже енді бұл сырқатқа қалай төзесіз?» деп сұрағанымда, ол кісі: «Балам-ау, бұл мен үшін жиһад қой» деп жауап берді. Осы сөз маған қатты әсер етті. Әжемнің сол сөзі маған есейгенде де күш беріп келеді, - дейді Рехаб.

Рехабтың айтуынша, ол ұйымдастырған кампания «жиһад» сөзін экстремистік әрекеттерге қатысты қолдануға аузы үйреніп кеткен мұсылмандар мен жиһадты «діни соғыс» деп тар ауқымда түсінетін мұсылман емес өзге де халықтарға дұрыс түсіндіруді мақсат етеді. Кампания «Исламды бұл дінді дұрыс түсінбейтін мұсылмандар мен анти-мұсылмандардан құтқару керек» деген ұран көтерген.

Вирджиния университетіндегі исламтану орталығының доценті Ахмед әл-Рахимнің айтуынша, «бұл кампания - негізінен жиһадшы салафилерге қарсы науқан. Салафилер - өздерінің саяси мақсаттарына қол жеткізу үшін қатігездікті ақтап алғысы келетін мұсылмандар.

- Салафилер «жиһад» сөзін «соғыс» деп түсіндіруге тырысады. Олар осы терминге жауынгерлік сипат беріп, қатігездікті сол ұғымға сыйдырғысы келеді. Сондықтан мұсылмандар арасында «жиһад» терминінің дұрыс мағынасын қалпына келтіруге тырысатындар пайда болды, - дейді ол.

Ал науқанды ұйымдастырған Рехаб:

- Қалыпты мұсылмандар «сөз таластырмай тыныш отырғандықтан», екі түрлі теріс көзқарас қалыптасып кетті. Соның кесірінен Батыс исламды, ал мұсылмандар Батысты басқаша танитын болды. Бұл жерде ешқандай да бөліну немесе қайшылық жоқ. Оған осы отырған мына мен - тірі куәмін. Мен - Американы өте жақсы көретін және дін ұстанатын америкалық мұсылманмын. Мен үшін жиһад - Американы құтты мекенге айналдыру үшін күресу, - дейді.

Рехаб «жиһад» сөзінің мағынасын бұрмалап алғандар деп сипаттайтын топқа Памела Геллер сияқты адамдар жатады. Геллер бұл сөзге исламшыл экстремистердің анықтамасы тұрғысынан қарайды.

«Американың азаттығын қорғау ұйымы» деп аталатын анти-исламдық топты басқаратын Геллер «Менің жиһадым» науқанына қарсы биыл - Чикагода, былтыр Нью-Йоркте акциялар өткізіп, жарнамалар жайлы шу шыққанда «жиһад» сөзін қайтадан «соғыс» деп түсіндіруге тырысқан еді.

Рехаб пен оны қолдаушылар жайында Геллер:

АҚШ-Ислам қатынастары кеңесінің мүшелері кездесіп тұр. Ар жақтағы плакатта "Израильді қолда! Жиһадты жең!" деген ұран жазылған. Нью-Йорк, 24 қыркүйек 2012 жыл
АҚШ-Ислам қатынастары кеңесінің мүшелері кездесіп тұр. Ар жақтағы плакатта "Израильді қолда! Жиһадты жең!" деген ұран жазылған. Нью-Йорк, 24 қыркүйек 2012 жыл

- Олар шындығында «жиһад» сөзін ақпен бояп, оны қауіпсіз етіп көрсеткісі келеді. Осы арқылы америкалықтарды мемлекет қауіпсіздігіне енжар қарауға үйретеді. Қатігездік пен өктемдікті ақтап алу үшін ислам терминдері мен мәтіндерін жарнамалап жатқан бұл кампания шындығында Түркияның премьер-министрі, Усама бен Ладен және Таймс-скверге (Нью-Йорк қаласындағы көше аты) шабуыл жасаған Файзал Шахзад сияқты танымал жиһадшылар мен экстремистердің сөздерін қайталап отыр. Біз солар айтатын сөздерді жаңғыртып жатырмыз. Ол сөздерге редакция жасаудың, мағынасын өзгертудің қажеті жоқ, - дейді.

Пенсильвания университетінің ислам философиясының профессоры, исламтанушы ғалым Джамал Элиястың айтуынша, «ағылшын тілінде «жиһад» сөзінің баламасы жоқ».

- Бұл сөзді бірнеше мағынада түсінуге болады. Бұл - «күрес» немесе «ұмтылу» дегенді білдіретін термин. Бұл термин - «Құдайдың жолында алға қарай ұмтылу» дегенді де білдіреді. Сондықтан бұл сөзге көбіне әдеби тұрғыда қарап, кей адамдар қате түсінгендей қатегіздікті білдіретін термин деп қарамауымыз керек. Соғыс «жиһад» сөзінің көп мағынасының бірі ғана. Бұл сөзге көп мағына сыйып кетеді, - дейді ғалым.

Саяси мәтіндерде «жиһад» сөзі көбіне қарулы белсенділікті білдіретін терминге айналып кеткенін» мойындай отырып ол:

- Бірақ мұсылмандар бұл сөзді қолданғанда мынадай тарихи фактіні есте ұстаулары керек. Мұсылмандар өз кемшіліктерімен күресіп, жеке басының міндерін түзету туралы айтқанда осы терминді көбірек пайдаланған, - дейді.

Ахмед әл-Рахим орта ғасырларда жазылған Ислам жазбаларында «жиһад» сөзінің «рұқсат етілген дін соғысы, қасиетті соғыс» мағынасында да қолданылғанын айтады.

- Бірақ Мұхаммед пайғамбар бір соғыстан қайтып келе жатқанда серіктеріне «Осымен кіші жихад бітті!» деген. Сонда сахабалар «дінсіздер мен кәпірлерге қарсы күрес не себепті кіші жиһад саналады?» деп сұрайды. Пайғамбар оларға: «Үлкен жиһад - өз нәпсіңмен күресу, жаныңды арам ойлар мен ниеттерден тазарту. Ол - рухани күрестің бір түрі» деген. Осылайша жиһадтың тағы бір мағынасы ислам тарихында мәлім болған, - дейді әл-Рахим.

Рехабтың ұйымдастырған кампаниясы «жиһад» сөзінің мағынасы туралы пікірталасты бастап берді. Ол бұл акциясын АҚШ-тан тыс жерлерде де өткізбекші.

- Біз «жиһад - соғыс» дейтін экстремистердің сөзіне сеніп отыра берсек, бұл адамзат үшін зор жеңіліс болар еді. Шындығында жиһадты олар айтқандай түсінетіндер көп емес. Олардың саны аз, - дейді ол.
XS
SM
MD
LG