АҚШ-Ауғанстан келісімі жобасы белгілі бола бастады

Ауғанстан президенті Хамид Карзай.

АҚШ әскері Ауғанстаннан шыққаннан кейінгі екі елдің қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастығын реттейтін америка-ауған келісімінің жобасының кейбір тұстары белгілі бола бастады. Бұл туралы АҚШ конгресіндегі дереккөздеріне сілтеме жасап Associated Press агенттігі хабарлады.

АҚШ Ауғанстанда негізгі күштері шығарылғаннан кейін онда қалатын америкалық әскери қызметкерлер мен келісім-шарт негізінде жұмыс істейтін әскерилердің іс-әрекетіне толық бақылау жасағысы келеді. Бұдан өзге жобада Ауғанстанда жұмыс істейтін америкалықтарды жергілікті салықтардан босату, Ауғанстандағы АҚШ азаматтарын бұл елде сотқа тартпау, ал айып тағылған жағдайда олардың ісі АҚШ сотында қаралатыны туралы жазылған.

Бұл жеңілдіктердің қарымтасы ретінде Вашингтон америкалық әскерилердің түнгі мезгілде тексеру жүргізбеу және ауғандықтардың үйлеріне кірмеу туралы Кабулдың айтқан өтінішімен келіскен.

2014 жылы НАТО әскері шығарылғаннан кейін Ауғанстанда америкалық қанша әскери қалатыны әзірге хабарланбады. АҚШ ауған қауіпсіздік күштерін оқыту және "Әл-Қаида" содырларына қарсы операциялар жүргізуге дайындау үшін бұл елде 10 мыңға дейін сарбазын қалдырғысы келеді.

Осы аптада Ауғанстан президенті Хамид Карзай америка-ауған келісімі жобасын бүкілауғандық ақсақалдар кеңесі - "Лойя джирга" құрылтайының қарауына ұсынуы тиіс.

Кабул мен Вашингтон келісімге қатысты келіссөздерді 2012 жылдан бері жүргізіп келеді.