Астананың 10 жылдық мерекесін тойлау қарсаңындағы күндердің бірі болса керек....

Әзіл жарастырып, қоғамдағы келеңсіз құбылыстарды сынап-мінеуге, сол арқылы көзге көрініп тұрған оғаш жайттарды әр уақытта-ақ сын тезіне салуға болады. Қазақта "Қызым саған айтам, келінім сен тыңда" деген меңзеп айту, астарлап сөйлеп, ымдап білдіру сияқты сөз құдіреті мен оның күш-қуатын тәрбиелік тұрғыда пайдалану тәсілі бар. Біздің саяси әзіл-оспақ айдарымыз да ел ішіне көп тараған анекдоттарды жинақтап оқырман назарына ұсынып отыру және оны оқырманның өз қоржынындағы әзілдермен де толықтырып отыру мақсатын көздейді. Келіңіз, саяси әзіл-оспақтарды оқып, риясыз бір күліп алған соң, оның қатарына өзіңіз білетін анекдотты да қосып қойыңыз.

Бізге azattyq@rferl.org мекен-жайына хат жазыңыз.


Астананың 10 жылдық мерекесін тойлау қарсаңындағы күндердің бірі болса керек.
Орта дәрежелі шенеуніктің үйіндегі аста-төк дастархан басына ылғи бір сірескен бастықтар жинала қалыпты. Стол басындағылардың әңгімелері күнделікті өмірдің күйбеңін біраз күйттеп болған соң, ел тағдыры, жер тағдыры, саясат мәселелеріне қарай көбірек ойыспай ма.
Сол кезде әңгіме айтып отырғандар бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, НұрОтан, Нұрастана, Нұрбасылым, Нұргазет деп бірінен-бірі қалмауға тырысып, біраз ой жарыстырады ғой, тіпті қызды-қыздымен Нұркөше, Нұраудан, Нұраймаққа дейін жетеді.
Сонда осының бәріне әзер шыдап отырған қонақтың бірі:
-Жүр бәйбіше, үйге қайталық, әлгі үйдегі нұрбалалар не болып жатыр екен,- деген екен қасында отырған әйеліне.


2005 жыл, желтоқсан. Президент сайлауы өткен күннің ертесі көмекшісі Н. Назарбаевтың кабинетіне келіп:
-Нұрсұлтан Әбішұлы, бірi- жақсы, бірі- жаман екі жаңалық бар, қайсысынан бастайын,- дейді.
-Жаманынан баста.
-Сіздің басты бәсекелесіңіз - Жармахан Тұяқбай 65 процент дауыс алыпты.
-İм, ім. Ал енді жақсы жаңалығыңды айт.
-Сіз 91 процент дауыс жинадыңыз.


2006 жыл. Қашқындағы оппозиция жетекшісі Әкежан Қажыгелдин Лондонда "Казахстанская правда" газетін дүңгіршектен күнде сатып алады екен де, бірден бірінші бетін ашып көз жүгірткен соң, қоқыс салатын жәшікке лақтырып кете береді екен. Күнде солай. Бір күні газет сатушы шыдай алмай:
-Қажыгелдин мырза, "Казахстанская правданың" тек бірінші бетін қарап тастай саласыз ғой,-дейді таңданыспен.
-Мен одан бір қазанаманы іздеймін.
-Қазанамалар соңғы бетте басылады емес пе?
-Ал ол қазанама бірінші бетте болады!


Бір күні бір тар көпірде екі машина кездесіп қалыпты. Ешқайсысы бір біріне жол бергісі келмейді. Екеуі де машинаны сөндіріп күтіп отырады, біреуі шегініп кетсін деп. Содан біреуі бос отырмайын деп қолына газет алып оқи бастаса, қарсысындағы машинадан басын шығарып:
-Oқып болғаннан кейін маған берші, мен де қарап шығайын,- деген екен.