Түркияда қиранды астында тірі қалған тағы бір адам табылды

Құтқарушылар жер сілкінісінен қираған ғимарат астанынан табылған адамды жедел жәрдем көлігіне әкеле жатыр. Ержиш, Түркия. 25 қазан 2011 жыл.

Түркияда күшті жер сілкінісінен қатты зардап шеккен Ержиш қаласындағы жермен-жексен болған ғимарат қирандысы басып қалған 18 жастағы жас жігітті құтқарушылар аман-есен алып шықты деп хабарлады түріктің "Анадолы" ақпарат агенттігі.

Бұл жігіт жер сілкінісінен соң 60 сағаттан астам уақыт қиранды астынан шыға алмай жатқан.

Соңғы ресми мәліметтер бойынша, Түркияда табиғи апат салдарынан құрбан болғандар саны 450 адамнан асқан, 1300-ден аса адам жарақат алған. Зілзаладан құлаған ғимараттар қирандыларын аршу жұмыстары жалғасып жатыр, алайда, олардың астынан тірі қалғандар табылар деген үміт күн өткен сайын азайып барады.

Жер сілкінісі салдарынан баспанасыз қалған мыңдаған адам шатырларды паналауға мәжбүр. Зардап шеккен жұрт ас-су мен жылы киім-кешекке мұқтаж болып отырғандарын айтады.

Қазанның 23-і күні Түркияның Ван аймағында 7,2 магнитудалы жер сілкінісі болған еді.