Қырғыз премьері наразылармен кездесті

Ыстықкөлде шеруге шыққан тұрғындар. Қырғызстан, 31 мамыр 2013 жыл.

1 маусымда қырғыз үкіметінің басшысы Жантөре Сатыбалдиев Ыстықкөл облысындағы төтенше жағдай енгізілген Жетіөгіз ауданына барды.

31 мамыр күні шерушілер мен полиция арасында қақтығыс болды. Наразы топ Құмтөр алтын кен орнын игеріп жатқан канадалық Centerra Gold компаниясының жергілікті тұрғындарға арнап экологиялық қауіпсіз инфрақұрылым, медициналық мекеме салуын талап еткен еді. Қақтығыстың кесірінен 50-ден астам адам жарақат алып, қарсылық көрсеткен 80 адам тұтқындалған.

Шеруге шыққан жұрт Centerra Gold компаниясын "салық аз төлейді, экологияны ластап жатыр" деп айыптап, кен орнын мемлекет меншігіне қайтаруды талап еткен.

Жергілікті халықпен кездескен Жантөре Сатыбалдиев үкіметтің олардың талабын қарастыратынын айтты. Қазіргі кезде қарсылық шерулері Жалал-Абад қаласында да өтіп жатыр. Онда шерушілер жергілікті әкімдік ғимаратын басып алды. Бішкекте ондаған адам үкімет үйінің алдына жиналды.