13 мамыр Мәскеудегі Абай ескерткіші маңына шоғырланған мыңдаған наразы жұртқа ресейлік жазушылар мен музыканттар қосылды. Путинге қарсы "халық серуеніне" отбасымен, бала-шағасымен келгендер де бар. Адамдардың көбі мойындарына ақ мата байлап алған.
Ресей жазушысы Борис Акуниннің айтуынша, "Шараның басты мақсаты - мәскеуліктердің өз қаласында еркін серуендеуге мүмкіндігі бар ма, жоқ па немесе бұл үшін арнайы рұқсат керек пе - осыны тексеру" болған. Мамырдың 13 түскі сағат 12-лерден кете Азаттық радиосының орыс қызметінің тілшісі "наразылық "серуеніне" шыққан халық көп болып, Рождественский бульварының тротуарына сыймай, көшенің көлік жүретін бөлігіне шығып кетті" деп хабарлады.
БЕЙБІТ ШАРА
"Серуендеген" жұрттың қарасы - 10 мыңға жуық адам. Олар Путиннің сайлаудан әділ өткеніне күмән келтіріп, үшінші мерзімге президент болуына қарсылықтарын білдірді. "Халық серуенінің" идеясы мамырдың 6-сы өткен "Миллиондар маршында" оппозициялық белсенділердің жаппай тұтқындалуынан кейін туды. Шеруді полиция бақылады.
Сағат 12-де қозғалған "серуеншілер" Пушкин алаңындағы ақын ескерткішінен Чистые пруды аймағындағы Абай ескерткішіне дейін жүріп өтті. Азаттықтың орыс қызметінің тілшісі түскі сағат екі кездерінде жұрттың алды Грибоедов ескерткішіне жеткенін хабарлады.
Тілшіге сұқбат берген мәскеулік оппозиция белсендісі Виктор Шендерович "Билік кезекті бассыздыққа бармайтын шығар" деді.
Ол "Шара бейбіт өтуі керек. Өйткені, тиісті адамдар өздерінің билігінің заңсыздығын түсініп, қорқып отыр. Олар билікте қала алмайды. Шеруге шыққандар Горбачевке идеологиялық тұрғыда қарсы шыққан Лигачев немесе Варенников емес" дейді.
"АБАЙҒА БАРАМЫЗ"
Ақ лента Ресейдегі "Әділ сайлау үшін" қозғалысының белгісі.
Азаттық тілшісінің айтуынша, серуенге келген жұрт бір-бірінен қайда баратындарын сұрастырғанда көбінше "Абайға барамыз" деген сөздер айтылған.
Ресейлік ақын Вадим Жуков Азаттық радиосының орыс қызметі тілшісіне "Мен ОккупайАбайға" жиналған адамдардың жүзіне сүйсіндім, жылы жүзді адамдар Ресейді өзгертеді" деп сұқбат берді.
BBC ақпарат құралы "халық серуенінің" ішінде болған тілшісі Рафаэль Сааковтың сөзіне сүйеніп, шараға келген азаматтар саны 10 мыңдай деп хабарлайды. BBC "Мәскеу қалалық ішкі істер басқармасы баспасөз қызметінің "серуен" деп аталған шараға Пушкин алаңында бір мыңға жуық адам келді" дегенін де айтып өткен.
"ЕРКІН ҚАЛА"
Азаттық радиосының орыс қызметінің тілшісінің айтуынша, "халық серуені" Мәскеу уақыты бойынша түскі сағат үштен кете аяқталды. Адамдар Абай ескерткішіне жеткен соң, тарай бастаған. Оппозицияның Оccupy Abay деп аталып кеткен лагерінде қалып жатқандар да бар. Жазушылар, музыканттар жиылған жұртқа автограф жазумен, Ресейдегі қазіргі саяси жағдай туралы пікірлерін айтумен айналысқан. Саясаттанушы Дмитрий Орешкин бүгінгі шараға "Біз елдегі әлеуметтік-мәдени жағдайды өзгертіп жатырмыз" деп баға берген.
Оccupy Abay ауданына жиылғандар шараны өлең айтып, көңілді жиынға айналдырған. Жазушы Борис Акунин шара соңында Мәскеуді еркін қалаға айналдыру идеясы тұрғындардың 95 пайызын жинай алатынына көзі жеткенін айтқан.
Ресейдің мемлекеттік думасының депутаты Геннадий Гудков "серуендеушілердің" Пушкин мен Абай ескерткіштерінің арасындағы бульвар адамдарға толып кеткенін көріп, "Бүгін 60 мың адам келді" деп мәлімдеген.
Шерудің алдында Мәскеу қалалық думасының спикері Владимир Платонов мәскеуліктерді бұл "серуенге" қатыспауға шақырған. Ол "Сырттан келетін арандатушылар сырттай бейбіт көрінетін шараны салдары белгісіз жаппай тәртіпсіздіктерге ұластырып жіберуі мүмкін" деген еді. Ал Мәскеу полициясы "серуенге" ешқандай қоғамдық тәртіп ережелері бұзылмаса, бөгет жасамайтындарын мәлімдеген болатын.
Мәскеудегі Азаттықтың орыс қызметі тілшісінің хабарлауынша, "серуен" бейбіт жағдайда, тыныш өткен.