Сирияда үкімет әскері әл-Растан қаласына кірді

Хомс провинциясындағы үкіметке қарсы наразылық шеруі. Сирия, 23 қыркүйек 2011 ж.

Бүгін Сирияда президент Башар Асадқа бағынышты үкімет әскері танктер мен тікұшақтардың көмегімен әл-Растан қаласына кірген. Сирияны Түркиямен жалғайтын күре жол осы қала арқылы өтеді.

Хомс және Хама қалаларының арасында орналасқан әл-Растан қаласына өткен түнде пулеметтен оқ жаудырған еді. Куәгерлердің айтуынша, төрт адам мерт болған. Соңғы жарты жылда бұл аймақ президент Асадқа қарсы бас көтергендердің орталығына айналды.

Дүйсенбі күні Нью-Йоркте БҰҰ Бас ассамблеясында сөйлеген Сирия сыртқы істер министрі Валид Муаллем елдегі "тәртіпсіздіктерге дем беріп отыр" деп шет мемлекеттерді, солардың ішінде батыс елдерін айыптады.