Баспасөзге шолу. 22 наурыз 2005 жыл

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ
Мерзімді басылымдарда Наурыздың тек қазақтардың ғана емес, әлем халықтарына ортақ мейрам екендігі, Юлий Цезарь патша б.д.д. 45 жылы күнтізбеге өзгеріс енгізіп жылдың басын қаңтардан бастауды бұйырғанға дейін, адамзат баласының жаңа жылды қақаған қаңтарда емес, жердің көбесі сөгілген көктемде қарсы алғандығы айтылыпты.
“Қазақ әдебиеті” газетінде жарық көрген Қуанышбек Қаридың “Парсы патшалығындағы наурыз нақышы” атты зерттеу мақалада наурыз мерекесінің тойлану тарихының көне дәуірден бастау алатындығы туралы тарихи деректер келтіріліпті. Мақала авторының айтуынша, наурыз мерекесінің арийліктер арасында тойлану тарихы тым көмескі болғанымен де оның б.э.д. 6-5 ғасырдағы Парсы патшалығынан бері қарай аталып өте бастаған.

Әсіресе жортқанда жолдан қалмаған Кир-Курош патшадан бері өркендеген осы мемлекетте наурызды тойлайтын арнайы орындар, тіпті қалалар салынып отырған. Мәселен Бірінші Дарий патша наурыз үшін Персеполис қаласын арнайы жабдықтап жасандырып жіберген. Жаз наурызда басталып, жыл басы ретінде аталып өтіп тұрған.

Парсы патшалығындағы наурыз алуан түрлі мерекелердің жинақталған үлгісі болып табылған. Айталық наурызға жүз күн қалған қалғаннан бастап, тойланатын мереке рәсімдер Жаңа жыл мейрамынан соң да біразға созылатын болған. Наурыз мерекесіне аса үлкен маңыз берген парсы патшалары оны барынша сән-салтанатпен атап өткен. Тіпті патша деңгейінде тойланатын Жаңа жыл дәстүрі Шах наурыз деген атқа ие болған.

“Жас қазақ” басылымы келтірген деректерге жүгінсек, Ресейдің өзі ХV ғасырға дейін жаңа жылды 1 наурызда тойлап келген. Кейін оны І Петр Еуропа елдерінің дәстүрімен 1 қаңтарға өзгерткен. Мақала авторының айтуынша, Юлий Цезарь патша б.д.д. 45 жылы күнтізбеге өзгеріс енгізіп жылдың басын қаңтардан бастауды бұйырғанға дейін, адамзат баласы жаңа жылды қақаған қаңтарда емес, жердің көбесі сөгілген көктемде қарсы алған.

Сондай-ақ мақала авторы наурыз тойын қайта жаңғыртуға Өзбекәлі Жәнібековтың қосқан үлесінің зор екендігін айта келіп, наурызды мерекелеудің науқаншылдыққа айналып бара жатқандығын тілге тиек етіпті. Осы сөздеріне дәлел ретінде наурызға бір күн қалған кезде алаңға бірнеше ақшаңқан үй тігіп, осының бәрі де халық үшін емес, желкесі жеті қатпар мырзалар үшін ғана жасалатындығына тоқталыпты.

“Түркістан” басылымы болса Сырдың суы тасып, зардап шеккізген Отырар ауданында “Наурыз” ықшамауданының салына бастағандығын хабарлапты. Мақала авторының хабарлауынша, “Наурыз” ықшамауданының жаңа құрылыс жобасы Маяқұм ауылында басталады.

Газет тілшісі келтірген деректерге жүгінсек, Сырыдың суы шайған ауылдарда 500 ге жуық адам өз үйлерінен айырылып қалған. Үйсіз-баспанасыз қалған 98 інің үйі қираған. Олардың арасында 13 і ғана сырттан көшіп келген екен. Солардың 75 і жаңадан тұрғызылып жатқан “Наурыз” ықшамауданына қоныстанады екен.

“Айқын” басылымы болса “Наурыз” ықшамауданын салу үшін республикалық бюджеттен тұрғын үй құрылысы үшін бөлінген 393 миллион теңгені селден қиындық көрген аталған елді мекен тұрғындарының жағдайын жасауға арналатындығын баяндапты.

Сондай-ақ “Айқын” басылымында жарық көрген “Санта Клаус пен дед Мороз – біздің қызыр бабадан “ұрланған” бейнелер” деген мақалада ағылшындардың өздерінің ХVІІІ ғасырға дейін жаңа жылды 26 наурызда тойлап келгендігі айтылыпты.

Мақала авторының сараптамасына сүйенсек, Наурыз тек қазақтардың ғана емес, әлем халқына ортақ мейрам. Газет тілшісі осыған орай Наурыздың шығу тарихын Нұқтың кемесі Қазығұртқа келіп тірелгенде күн мен түннің теңелгендігін, Наурыз сол Нұқ тұқымынан тараған адам аты болуы мүмкін деген жорамалдың бар екендігін мысалға келтіріпті.

Кеме тау басына тоқтаған соң 300 жыл өткесін сол күнді ұмытпау үшін Наурыз тойы тойлана бастаған. Ғалымдардың зерттеуінше бұдан 12672 жыл бұрын жер бетін топан су басқан. Ендеше Наурыз бұдан 12-13 мың жыл бұрын пайда болған. Ал, ХІХ ғасырда өмір сүрген француз ғалымы Абель Ремюзе 1820 жылы моңғол, жапон, болгар, парсы, манжүр сынды сандаған жұрт өздері қолданып отырған он екі хайуанның аттарына телінген он екі жылдық жыл қайыру жүйесін қырғыздардан, яғни қазақтардан алғандығын, жылдардың аттарын да қазақтар ойлап тапқанын жазып кетіпті.

“Литер” басылымы болса Мәскеуде тұратын қазақ диаспорасының да Наурыз мерекесін тойлайтындығын хабарлапты. Мәскеуде Наурыз мерекесі 1991 жылдан бері тойланып келе жатқан көрінеді. Мақала авторының айтуынша, сол уақыттан бері Наурыз мерекесі Мәскеуде өтетін ең маңызды мәдени шаралардың біріне айналған. Өткен жылы Мәскеуде өткен Наурыз мерекесіне үш мыңнан астам қазақ қатысқан.