Батысты «байыту» мен интернеттен қорқу

Ирандық карикатурашы Мана Нейестанидің аты белгісіз сықақ суреті.

«Жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе» (Абайдың сөзі), әйтеуір тағы бір аптаның аяғын көрдік. «Алысқан, жұлысқан, айтысқан, тартысқан – әурешілікті көре-көре келдік». Бірақ мен оның бәрін емес, осы аптада өзіме әсер еткен үш жаңалықты ғана айтайын.
І. ТҰРМЫС ПЕН РЕВОЛЮЦИЯ

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ресейлік «Россия 24» телеарнасына берген сұқбаты сәуірдің 25-і күні эфирге шықты. Теледидардағы президенттің жүзіне үңіліп, әр сөзіне тұшынып отырып жарты сағат әңгіменің қалай бітіп қалғанын да байқамаппын. Сол сұқбаттан есімде қалған екі-үш ауыз сөз.

Журналист президенттің араб елдеріндегі революциялар туралы пікірін сұрады. Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, «Араб көктемінің» бірнеше себебі бар.

– Бірінші себебі – ішкі мәселелер. Халықтың тұрмыс нашарлығы, кедейлік, жұмыссыздық, шарасыздық. Ондай адамдарды неге де болса әкете алады. Олар шарасыздыққа ұрынған кезде ұран ұстатады да, «былай істейік» дейді. Билік те халықтың тілегіне құлақ аспады. Сөз жоқ, екіншіден, сыртқы күштер, әлеуметтік желілер де әсер етті. Біреуге керек болды. Оған сылтау да табылды, – дейді Қазақстан президенті.

Ирандық суретші Алиреза Дарвиштің "Араб көктемі" атты суреті. 9 желтоқсан 2011 жыл


Президент Назарбаев «экономикалық дамуы 15 жыл кері кеткен бұл елдерге жаны ашитынын» айта отырып:

– Виктор Гюго «революция үнемі кедейлікті туғызады, ал кедейлік – революцияның негізі» деген. Расында да солай, – деді.

P.S. Негізі, Виктор Гюго жарықтық әуелгі гәпті революциядан емес, кедейліктен бастайтын еді: «Кедейліктен революция туады, революция кедейлікке ұласады» деп. Жарайды, оны қойшы...

Революция демекші, президент сұқбат берген күннің ертеңінде Қостанай полицейлері қару-жарақтары мен арнайы техникаларын халыққа көрсетті. Жұрт Макаров пен Стечкин тапаншаларынан бастап мерген мылтығы, танкке қарсы гранатаға дейінгі қаруларды тамашалап шықты.

Ақпарат құралдарының жазуынша, «әсіресе жаппай тәртіпсіздіктерге қарсы қолданылатын машинаға қызығушылар көп болды. Оны Қостанайда әлі іске асырып көрген жоқ. – Тұра берсін, бірақ ешқашан керегі болмас, – деді облыс әкімі».

Жаппай тәртіпсіздік кезінде қолданылмақ қарудың не керегі бар – Қазақстан халқының тұрмысы жақсы емес пе?

ІІ. «АЗҒАН БАТЫС» ЖӘНЕ «ДИКТАТОРЛАР ПАРАДЫ»

«Россия 24» телеарнасының журналисі одан кейін Қазақстан президентінің НАТО туралы ойын сұрады.

Президент Назарбаев «қырғиқабақ соғыс біткен соң, Варшава келісімі елдері тарап кеткеннен кейін НАТО-ның не ролі бары түсініксіз» екенін, ол кезде Батыс өз халқына «Батыс жүйесі – ең жақсы, ең үздік» деп, ал «Совет одағында, коммунистерде бәрі жаман» дегенін» айтты.

– Мүмкін, бізді (яғни Совет одағын – ред.) сынайтын қисыны бар шығар. Бірақ 100 пайыз түгел жаман болған жоқ. Енді «оларда жаман, бізде жақсы» дейтін заман жоқ. «Араб көктемінен» кейін басқа елдер қабылдай алмайтын Батыс мәдениеті азып бара жатыр. Өйткені әрбір халықтың діл, тарих, дәстүр ерекшелігі ескерілмейді. Құрама Штаттар насихаттайтын Батыс ақпарат құралдарын, Батыс мәдениетін көшіріп ала салуға болмайды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан президенті одан кейін «бұрынғы Совет Одағында болған елдердің Еуропаға жасаған жақсылықтарын» айтты.

– Біздің, бұрынғы Совет Одағындағы елдердің, тарап кеткеніміз Еуропадағы өндірушілерге көп көмек болды. Бері қарай киімі де, цитрусы да, шарабы да келді. Бұл – зор байлық. Біз оларды байыттық. Олар рахмет айтуы керек, – деді президент Назарбаев.

1982 жылы өндіріске шыққалы бері өзгеріске ұшырамаған совет-ресей көліктерінің бірі Лада Рива. Тольятти, 14 қаңтар 2006 жыл


– Айтпайды, айтпайды. Айта қоймас, – деді «Россия 24» телеарнасының журналисі.

– Айтпайды. Солай болды. Біздің арқамызда тып-тыныш байып алды, – деді президент Назарбаев.

P.S. Қазақстан президенті сұқбат берген күні «біздің арқамызда тып-тыныш байып алған», бірақ «рахмет айтуды» білмейтін Еуропада Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі аталды.

25 сәуірде Global Witness халықаралық ұйымы Еуропа парламентінің алдында «Диктаторлар парадын» өткізді.

Ұйым Еуропа парламентін «қарапайым азаматтарды кедейлікке ұшырататын индустриалдық лоббистерге қарсы шығуға», «барлық мемлекеттерді табиғи байлықтан түскен қаржы есебін толық беруге міндеттеуге» шақырды.

«Диктаторлар парадына» қатысушылардың бірі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бейнеленген маска киген. Парадқа қатысушылардың арасында «Муаммар Каддафи», «Саддам Хусейн» марқұмдар да жүрді.

ІІІ. «ЕКІ ҚАУІП»

Президент Назарбаевтың «Россия 24» телеарнасына берген сұқбатына қарағанда, «Қазақстанға төнетін соғыс қатері жоқ, бірақ одан өзге екі қауіп бар».

Оның біріншісі есірткі екенін айтқан Қазақстан президенті: «Ауғанстан есірткінің жетілген түрлерін өсіріп шығарып жатыр. Ұжымдық күштер Ауғанстаннан кетсе, онда қандай билік орнайтынын, ол биліктің саясаты қандай болатынын білмейміз» дейді.

Ал екінші қауіп «әлеуметтік желілер мен интернеттен» келеді екен.
Елдегі аш-арық адамдарға көмектесу бағдарламасына қатысқан Гватемала президенті ішер асқа жарымай отырған бір әулетке барып, сол үйде бірнеше күн өмір сүріп көрмек.
– Заманауи ақпараттық технологияларды қолданып, киберкеңістік арқылы саяси жағдайға әсер ету ниеті де – қауіпті. Мемлекеттің ішкі саясатына ықпал ету үшін идеяларын интернет арқылы таратып, әлдебір қарсылық топтарын құрудың ақыры қандай болатынын барлық елдер түсінеді, – дейді Қазақстан президенті.

P.S. Ал Гватемаланың сайланғанына 100 күн болған президенті Отто Перес Молина осы демалыста халықтың тұрмысын көріп, мұң-мұқтажымен танысу үшін елдің батысындағы Уитан қаласындағы кедей аудандардың біріне кетті.

Елдегі аш-арық адамдарға көмектесу бағдарламасына қатысқан Молина мырза ішер асқа жарымай отырған бір әулетке барып, сол үйде бірнеше күн өмір сүріп көрмек.

Президенті «Мың бір түндегі» Харун Рашид сияқты ел кезіп жүргеніне қарағанда ол елде «әлеуметтік желілер мен интернеттен келетін қауіп» жоқ болса керек, сірә.