ENRC-ді тұтас иелену үшін шайқас жүріп жатыр

Лондон қор биржасының көрсеткіштері жазылған табло алдында тұрған адам. Лондон. Көрнекі сурет

Eurasia View-дің жазуынша Қазақстан үкіметімен бірлескен үш олигарх Лондон қор биржасына кірген ENRC компаниясының азшылық үлестерін "Қазақмыстағы" үлесін пайдаланып тұтас сатып алмақшы.
Басылым мамырдың 23-і күні жариялаған мақала (авторы - Джоанна Лиллис) ENRC компаниясының жұтылуы мүмкін екеніне арналыпты.

"ҚАЗАҚМЫСТАҒЫ" ҮЛЕС АРҚЫЛЫ САТЫП АЛУ

«Ұлыбританияда сыбайлас жемқорлықты тексеру шарасы басталған соң Қазақстанмен тығыз байланысты Eurasian Natural Resources Corporation (ENRC) компаниясы ықтиярсыз жұтылу алдында тұр» деп жазады автор.

ENRC-дің құрылтайшысы, компанияның негізін қалаған үш олигарх Александр Машкевич, Потох Шодиев және Алиджан Ибрагимовтер сол үшін Қазақстан үкіметімен күш біріктірген. Олардың тұтас алғандағы акциясы 55,33 пайызды құрайтынын ескерткен автор 11,65 пайыз қазақстандық биліктің қолында екенін айтады.

Eurasia View (EV) мамырдың 17-сі күні ENRC-дің тәуелсіз директорлар комитеті акцияны сатудан бас тартып, «ол ENRC құнын барынша кемітеді» деп мәлімдегенін жазады. Ал Лондон қор биржасының листингіне кірген компанияларды бақылайтын Жұтылу мен бірігу бойынша қадағалау комитеті (PTM - ред.) тәуелсіз директорлардың акция сату мәселесін қарастыруды маусымның 3-іне дейін ұзарту туралы өтінішін қанағаттандырыпты.

Александр Машкевич, ENRC компаниясының акционері.

Басылымның жазуынша, "PTM мамырдың 20-ы күні Лондон қор биржасында тіркелген, Қазақстанға қатысты тағы бір компания - тау-кен және металлургия саласындағы "Қазақмыстың" ресми түрде бұл процеске қатысы бар екенін мәлімдеген". Себебі Қазақстан үкіметі ENRC акциясын сатып алу үшін "Қазақмыстағы" үлесін пайдаланбақ.

Автордың дерегіне сүйенсек, «ENRC-тің әр акциясы үшін консорциум 175 пенс қолма-қол ақшамен ($2,60) және Қазақмыстың 0,231 акциясын ұсынады. Бұл сома ENRC-дің бес жыл бұрынғы құнының әлдеқайда төмен».

Басылым Лондондық The Independent газетінде осы тақырып туралы жарияланған мақаладан үзінді келтіреді: «2007 жылы ENRC акциялары 540 пенске дейін жеткен болатын. Ал кешегі ұсыныста 255 пенс туралы айтылды, оның 175 пенсі қолма-қол ақшамен, ал 80 пенсі «Қазақмыс» акциясымен сатылмақ».

ШАҒЫН ҮЛЕСКЕРЛЕР ШАРАСЫЗ

Сарапшылар ENRC-дің басына түскен қиындық (акцияның құнсыздануы мен өткен айда басталған тексеріс) компанияның Қазақстан мен Африкадағы операцияларын Ұлыбритания тексере бастаған соң туғанын айтады. EV-дің пайымдауынша, «Лондон қор биржасындағы листингіден шықса, компанияны тексеру амалдары босаңсуы мүмкін».
Кеннет Олис қызметтен кетіп бара жатып ENRC-дегі басқару жүйесін «лондондық емес, советтік» деп айыптаған еді».

«Айғай-шу кесірінен сәуірдің 23-і күні ENRC директорлар кеңесінің төрағасы Мехмет Далман орнынан кетті. Екі жыл бұрын осыған ұқсас жағдайда сэр Ричард Сайкс пен тәуелсіз директор Кеннет Олис те лауазымынан айрылған болатын. Олис қызметтен кетіп бара жатып компаниядағы басқару жүйесін «лондондық емес, советтік» деп айыптаған еді» деп жазады мақала авторы Лиллис.

«ENRC акциясы құлдырап барады. Өткен жылы компания 550 миллион АҚШ доллары шамасында салықтан тыс шығын шекті, акционерлерге дивиденттің соңғы бөлігін төлемеді» деп жазады EV.

The Financial Times газетінің сарапшылары да «консорциум қиын жағдайда» деп мәлімдеді. Олигархтар акциясын сатып алғысы келетін миноритарлық акционерлердің «ықпал ету тетіктері өте аз» дейді корпорациясы өкілі Маккуори Алан Ольша.