Теңге тағы да ақпанда девальвацияға ұшырады

Валюта бағамы. Алматы, 11 ақпан 2014 жыл.

Ұлттық банк бүгіннен бастап теңге курсын бұрынғы бағамда ұстап тұрудан бас тартып, теңгенің долларға шаққандағы бағамын 185 теңге шамасында белгіледі.
"КазТАГ" ақпарат агенттігі Қазақстан ұлттық банкінің ақпанның 11-інен бастап теңге бағамын бұрынғы деңгейінде ұстап тұру саясатынан бас тартатынын хабарлады.

Жергілікті ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, енді ұлттық банк валюталық интервенция көлемін азайтып, теңге курсын белгілеуге араласпайды.

Қазақстандағы жергілікті ресми ақпарат агенттіктері доллар айырбасының жаңа бағамы 185 теңге болатынын хабарлады.

Қазақстан қор биржасындағы (KASE) таңғы сауда бойынша бір доллар 163,9 теңге болған. Бұл дүйсенбі күнгі доллар құнынан 8,3 теңгеге жоғары. Алайда көп ұзамай доллардың құны 185,99 теңгеге дейін жеткен.

​Азаттықтың Астанадағы тілшісі Қазақстандағы екінші дәрежелі банктің бірінде долларға қатысты "сату - 180, сатып алу - 205 теңге" деп жазылғанын, кейбір банктерде доллардың құны әзірге көрсетілмегенін хабарлады. Азаттық тілшісінің айтуынша, кейбір валюта айырбастау пункттері жабық тұр.

ЖҰРТ РЕАКЦИЯСЫ

Әлеуметтік желілерде бұл жаңалыққа қатысты қарапайым интернет қолданушылардың наразы реакциясы көбейді. Жазбалардың кейбірінде олар "теңгемен жинаған депозиттерінің" шығыны туралы өкініш білдірген.

Facebook желісінде теңгемен берілетін жалақының доллар бағамымен қайта есептелмейтінін, доллармен алған қарыздарын қайтарудың енді қиындай түсетінін жазып жатқандар бар.

Біреулер "девальвациядан кейінгі инфляция басталмай тұрғанда техника мен тауарларды ескі бағамен алып үлгеруге" кеңес берген.

"ДЕВАЛЬВАЦИЯ ӨНЕРКӘСІПКЕ КЕРЕК БОЛДЫ"

Бүгін Алматыда брифинг өткізген Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов "доллардың 185 теңге бағамын ұстап тұру үшін Ұлттық банк шара қолданатынын" айтты.

Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов.

Келімбетов одан бөлек, "биылғы инфляцияны 6-8 пайыздан асырмау үшін барлық шаралар қолданылатынын", "девальвация ең алдымен өнеркәсіп (кәсіпорындарды айтады - ред.) үшін керек болғанын" мәлімдеді.

Қазақстанда 2009 жылы ақпанның 4-і күні девальвация жасалған еді. Ол жолы Ұлттық банк доллардың бағамын 117-123 теңге шегінде (+/-2%) ұстап тұрудан бас тартты.

Ұлттық банк девальвация себебін "мұнай бағасының төмендеуінен, Қазақстанның сауда-саттық әріптестері саналатын елдердегі ұлттық валюталардың құнсыздануынан" деп түсіндірген еді.

2009 жылы теңге 25 пайызға қымбаттап, доллар құны 150 теңге көлемінде бекітілді. Жұрт арасында доллар одан ары қымбаттайды деген үрей туып, ақша айырбастау пункттері алдында ел кезекке тұрған. Доллар табылмай, курс 160 теңгеге дейін көтеріліп кеткен еді.

Бұған дейін ұлттық банктің жаңа басшысы Қайрат Келімбетов қазақстандықтарды ақшасын теңгемен сақтауға шақырған еді.