Accessibility links

Абай "ресейлік оппозицияның ақынына" айналды


Ресей президенті Владимир Путин Абай ескерткішін ашу салтанатына қатысып тұр. Мәскеу, 4 сәуір 2006 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин Абай ескерткішін ашу салтанатына қатысып тұр. Мәскеу, 4 сәуір 2006 жыл.

Мәскеудегі Абай ескерткішінің маңында кезекті акция өткізбек болған азаматтық қарсылық қозғалысының мыңдаған мүшелері өздері іздеп жүрген саяси-әлеуметтік идеалдарды қазақ ақынының жырлары арқылы сипаттай бастады.

Мәскеуде Ресей президенті қызметіне үшінші мәрте кіріскен Владимир Путинге наразылық көрсету шаралары мамырдың 7-сінен бері жалғасып жатыр. Демонстранттар күн сайын акцияларын жаңа орынға ауыстырып келеді. Азаматтық қарсылық қозғалысы жетекшілерінің бірі, блогер Алексей Навальный полицияның кезекті тарату операциясынан кейін мамырдың 8-і демонстранттарды Чистые пруды тоғанының қасындағы Абай ескерткішінің маңына жиналуға шақырды.

Уақытша қамаудан шыққан беті жазған сөзбе-сөз twit-і мынадай:

Alexey Navalny ‏ @navalny
Нас с Удальцовым выпустили, едем на #чистыепруды к памятнику непонятному казаху


Twitter жазбасында Навальный ескерткіш туралы жазып отырып Абайды "түсініксіз бір қазақ" ("непонятный казах") деп сипаттайды. Навальныйдың бұл сөзі қазақстандық Twitter қолданушылардың шамына тиіп, біраз талқылауға себеп болады. Кейін блогер бұл twit-і үшін ғафу өтініп, Абай туралы біраз мәлімет қарап, хабардар болғанын жариялайды. Кейін ресейлік Путин режиміне қарсы шерушілер үшін Twitter-де "Оккупай Абай" ("Абай ескерткішінің маңын басып ал" деген мағынадағы ағылшын сөзі) деген хэштег (кілт сөз) танымалдық бойынша бірінші орынға шығады. Демонстранттар осы кілт сөз арқылы әлеуметтік желіде бір-бірімен табысып, жөн сұрасып, қолдау көрсетіп жатыр.

Қазақстандық көпшілік Twitter қолданушылары "Оккупай Абай" қозғалысының табиғаты мен мән-мағынасына үңілуден гөрі "түсініксіз қазақ" деген сөздің төңірегінде дау сабауға бейім болып шықты. "Навальныйдың надандығынан" бастап "Абайды дұрыс деңгейде насихаттай алмау" сияқты дәстүрлі тақырыптардың шеті көріне бастады. Бұл науқанға әлеуметтік желіде өздерін либерал ретінде көрсеткісі келіп жүрген кейбір қазақстандық саясаткерлер қосылды.
Чистопрудный бульварға жиналып жатқан жұрт. Мәскеу, 10 мамыр 2012 жыл
Чистопрудный бульварға жиналып жатқан жұрт. Мәскеу, 10 мамыр 2012 жыл

10 мамыр күні Абай ресейлік оппозиция үшін біріктіруші символдардың біріне айналып үлгірді. "Түсініксіз қазақтың" тарихын зерттей бастаған ресейлік азаматтық қоғам белсенділері қазақтың классик ақыны жазған жырлардан жандарына жақын ұғымдарды тапқандарын жаппай жазып жатыр. Алексей Навальныйдан бастап қарапайым Livejournal, Twitter мен Facebook қолданушыларына дейін ақын өлеңдерін Путин режимін сынайтын құдыретті метафоралы қаруға айналдырған сияқты.

Livejournal қолданушысы drug_detei былай деп жазады:

"Ұлы қазақ ақыны Абай Чистые прудыдағы ескерткіш бейнесінде отырып төңірегімде соңғы бірнеше күн осыншама адамды жыпырлатып жинап жатқан не құдырет деп таң-тамаша қалып отырған шығар. Міне, Путин мен оның сыбайластарының арқасында Абайды әлі талай адам танымақ".

Ольга Романова есімді азаматтық белсенді, Facebook қолданушысы өзінің постында:
Абай ескерткіші. Алматы, 28 сәуір 2012 жыл.
Абай ескерткіші. Алматы, 28 сәуір 2012 жыл.

“Қазақтың ұлы ақыны һәм ойшылы Абай Құнанбаев күтпеген жерден Путин мен оның тобына қарсылық көрсету қозғалысының белгісіне айналған соң оның өмірбаяны мен мұрасы жайлы білмекке бекіндім. Бекер емес екен! Нағыз біздің адам!” деп шаттанады. Ары қарай Ольга Романова Абайдың қара сөздеріндегі әлімжеттік пен қиянат туралы пайымдарын мысал етіп келтіреді.

Ал kavkaz.ge сайты Абай ескерткішінің төңірегіндегі оқиғаларды бір сөйлеммен былайша сипаттайды:

"Абай Құнанбаев ресейлік официоз элементі мен ресей-қазақстан қарым-қатынасының жансыз белгісінен совет диссиденттері тәу еткен Пушкин ескерткіші сияқты маңызды символға айналды".

Ресейлік "Дождь" телеарнасы Абайды қазіргі азаматтық белсенділермен табиғаты үндес либерал деп атады. Ол сюжетті төмендегі сілтеме арқылы көре аласыз:



Қазақ жазба әдебиетінің бастауында тұрған классик ақын Абайдың Алматыдағы ескерткіші де қазақстандық оппозиция митинг өткізген орынға айналған болатын. Бірақ жергілікті оппозиция ақынның өлеңдерін дәл ресейлік азаматтық қоғам белсенділері сияқты әлеуметтік-саяси әділдікті талап ету құралына айналдыра қоймаған еді.

Ал бүгін мыңдаған мәскеулік белсенді Абай ескерткішінің маңына түнеуге дайындалып жатыр. Twitter-де Абай өлеңдерінен шағын-шағын үзінді келтіріп, Путин режимін сынау саяси сәнге айналды десе болады. Бұл үрдіске тіпті "Московские новости" сияқты газеттер қосылды. Әлеуметтік желідегі осы құбылысты айна-қатесіз жеткізу үшін төмендегі twit-терді сол қалпында жариялап отырмыз.

Билли Новик ‏ @billy_novik
Не могу не оценить эту мудрость Абая - «Худший человек из числа людей — это человек без стремлений» #ОккупайАбай

Московские Новости ‏ @newmnru
"Только разум, наука, воля, совесть возвышают человека" #Абай Кунанбаев #ОккупайАбай

Marat Shibutov ‏ @MaratShibutov
Жалко казахская диаспора в Москве не придет к Абаю баурсаки там или лепешки с чаем ночью раздавать. Было бы хорошо #ОккупайАбай
XS
SM
MD
LG