Оралда "Протон-М" апатына наразылық танытушы ұсталды

Суретші Асхат Ахмедьяровты полиция ұстап әкетіп барады. Орал, 4 шілде 2013 жыл. (YouTube видеосынан жасалған скриншот)

Орал қаласында Ресей консулдығының алдында "Протон-М" зымыранының жарылуына наразылық акциясын өткізген суретші Асхат Ахмедьяровты полиция ұстап әкетті. Наразылық акциясына куә болған белсенді Асқар Шайғұмаровтың Азаттық тілшісіне айтуынша, суретшіге "ұсақ бұзақылық жасады" деген әкімшілік айып тағылған.

Асхат Ахмедьяров акциясында Ресейдің "Протон-М" зымырандарын ұшыру арқылы империялық саясат жүргізіп отырғанына" наразылығын білдірген.

Асқар Шайғұмаровтың сөзіне қарағанда, акцияны көруге келген Мақсат Айсауытов деген азамат та ұсталып, оған да "ұсақ бұзақылық жасады" деген айып тағылған.

2 шілдеде Байқоңырдан ұшырылған ресейлік "Протон-М" зымыран тасығышы әуеге көтерілген соң бірнеше секундтан кейін жарылып кеткен. Апат болған аумаққа зымыранның улы отыны жайылғаны туралы хабарланған. Қазақстан үкіметі бұл ақпаратты жоққа шығарады.

Зымыран апатына наразылық шаралары бұған дейін Алматы мен Орал қалаларында өткен еді.