Түркия: Ұсталған ұшақта әскери жүк болған

Түркия қонуға мәжбүр еткен Сирияның A-320 жолаушылар ұшағы. Анкара әуежайы, 10 қазан 2012 жыл.

Түркия Анкара әуежайына қонуға мәжбүр еткен Сирияның жолаушылар ұшағында әскери жүк болған деп мәлімдеді бейсенбіде түрік премьер-министрі Режеп Тайып Ердоған. Сирияның сыртқы істер министрлігі ұшақта "заңсыз қару-жарақ болған" деген айыптауды теріске шығарғаны туралы ақпаратты Сирияның мемлекеттік агенттігі таратты.

Сәрсенбі күні Мәскеуден Дамаскіге ұшып бара жатқан сириялық А-320 жолаушылар ұшағын Түркияның әскери ұшақтары Анкара әуежайына қонуға мәжбүр еткен еді. Бірнеше сағат тексерген соң Түркия ұшақтан табылған күдікті жүкті тәркілеп, ұшақты босатқанын хабарлады. 37 адамы бар ұшақ сол күні Дамаскіге ұшып кеткен.

Бұл оқиғаға байланысты Ресей үкіметі Түркиядан түсінік беруді талап еткен еді.