Мұсаевты ақтайды, бірақ ол Назарбаев кек ала ма деп қорыққандықтан Еуропада қалады дейді Рахат Әлиев

Рахат Әлиев, Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі, диссидент.

Өзінің жақын досы болған, ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаевтың қазіргі іс-әрекетіне қатысты Рахат Әлиевтің пікірін Азаттық радиосы оқырман назарына ұсынады. Әлнұр Мұсаев енді Әлиевті екі банкирдің ұрлануына қатысы бар деп айыптады.
ДОСТЫҚТЫҢ СОҢЫ

– Рахат мырза, біршама уақыт сізбен бірге болған Әлнұр Мұсаевқа қатысты жаңа жағдай сіз үшін күтпеген соққы болды ма, әлде сіз бұндай оқиғаға даяр ма едіңіз?


– Әрине, адами тұрғыдан қарағанда аса ауыр. Өйткені мен онымен он бес жылдай достық қатынаста болған едім. Біріншіден, бұл мен үшін түсініксіз болды. Екіншіден, осының бәрінің артында менің қарсыласым Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тұрғанын жақсы білемін.

Маған өте жақын адамдар дәл осындай арандатулардың тырнағына ілініп қалды. Менің әкеме қатысты болған жағдайды да ұмытуға болмайды. Оны алдап Венадағы Қазақстан елшілігіне кіргізіп алып, маған қарсы насихат жұмысына пайдалануға әрекеттенді. Бұндай сценарийлер екі жарым жылдан бері қолданылып келеді.

Әрине, мен мұндай арандатуларға даярмын. Бірақ бұл жақын адамдарыңа қатысты болса, ауыр тиетіні рас. Алайда бұлардың барлығын болжап, күтуге болады. Өйткені Назарбаевты, әсіресе менің «Өкіл қайын ата» кітабым шыққан соң, ешнәрсе тоқтата алмайды.

БҰЛ ШАРАНЫҢ МАҚСАТЫ – РАХАТ ӘЛИЕВ

– Рахат мырза, Мұсаев сізден жай ғана кете салған жоқ. Ол аустриялық «Кроне Цайтунг» газетіне сұхбат беріп, сізді белдесуге шақыра кеткендей. Ол 2007 жылдың 31 қаңтарында жоғалып кеткен Нұрбанктің екі қызметкерін ұрлауға тапсырыс берген адам деп сізді айыптайды. Бұл сізге қатысты бұрынғы айыптауларды қайталау ма, әлде онда әлдебір жаңалық бар ма?


– Алдымен мен мынаны айтқым келеді. Әуел бастан, бұл қылмыстық істі қолдан ұйымдастыра бастаған сәттен, оның басында Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен осы шараны ұйымдастырған ҰҚК төрағасы Шабдарбаев тұрған, әлі де солай болып келеді.

Олардың мақсаты да біреу ғана болатын. Барлығын сапырылыстырып, қандай да бір фактілік материалдарды пайдаланып, бұның ішінде әлгі менеджерлерді ұрлау оқиғасы деген де бар, бүкіл жағдайды 180 градусқа бұрып әкеліп, маған қарсы қою болатын. Бұның барлығы Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен қазақ арнаулы қызметтерінің қолдан ұйымдастырған ісі, басқа ешнәрсе емес.

Маған қатысты бұл өсек-аяңның барлығын жоққа шығарамын. Бұл менің жай сөзім емес, фактілерге негізделген жағдай. Шабдарбаев бастаған үштіктің бұл істі қалай қолдан ұйымдастырғандығы туралы телефон әңгімелерінің жазбасы бар екендігі жайында мен бірнеше мәрте айтып және кітаптың өзінде де көрсеткенмін.

Қазір Қазақстанда ҰҚК-нің арнаулы құпия пәтерлерінің бар екендігі, онда адамдардың санкциясыз ұсталатындығы жұрттың барлығына белгілі. Және арнаулы қызметтердің басшылығы қолындағы шексіз билікті пайдаланып, кез-келген істі қолдан ұйымдастыруға қабілетті.

Әлнұр Мұсаевтың арнаулы қызметтердің жетегінде кетуінің де өз себептері бар. Оның ата-анасы Қазақстанда екендігін ұмытпаған жөн. Қазақстанда оның туыстары, отбасы, балалары бар. Адам ретінде мен оны түсінемін.

Менің өзімнің анам да Қазақстанда. Оны күн сайын кемсітіп отырады. Оны отбасымен қайта қауышу үшін Еуропаға жібермейді. Бірақ, екінші жағынан, бұл сұраққа жауапты тәуелсіз тергеу беруі керек. Қазақстан бас прокуроры орынбасарының Мұсаевты экстрадициялауды тоқтата тұру туралы шілде айында Аустрия әділет министрлігіне жолдаған құжатына сәйкес, тамызда Мұсаевтың өзі бұрынғы куәгерлік сөздерінен бас тартады. Тірі болсақ, бұлардың барлығының артында кімнің тұрғанын әлі көрерміз.

ӘЛИЕВТІҢ МӘСЕЛЕСІН ЖАБУ КЕРЕК

– Рахат мырза, Мұсаев Аустрия газетіне сұхбат берерден бұрын сіз онымен тікелей сөйлестіңіз бе?


– Иә, біз сөйлестік.

– Ол Қазақстан ҰҚК-мен байланысы барлығы туралы емеурін білдірді ме?

– Өткен жылдың қыркүйек айында оған қарсы қарулы қастандық жасалған кезде ол да, қасындағы қыз да зардап шекті. Бұдан кейін ол психологиялық қысымда жүрді. Мен оған қазақ ҰҚК-нің қызметкерлерінің маза бермей жүргенін түсіндім.

– Бұл жайында ол сізге тікелей айтты ма?

– Иә. Оған әлдекімдердің шығып, ықпал еткісі келіп жүргендігін айтқан. Бірақ мен бұған аса көп мән бермедім.

– Рахат мырза, егер мен сізді дұрыс түсінсем, олар Мұсаевты сізге қол жеткізу үшін пайдаланады демексіз бе?

– Қазақ арнаулы қызметтерінің мені қолға түсіргісі келетіні ешкімге құпия емес. Өйткені мен президентті сынаушы негізгі адаммын ғой. Ал Нұрсұлтан Әбішұлы болса, әрине, егер Әлиевтің мәселесін шешсе, барлық мәселені шешуге болады деп ойлайды. Нақтылай айтқанда, егер адам болмаса, онда оған қатысты мәселе де болмайды. Оның ҰҚК төрағасына Әлиевтің мәселесін біржолата шешу туралы бұйрық бергені жайында менде нақты мәліметтер бар.

Коммунистік режимнен шыққан авторитарлы басшы басқаша ойлайтындарды басу үшін КГБ-ҰҚК-нің тоталитарлық жүйесін әлі күнге дейін қолданады. Бұл бұрынғы КГБ-ның шетелдерде жүргізген операцияларына ұқсас. Бұл айтып отырғаным жай сөз емес. Қыркүйекте Аустрияның тәуелсіз соты қазақ арнаулы қызметінің қылмыс үстінде ұсталғандығына байланысты істі сотта алғашқы рет тыңдайды. Соттың тәуелсіз екендігін нақтылап айтамын.

МҰСАЕВТЫ АҚТАУ

– Рахат мырза, сіздіңше Мұсаевтың бұлай істеуіне не себеп болды? Ол нақты нені талап етті – елге қайтып оралуды ма? Оны ақтауды ма?

– Мұсаевтың түпкі мақсаты – Еуропада қалу. Ол Назарбаевқа сенбейді. Өйткені, 2008 жылдың шілде айында ҰҚК-нің тергеу абақтысында генерал Мәжреновты өлтіргені сияқты, оған қатысты да осындай әрекеттің болары түсінікті. Ал алғашқы кезеңде ол өзіне қатысты барлық үкімдерді қайта қарап, өзін ақтау жайында келісті.

– Ақтау дейсіз бе?

– Иә, ақтау.

– Яғни бұл ол үкімнің шындыққа сай келмегендігін мойындау ма?

– Дұрыс айтасыз. Өйткені, біздің елімізде барлық мәселені сот немесе прокурор шешпейді. Оның барлығын бір-ақ адам – біздің құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы шешеді. Ол жай ғана билік вертикалін құрып қойған жоқ, өзінің шексіз билігін құрды. Меніңше, мұндай билік тіпті Сауд патшаларының да түсіне кірген емес.

Және Назарбаев Мұсаевты ақтай алады. Оны жүз пайызға ақтайды. Ол Алматыдағы Назарбаевтың сотына хат жазып қойды. Демек бұл пошта арқылы сот шешімін шығару – назарбаевтық сот жүйесінің жаңалығы.

Ақыры бұлай болған екен, онда мен қазақ соттары үкім шығарғандардың барлығына Мұсаевтың үлгісімен поштамен өтініштерін жіберулерін ұсынамын. Содан соң оларды пошта арқылы ақтайды. Бұны Әблязов, Ержанов сияқты банкирлер және жазадан қашып, Қазақстаннан сырт елдерде жүрген өзге адамдар да жасауына болады. Онда, бәлкім, маған да пошта қызметін пайдаланып, заңсыз 40 жылдық үкімді азайтуға болар?

– Қалай ойлайсыз, Мұсаев екеуіңіздің араңызда болған жағдайдан соң барлығы қайтадан 180 градусқа өзгеріп, Мұсаев сізге қайтып келуі мүмкін бе?

– Мен бұны Мұсаевпен арамыздағы емес, Назарбаевпен екеуіміздің арамыздағы мәселе деп есептеймін. Және Нұрсұлтан Әбішұлының өзі қалай болжайды... Ол Қазақстанда жүргізіп жатқан былыққа, жемқорлыққа толы саясатын, лас ақшалар арқылы адамдарды сатып алуды Еуропа мен Батыс елдерінде де жүргізуге болады деп ойлайды. Ол барлық журналистердің сатылатындығына, лоббистік компаниялар оның режиміне қызмет ететініне, бұл режимді тазалайтындығына сенімді. Және осының барлығы жиырма жылдан бері болып жатыр.

АСТАНАНЫҢ ҚАРСЫ ӘРЕКЕТТЕРІ

– Рахат мырза, Мұсаевпен болған жағдайды сіз баспасөзде Аустриядағы «Қазақгейт» дегенмен қалай да байланыстыра аласыз ба?


– Бұл жағдай мынадай оқиғалармен сәйкес келіп қалды. 26 тамызда Аустрия парламентінде парламентаралық комиссия жұмысын бастайды. Ол қазақ арнаулы қызметтерінің ықпалын, соның ішінде парламенттің бұрынғы және қазіргі мүшелерін сатып алу оқиғаларын, бұқаралық ақпарат құралдарын сатып алу арқылы қоғамдық пікірді басқару мәселелерін қарайды.

Бұған қоса қазақ ҰҚК қызметкерлерінің Аустрия аумағында қылмыстық әрекетпен айналысу мәселелері талқыланады. Осындай тыңшылардың бірі ұсталып, бір жылға жуық уақыт Венадағы тергеу абақтысында қамауда отыр.

Әрине, бұл оқиғалардың барлығы ҰҚК төрағасы Шабдарбаевтың, оның басшысы – Қазақстан президентінің беттеріне шіркеу болады. Астананың Мұсаевты пайдаланып мені қараламақ болып жатқан әрекеті де осыдан келіп шығуы мүмкін.

– Рахат мырза, сұхбатыңыз үшін рахмет.